20 сәу, 2017 сағат 09:50

Қасым-Жомарт Тоқаев: Нағыз исламшылдық қара киім, келте шалбар, ұзын сақал емес

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының дінге қатысты айтқан пікірін қолдап, Твиттердегі парақшасында жазба қалдырды.

«Нағыз исламшылдық бұл қара киім, келте шалбар, ұзын сақал емес, бұл - имандылық, білімділік, еңбекқорлық, кеңшілік. Елбасымыз өте дұрыс айтты», - деп жазады Сенат Төрағасы.

Еске сала кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездескен болатын. Онда Елбасы Қазақстан халқының өмірінде діннің ерекше рөл атқаратынын атап өтіп, жас ұрпақтың діни сауатсыздығына айрықша назар аударды.

«Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мәдениетінің тарихына, қазақ әйелдерінің дәстүрлі киіміне тоқталып, қара киім мен дін арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты.