ҚР Бас прокуратурасы кәсіпкерлер үшін мемлекеттік органдардың тарапынан тексерулердің заңдылығын қалай анықтауға болатындығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, «Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» жүйесі қадағалау жеделдігі мен бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау үшін мемлекеттік бақылау және қадағалаудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бағдарлама бизнесті бақылаушылар тарапынан негізсіз қысымнан қорғаудың негізгі құрауыштарының бірі болып саналады.
2020 жылы осы жүйенің көмегімен прокурорлар мемлекеттік органдар заңсыз тағайындаған 403 тексерудің жолын кесті. Жүйе аясында «Qamqor» мобильді қосымшасы іске қосылған. Енді кәсіпкерлер алдағы тексерулер туралы хабарламалар ала алады. Тексеруші өз өкілеттігінен тыс шыққан жағдайда прокуратураға шағым бере алады.
Бүгінгі таңда қосымшаны 110 мыңға жуық кәсіпкер пайдаланады.