04 мам, 2018 сағат 10:23

"Қарашаңырақ" дегеніміз не?

Қазақ ҚАРАШАҢЫРАҚ деп атасы мен анасының өле-өлгенше қастарында болып қызмет жасаған, айтқандарын екі етпей, барлық жағдайларын жасап, "жайылып жастық, иіліп төсек" болған, солардың Ата салтын, дәстүрін, ділін, дінін, тілін т.т. барлық шежіре-тарихын санасына тоқыған, бақилық боларда жанында болып, «ақ жуып, арулап жерлеудің» барлық қызметін мойынымен көтеретін сол Ата мен Әкенің шаңырағын ұстап қалған кенже ұлды айтады.

Қарашаңырақ ұлы, негізгі, киелі, байырғы, мұрагер, кәрі шаңырақ, үлкен шаңырақ, бас шаңырақ деген ұғымдарды түгел қамтиды. Мысалы, бір әкенің үш ұлы бар делік. Күндердің күнінде алдыңғы екі ұлды үйлендіріп, еншілерін бөліп беріп, бөлек отау шығарады. Ал, үшінші кенже ұл жоғарыда айтқанымдай, әке-шешесінің қолында қалып, ата мен әкеден қалған бас шаңыраққа ие болады. Ата мен әке шаңырағының мұрагері болғандықтан кенже ұлдың жасы кіші болса да, жолы үлкен болады. Сол шаңырақтан енші алып, отау тігіп бөлек шыққан ұл-қыздары сәлем беріп, төркіндеп, амал айында көрісіп, ата-аналарының шаңырағына келетін болған. Ата-аналары қайтыс болғаннан кейінде, кенже ұлды Атамның шаңырағы деп қадір тұтып, киелі деп санаған.

Қapa шaңыpaқ – үлкен, қaдіpлі, қacтеpлі, қacиетті. Қapa шaңыpaқ – ел қaдіpлейтін не әкенің, не aтaның, не бaбaның дәcтүp бойыншa кенженің еншіcіне тиген үлкен үйі. (Толығырақ: https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/asyil_soz/34475).

«Шаңырақ - киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі. Оның пішіні күмбез тәріздес, шаңырақ уықтардың ұштарын біріктіріп ұстап тұрады. Киіз үйдің үстіндегі дөңгелек шеңбер осылай аталатыны белгілі. «Ортада темір пеш, тұрбасы шаңырақтан асып шығып жатыр» (Ғ. Сланов, Замана.)

Қазақ халқы “шаңырақ” деген сөзге көптеген ұғымдарды сыйғызады. Мысалы “Пәленшекемнiң ұрпағы пәлен шаңыраққа жетiптi” деп, бiр ауылдың, не бiр рудың есiмiн жобалап отыратын болған. Шаңырақ киiз үйдiң күмбездiк, жартышарлық ұлттық, көркемдік қасиетiн сақтап тұрады. Үйге жарық түсiрiп, үйге жағылған от түтiнiн ауаға шығуын қамтамасыз етедi. Жалпы “Қара шаңырақ” атауы сол киiз үйге деген ежелгiлiк, ескiлiк көз қарас тудыруымен қатар, қасиеттiлiк күш-қуат та бере алатын сөз. Ол сөз сол үй иелерiнiң тамырларының терең, ру басы бабалар тарихымен астасып жатқандығының және олардың ата дәстүрiн жалғастырып келе жатқан адамдар екенiнiң белгiсi, дәлелi секiлдi болып тұрады. “Қара шаңырық” атауы бар үй сол рудың және сол румен қарым-қатынастағы басқалардың да құрмет тұтары, тағзым етерi болып саналады. Қара шаңырақ иесi көп жағдайда аты аталып, марапатталып жатады. Шетте жүрген, қонысы басқа сол қара шаңырақ ұрпақтары мен жек-жаттары қара шаңыраққа сәлем бере келiп, арнайы сыбағалар әкеледi. Жасы үлкендерi еншiлерiн алып бөлек үй болып кеткенде әкенiң кенжесi (сүткенжесi) әке қолында қарашаңырақ иесi боп қалады. Ата-ананы күтiп-бағу кенже баланың мiндетi. Бұл үй еншi алып кеткендерге үлкен үй боп есетеледi. (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).

Түсініктеме: Шаңырақ- ортасында «кірес» таңбасы бар дөңгелек шеңбер ежелгі Гүндердің (Хундардың) бас таңбасы. Кәрі Маңғыстауда формасы шаңырақтан аумайтын диаметрі он метрлік осындай алып таңба бейнесіндегі ұлутастан қаланған құрылыстар бірнеше жерде күні бүгінде де бар. Кірес таңбасы Маңғыстаудың ежелгі қорымдарында көптеп кездеседі.

