06 мам, 2020 сағат 16:44

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы сайланды

Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында Кәсіподақтар федерациясының жаңа төрағасы сайланды.

Мүше кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақтар қозғалысы ардагерлерінен түскен өтінімдер негізінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы лауазымына бір кандидат – бүгінгі күнге дейін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Сатыбалды Дәулеталин ұсынылды.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты тұңғыш рет Бас кеңестің күн тәртібін қарастыру қашықтан өткізілді. Дауыс беру нәтижесінде Сатыбалды Дәулеталиннің кандидатурасы Бас кеңес мүшелерінің көпшілігінің даусымен қолдау тапты. 

Тәуелсіз Қазақстан кәсіподақтарының 28 жылдық тарихында тұңғыш рет ҚР Кәсіподақтар федерациясына кәсіподақ ортасынан шыққан өкіл басшылық етеді. Жаңа сайланған төрағаның Кәсіподақтар федерациясындағы еңбек өтілі 2015 жылдан басталады. 

5 жыл ішінде Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар қозғалысының дамуына елеулі еңбек сіңірді, еліміздің кәсіподақтар қозғалысының көшбасшылары арасында үлкен сенім мен зор құрметке ие болды.

Бұдан бөлек, күн тәртібіне сәйкес Бас кеңес мүшелері Ералы Лұқпанұлы Тоғжановты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы лауазымынан босату туралы шешім қабылдаған болатын.

Сондай-ақ, отырыс барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің мүшесі Т.Б.Қабдоловтың өкілеттігін тоқтату туралы және Бас кеңестің мүшелері - «Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіподағы» ҚБ төрайымы Е.Е.Мустафинаның, «Қазкөміркәсіподақ» көмір өндірушілер салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы М.В.Миргаязовтың өкілеттігін растау туралы мәселелер қарастырылды.