Кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жан Кособуцкий (14-0, 13КО) немістің Гамбург қаласында өтетін кеште өнер көрсететін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан кәсіпқой боксы федерациясы бұған дейін Ж.Кособуцкий WBA International чемпиондық титулы үшін чехиялық Павел Соурмен (13-3, 8КО) кездесетінін хабарлаған еді. Алайда чехиялық коронавирус жұқтырып алғандықтан ол жекпе-жекке шыға алмайтын болды.
«Бүгін ғана Жан Кособуцкийдің «Годзилла-Секрет» лақап атымен танымал нигериялық Онориоде Эхвариемемен (18-1, 17КО) айқасатыны белгілі болды. Нигериялықтың жасы 33-те. Боксшылар аса ауыр салмақтағы вакантты WBA International чемпионы титулы үшін өзара мықтыны анықтайды», - деп хабарлады федерациядан.
Нигериялық боксшы бұған дейінгі соңғы жекпе-жегін 2019 жылы 28 желтоқсанда өткізіп, аргентиналық Ариэель Бракомонтеден басым түскен. «Годзилла» оны бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберген.
Ал Жан Кособуцкий соңғы жекпе-жегін былтыр жазда өткізіп, поляк боксшысы Камил Соколовскиді (9-18-2, 3 КО) нокаутпен жеңген еді.