Бұл Қазақ атамымыздың қарапайым ғана отбасылық қағидасы. Ақиқатында, Қазақтың ұлттық (мемлекеттік) құрылым қағидасының да негізі осы. Біз мұны Адайдың қазақтың рулық шежіре жүйесінің ең соңында тұрғанынан да, адайлардың ас-садақаларында Аға баласы деп, өзге рулардың өкілдеріне «аттарын атап, түстерін түстеп» арнайы шапан жабатындарынан да  айқын көреміз.

Қазақтың рулық шежіресі бойынша да қарт Қазақтың үш ұлы бар. Үлкені Ұлы Жүз – Ағарыс және алғашқы енші алып, отау тігіп, бөлек шыққан үйсің деп, аты айтып тұрғандай «Үйсін» тайпасының маңына топтасқан. Ортаншысы Орта жүз – Жанарыс, олар Арғын тайпасының, кенжесі Кіші Жүз – Бегарыс, Алшындардың маңына топтасқан.

Өздеріңіз көріп отырғандай, қазақтың ұлттық құрылымы, қазақтың отбасылық құрылымының үлкейтілген макеті.

Атамыз Қазақтың «Тектіден текті туар», «Жақсы да, жаман да тегіне тартады», «Қанына тартпағанның қары сынсын», “Тегін білмеген тексіз, жеті атасын білмеген жетесіз”, “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер” деген сияқты көптеген мақалдары және Мұхамбет (ғ.а.с.) пайғамбарымыздың «Өзіңнің шыққан тегіңді біл, Бұл – туыстардың арасын жақындастыра түседі» деген хадисі бар. Бұл мақалдар мен пайғамбар өсиетінің бізге айтып тұрғаны, бірінші тегіңді біл дейді. Ал, тек дегеніміз бұдан сан ғасырлар бұрын ғұмыр кешкен арғы ата-бабаларымыз. Ал, жеті ата өзіңнен бастап санағандағы тікелей жеті атаң. Мұны әрбір қазақ баласы жатқа біліп әрқашанда дұғасын жолдап отырулары керек. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, сіздер де, мен де бұдан 70 000 жыл (шежірелерде солай жазылған) бұрынғы сонау түп атамыз Адам Ата мен Ауа анадан бері үзіліп қалмай жалғасып келеміз. Үзіліп қалсақ, сіздер де, мен де бұл дүниеге келіп, сіздермен бұлайша сұхбаттасып отырмаған болар едік. Сондықтан тікелей жеті ата ру ішіне кірмейді, ол бөлек аталады. Ал ру аты сол сан мыңдаған жылдар бұрынғы аталарымыздың ішіндегі еліне жасаған жақсылығы, даналығы, батырлығы, әулиелігі т.т. сияқты ұрпағына үлгі болып, ру атын иемденген аталарымыз.Ол аталарымыздың әрқайсысының аралары сан ғасырларға кетуі мүмкін. Ол сол соңғы ру атын иемденген аталарымыздан кейінгі, еліне жасаған жақсылығымен тағы да ұрпағы мақтанып, ру атын тағы да иемденген атамыздың дүниеге келуіне байланысты. Бұлай болған жағдайда соңғы Ру атын иемденген атамыз, соңғы атамыздың соңына тіркеліп айтылады. Арты осылай жалғасып кете береді. Қазақта ру атын иемденуден артық атақ, мадақ, абырой, дәреже жоқ. Оны қазіргі «Халық батыры» атағымен ғана шамалы салыстыруға болар. Бірақ, бұл атақ адамның өзімен бірге келіп, өзімен бірге кетеді. Ал ру атын иемденген атамыздың аты ұрпақтары үшін мәңгі жасайды. Ол есім сол атаның ұрпағы жазатайым (ешкімнің басына бермесін) түгел жоқ болып кетпесе, мәңгі өлмейді. Атам қазақтың рулық шежіре жасау жүйесі осылай оқылады.

Түсініктеме: Аталарымыз асыл ұлдарына ру атын еншілеумен қатар оларды ұранға да шығарып отырған. Мысалы, қазақ халқы ең алғаш рет Алаш батырды бүкіл қазақ болып ұранға шығарған. Қазақ халқының күні бүгінге дейін «Алаш ұранды қазақпыз» дейтіндері осыдан. Біз бұл қағидадан кейбіреулер жазып жүргендей Қазақ Алаштың баласы емес, керісінше Алаш Қазақтың баласы екенін көреміз.

