05 там, 2020 сағат 07:30

Қашықтан жұмыс істейтін ресейліктердің 60 пайыздан көбі кеңсеге оралғысы келеді

Коронавирустан қорғану үшін шектеу шараларының аясында қашықтан жұмыс істеп жүрген ресейліктердің 63 пайызы тезірек кеңсеге оралғысы келіп отыр.

Бұны IDF Eurasia (Moneyman онлайн-несиелендіру қызметі брендімен жұмыс істеп жатыр) жүргізген сауалнама көрсетті, деп хабарлайды ТАСС агенттігі. 

«Жұмыскерлердің 63 пайызы қызметтік міндетін тез арада тікелей кеңседе атқаруға ниет білдіріп отыр. Бұл арада еңбек өнімділігінің 35 пайызға төмендегені аталды (бұл туралы кадрлық қызмет және басқарушы топт өкілдері хабарлады)», - делінген материалда. 

Еңбек өнімділігінің азаюына әкелген негізгі себептер ретінде респонденттердің 33 пайызы енжарлық пен күйзелісті, 38 пайызы – адамдармен қатынастың жетіспеушілігін атаса, тағы 30 пайызы үйдегі адамдармен араласу қажеттілігі, теледидар, тұрақты түрде тамақ қабылдау сияқты алаңдататын факторлардан арыла алмай жүргенін мәлімдеді. 

Бұл ретте ІТ-мамандар сияқты кәсіптер арасында еңбек өнімділігі 17 пайызға артқан. 

Еңбек өнімділігінің төмендеуінің орнын толтыру мақсатында басшылардың 55 пайызы материалдық емес ынталандыру бойынша қосымша шараларды енгізген. Бұл ретте 22 пайызы қызметкердің жұмыс көлемін белгіленген мерзімде игере алмаған жағдайда айыппұл санкцияларын енгізді. Басшылардың 10 пайызы бейресми жағдайда оқыту және тілдесу арқылы қызметкерлерінің рухын көтермелеп, жұмысқа ынталандырады, қалған 13 пайызы жұмыс процестерінің штаттық режимі өтіп жатқанын мәлімдеген. 

Сауалнамаға экономиканың барлық басты салаларының шағын және орта бизнестің 130-дан астам компаниясынан 3400-ден астам адам қатысқан. Зерттеуге кеңсе қызметкерлері, сондай-ақ HR-мамандар мен компания басшылары қатысты.