13 сәу, 2021 сағат 15:31

Кариб аралындағы жанартау атқылады: вакцина алғандар ғана эвакуациялануда

Кариб теңізіндегі Сент-Винсет аралында Ла-Суфриер жанартауы оянды. Қиындыққа тап болғандарды эвакуациялауға круиз кемелері келді, деп хабарлайды Вusiness insider.

Ла-Суфриер жанартауы маңайындағы ең қауіпті жерлерден 16 мыңнан аса адамды эвакуациялау көзделіп отыр. Олардың бір бөлігі Кариб теңізіндегі Сент-Люсия, Гренада, Барбадос және Антигуа көршілес аралдарына орналастырылады.

Алайда бірқатар аралдардың билігі өз жеріне тек коронавирусқа қарсы вакцина алғандарды ғана кіргізетінін айтып отыр, деп жазады басылым.

Адамдар круиз лайнеріне отырмас бұрын вакциналаудан өтуі керек.

Сент-Винсент аралында жанартау атқылауы 9 сәуір күні басталды. Бұл соңғы 40 жылда бірінші рет болып отыр. Дүлей апат салдарынан арал күлге оранып, көптеген үй электр жарығынсыз және сусыз қалды. Ғалымдар жанартаудың атқылауы әлі бірнеше күнге немесе аптаға созылуы мүмкін дейді.