Рулық жүйеде еш жалғандық болмайды. Себебі, рулық шежірені жазатын бір адам емес, жазатындар сол ру атын иемденген Атамыздың бүкіл ұрпақтары және солардың бүкіл замандастары. Ал, тарих бір адаммен жазылады. Сондықтан кей жағдайда тарихтан шындық іздеу, қараңғы бөлмеден қара мысықты іздегенмен бірдей болады.

Қазақтың «Руың кім?» дегені, ол сенің ел танитын атаңыз кім дегені. Қысқасы, руымыздың аты, өмірден өткен көптеген аталарымыздың ішіндегі ең танымал атамыздың аты.

Қазақтың шежіре дерегі бойынша, бүкіл әлем елдерінің қарашаңырағы Қазақта, Қазақтың қарашаңырағы Кіші Жүз-Бекарыс-Алшында, Алшынның қарашаңырағы-он екі Ата Байұлдарында, Байұлдарының қарашаңырағы-Адайда, Адайдың қарашаңырағы-Мұңалда.Сондықтан олар «Мұңал ошақ» деп аталған.  Бұл үлгі күні бүгінге дейін сақталған.

Түсініктеме: Әлем билеушісі әйгілі Шыңғыс қаған шыққан рудың аты осы Мұңал. Сарырқадағы тауға Шыңғыс тауы, осы таудың ең биік шыңын Мұңал шыңы және Шыңғысхан құрған қағанаттың астанасы Қара-қорым (құрым)  деп аталу себебі осы. Енді осының үстіне Шыңғыс хан құрған қағанаттың таңбасы Тіл («Алтан Тобыш» деген кітапта оны «Қас би таңба» деп атаған, бүгінгі Каспий теңізі атауының шығу тегі осы)ұраны Алаш, ақшасы теңге болып, онда «ҚАЗАҚ» деген жазба болғанын қосып қойсаңыз мүлдем жаңылыспайсыз.

Бұл жүйенің қазақтың қарапайым отбасында қандай болуға тиіс екендігін «Үркер» журналының редакторы С.Қажыкеннің «Кенже ұл-қарашаңырақ иесі» атты мақалынан табамыз:

«Ата-әжесімен, әке-шешені асырау, қартайған шағында бағып-қағып, қамқор болу осы кенже ұлдың міндеті болып табылады.Әкесі бар кезінде немесе ол қайтыс болғаннан кейін де осы үй, яғни «қарашаңырақ» би, батыр, әулие т.б. сыйлы кісілердің түсетін үйі болса, сол ауылдың адамдары алыс сапарға аттанар алдында немесе алыстан адам келсе, сол үйден ырым қылып дәм татады. Атақты адамдардың қарашаңырағын бірнеше жүз жыл өтсе де ел-жұрт есінен шығармай айтып, оны тәрбие мектебі ретінде пайдаланған, үлгі қылған. Мысалы, Абылай ханның қарашаңырағы Уәліге, одан Шыңғысқа қалған. Атақты Шақшақ Жәнібектің қарашаңырағы кенже ұлы Тоқтамысқа, одан кейін батырдың оныншы ұрпағы Мыңбай ұлы Ғазизге қалған.

Бүгінде осы дәстүр қандай деңгейде? Бүгінгі кенже бала өз ұясының түтінін түзу ұшырып, іргесін берік ұстай алуда ма?

Кенже ұл – қарашаңырақ иесі.Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл – құрған отбасының тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз. Қазақ шаңырағында әуелі әке, сосын ана осы отбасының ұстазы болмақ. Ата-анасы отбасында имандылыққа тәрбиелесе, ол бала тіл алғыш, адал, үлкен-кішіге қамқор болып өседі. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі сыйлауынан, қадірлеуінен көрініс табады.

Қазақ танымында отау болып, үй тігуді «шаңырақ көтеру» дейміз. Баршамызға белгілі «шаңырақ» сөзі «үй, отбасы» деген мағынаны білдіреді. Халқымыздың ұғымында шаңыраққа ие болу кез келгенге бұйырмас бақыт. Ата-анасының ақ батасын алып, сол шаңырақтың түтінін түзу түтетуге бар ықыласымен тырысады.

Қашанда кенже ұл ерекше мейіріммен өседі. Себебі бала күнінен «шаңырақтың иесісің» деген ұғымды құлағына құйып өсіреді. Сондықтан да атадан қалған ұяның жылылығын және отбасының ынтымағын сақтауға мүдделі екенін бірте-бірте сезініп ержетеді.

