14 ақп, 2024 сағат 13:16

Қаржы пирамидасы мен кооперативтерден алданғандар мәселесі шешілмей келеді — Нартай Аралбай


"2022 жылы 892 адам қаржылық пирамиданың құрбаны болса, 2023 жылдың тоғыз айында жәбірленушілер саны – 2079 адамды құрады". Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен отырыста депутат Нартай Аралбай қаржы пирамидасынан келіп жатқан шығындар мен залалы туралы депутаттық сұрау жолдады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, «Л-капитал» деген қаржылық ұйымның құрбаны болған қандастардың саны қазір 1451-ге жетті. Кезінде бұл қаржылық ұйымды елге танымал өнер жұлдыздары да жарнамалапты. Жапа шеккендердің біразы зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар.

"Жалпы саны 1451 жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 10 499 000 000 теңге. Осынша қаржыны «Л-Капитал»-дың  басшылары ізім-ғайым жоқ қылды деп арызданған отандастарымыз аталған іс бойынша соттың тым созбаққа салынып кеткеніне, прокуратура органдардың баяу әрекетіне наразы", - дейді депутат. 


Алайда, депутаттың айтуынша, «Л-Капитал» акционерлік қоғамына алданғандар саны 1451-ден әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі, арыз жазған ағайын  қаржылық құйтырқылықтың құрбандары санатында әскери бөлім қызметкерлері, түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері бар дейді. Бірақ олар белгілі себептермен арыз жазудан тартынып отырған көрінеді.

"2008 жылы құрылған әрекеті қаржылық пирамидаға ұқсас ұйымды Алматы қаласының Әуезов аудандық Әділет басқармасы ресми тіркеген. Алғашында елге қаржылық сауаттылықты үйрететін бизнес тренингтер өткізіп бастаған компанияға қаржылық сауатымды арттырамын деп барған халық қазір солармен соттасып жүріп, өз сауаттарын өздері арттырып алды. Аталған қаржылық ұйым бір кездері елдің күдігін жою үшін түрлі жобаларға инвестиция салдық деген құжаттарды көрсеткен, бірақ ол ақшалардың қайда кеткені де салымшыларға беймәлім", - дейді Нартай Аралбай.


Сонда соңғы ақшасын салған халыққа кім қорған болады?  Беймәлім қаржылық ұйымдар ағайынды алдап Қазақстанда қашанғы алшаң басып жүре береді?, деп сауал тастады депутат.

Ал интернет алаяқтықтың құрбаны болған қандасты қорғай алмаса, қаржылық пирамиданың қақпанын қапқан отандасты арашалай алмаса, олардың қолды болған ақшасын қайтара алмаса онда құзырлы орындардың құзыры не нәрсеге жетеді? - деп құқық қорғау органдарына да тиіп өтті. 

Депутат арызды жолдаған елдің нақты талабын жеткізді:

1. 1451 жәбірленушінің арызының негізінде басталған сот процесі неге созбаққа салынып кеткенін және Алматы қаласындағы Бостандық аудандық соты неге Айыптау актісінде нақты айғақтар жоқ деп істі прокуратураға 3 рет қайтарғанын білгісі келеді? 

2. «Л-Капиталдың» басшыларынан бөлек сол ұжымға ақша салуға адамдарды үгіттеген өнер жұлдыздарын да Заң алдында жауапқа тартуды талап етеді. 

Сондай-ақ, депутаттардың атына «Amanat Home» мен «Amanat Halyk» кооперативтеріне ақша салып не баспанасын ала алмай, не салған ақшасын қайтара алмай отырған азаматтардан арыз түскен. Әділет министрлігінің Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі «Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне» және салымшылардың ақпаратына сәйкес «Amanat Home» кооперативін сотқа беріп, шешім шығып, ол орындалмай, ақшасы кері қайтпаған 453 адам бар. Оларға келтірілген залал 1 193 231 420 теңгені құрап отыр. Бұл кезек күттірмейтін шешуді талап ететін мәселе екенін жеткізді Нартай Аралбай.

"Бас прокуратураның дерегінше, Қылмыстық кодекстің 217-бабы, яғни «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша 2022 жылы – 104 іс, ал 2023 жылдың тоғыз айында – 89 іс сотқа жіберілген. Істің саны қысқарғанмен, жапа шеккендер азаймай тұр. Себебі 2022 жылы – 892 адам қаржылық пирамиданың құрбаны болса, 2023 жылдың тоғыз айында жәбірленушілер саны – 2079 адамды құрады", - деп мәлімдеді депутат Н. Аралбай. 


Депутат мынандай үш ұсыныс білдірді: 

1. Халықтың ақшасын алып алдап соққан қаржылық ұйымдарды ауыздықтайтын ведомства аралық тұрақты комиссия керек. Себебі әр мемлекеттік орган қазіргідей өз бетінше қызмет етсе іс нәтижелі болмайды. Өйткені бір жылда қаржы пирамидаларынан келген залал 2,1 есе көбейген. 

2. 2023 жылдың мамырында Қаржылық мониторинг агенттігі 22 қаржы пирамидасын анықтап тізімін жариялады. Ол тізімді  бүгінге дейін 70 мыңнан астам адам ғана көрген. Бұл өте аз, сондықтан елді ақпараттандырудың қосымша тетіктерін табу қажет. Себебі бір жылда Қазақстанда қаржылық пирамида құрбандарының жалпы саны үш есе артқан. 

3. Былтыр 5 айда Қаржылық пирамидаға қатысы бар деген күдікпен 4000-ға жуық сайт пен аккаунтар бұғатталған, бірақ бұл да жеткіліксіз. Сондықтан күдікті сайтты бұғаттауды жедел жүзеге асыратын тетік қарастыру қажет. 

"Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз", - деп түйіндеді сөзін Н. Аралбай.