11 мау, 2020 сағат 05:33

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігіне бір жыл: Армения сарапшыларының пікірі

Армения президентінің кеңесшісі, Халықаралық адами даму орталығының директоры Теван Погосян және саяси шолушы Айк Халатян Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіндегі негізгі қадамдары жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Теван Погосянның пікірінше, Қ. Тоқаевтың бір жылдық қызметінде Қазақстан өзінің эволюциялық билік сабақтастығы моделін көрсете алды. Бұл уақытта Мемлекет басшысы өзін келіссөз жүргізе алатын, барлығын тыңдап, шешім қабылдай алатын адам ретінде көрсетті. 

Теван Погосян бір жылда сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасы қабылданғанын, онда 2030 жылға дейінгі басымдықтар көрсетілгенін атап өтті. 

«Жаңа тұжырымдамада сыртқы саясаттың экономикалық құраушысын күшейтуге көңіл бөлінген, оның басты мақсаты - мемлекет мүддесін қорғау. Бұл мүдделердің арасында қауіпсіздік, энергетика, экономика компоненттері бар. Әрине, Қазақстан жаңа табыс көздері мен экономикалық мүмкіндіктерді іздейді. Бұл - тұрақты процесс, әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде барлық елде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өзекті бола түсті. Жаңа жаһандық геоэкономикалық жағдайда Қазақстан жаңа экономикалық мүмкіндіктер мен табыс көздерін нық сеніммен іздестіруде», - деді Т. Погосян. 

Өз кезегінде армян саяси шолушысы Айк Халатян Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылда айтулы табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. 

«Өткен жылдағы басты жетістіктердің бірі ретінде елдегі саяси және экономикалық тұрақтылықты сақтай отырып жүргізілген билік транзитін айтуға болады. Қазақстанның ішкі ерекшеліктерін ескерсек, бұл - өте маңызды. Елдің орналасқан аумағы да күрделі әрі проблемалық аймақ саналады, оның үстіне Орталық Азияға ықпал жүргізуде жаһандық ойыншылар күресі жүріп жатыр. Алайда, осыған қарамастан, Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Ресей, АҚШ, Қытай, ЕО және аймақтағы көрші елдермен қарым-қатынасты жоғары деңгейде сақтап, прагматикалық және көпвекторлы саясатын жалғастырып келеді», - деді Айк Халатян. 

Сонымен бірге, Айк Халатян Қазақстанның әлеуметтік мәселелерге және қоғаммен диалогқа баса көңіл бөліп отырғанын айтты. Бұл ретте саяси шолушы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын, оның аясында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Президенттің виртуалды қабылдау бөлімі құрылғанын еске салды. 

«Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігіндегі қазақстандық биліктің коронавирус инфекциясының жаңа түрімен тиімді күрес жүргізгенін айту керек. Инфекциямен тиімді күрес жүргізу - мемлекеттік аппараттың жоғары атқару тәртібінің жақсы көрсеткіші деп есептеймін», - деді А.Халатян.