Әрбір ата-ана әр баласын саналы болса екен деп тілейді. Оның ішінде кенже балаға ерекше ықыласпен қарайды. Олай болса отбасының іргесінің берік болуы тікелей кенже балаға байланысты. Қарашаңырақ дегеніміз – ата-ананың үйі. Әдетте, қарашаңыраққа отбасының балалары, туыстары жиналады. Кенже баланың үлкен бауырлары қамқорлықпен қарайды. Кенже келіннің де атқарар міндеті зор. Шаңырақ пен ондағы әрбір құндылық кенже баланың арқасында сақталып, ата-анаға деген құрмет сезімін жылдар бойы жалғастыра береді.

Бүгінгі алмағайып заманда тұрмыс кешу, заманның толқынына жауап беру кімге болса да оңай соқпасы анық. Десек те, ата-анаға деген құрмет, шаңыраққа деген махаббат алмағайып заманның күн кешуімен өлшенбесе керек. Ешбір зәулім сарайдың өзі шаңырақты алмастыра алмайды, билігі зор тұлға ешқашанда туыс болмақ емес. Туысты қызметке айырбастап, шаңырақтың қасиетін еш жерден сатып ала алмайсыз. Кенже ұлға жүктелер міндеттің салмағы сондықтан да ауыр.

Қарашаңырақ – ұрпақтар өрбіген қуатты ұя саналады. Кең мағынада бүкіл ұлт тұтас ірге жайған жер де қарашаңырақ. Сондықтан қазақ баласы атасы көтерген қарашаңырақты аялай қастерлеп, оның қасиетін өзінің ар-намысындай сезінеді.

Қашанда әке-шеше отырған үй аяулы, ардақты, ыстық. Ұрпақтар соған бас иеді. Оны құтты орынға теңейді. «Ордаға керек – отауға да керек» деген аталар өсиеті негізінде әр ұрпақ өзінің шаңырағын ата-салты бойынша жоғары көтеруге және өзі абыройлы, парасатты болуға тырысады. Өзінің де ұрпағын өсіріп, өркенін жайдыруды мұрат тұтады. Сондықтан қарашаңырақ – қазақ арманының мақсат-мүддесінің бір шоқтығы.

Әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан басталады. Отбасы жұртты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы. Ұрпақ аралық тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя. Сондықтан да отбасы барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірімділік пен адамгершілік ұясында адам баласының өмірге келгеннен кейінгі бар тіршілігі өтеді.

Шариғатта «Балалар – ата-аналар қолына берілген аяулы аманат» делінген.

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Қазақ отбасының ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Сондықтан да шаңыраққа ие болудың өзі – шексіз абырой.

Түтіні бөлектің  тәрбиесі бөлек. Соңғы кезде қасиетті «қарашаңырақ» деген сөзге сәл де болса сызат түскендей ме, қалай? Өйткені бұрынырақта ауыл ұлттың алтын бесігі саналып, қаланы асыраса, қазіргі күні көптеген елді мекендерден халық үдере қалаға көшуде. Бір кездері ұл-қызы дүниеге келген, өсіп-өнген киелі құт мекенді тастап кетушілердің қатары көбеюде» (http://mazhab.kz/kk/maqalalar/otbasy/kenje-ul-qarashanyraq-iesi-2718/).

Енді шаңырақтың алдында тұрған Қара сөзінің этногенезисіне келсек, Қараныңсөз түбірі Ар, ары қарай Қа, Қар, Ра, Ара, Қара болып шығады.

Ар (Ар-иман) – әрбір адам баласының қорғауға тиісті ары (ар-иманы, Атамекен туған жері, отбасы және Отаны). Міне осыларды қорғауға тиіспін деген сенімің, яғни иманың болса Арыңның болғаны, болмаса Арсызсың. Ежелде арсыздар адам қатарына саналмаған, қазірде де саналмайды. Атам Қазақтың кейбір жетесіздерге ренжігенде  «Өй, Арсыз!» деп ұрысатыны осыдан. Ежелгі қазақтардың кезінде түгелдей, Бесқала қазақтарының күні бүгінде де «Арма! (Арың бар ма?)» деп амандасатыны, Сәлем алушының «Бар бол (Арың бар болғай!)» деп жауап қайтаратыны осыдан. 

Осылай амандасу салты «Алпамыс батыр» жырында, Алпамыс батырдың кездескендерге бірнеше рет «Арма!» деп, деп амандасқаны суреттеледі.

Қа – сөз басында тұр. Осы буыннан Қар, Қара, Қарқара, Қазақ, Қарт Қазақ, Қария, Қазақтың Қара баласы деген сөздер бар.

Қар –  Қар мен Ақ синоним. Аппақ қарды - Ақша Қар дейтініміз осыдан. Әдемі қартайса Қария, керісінше болса шал (шала, шалапай, шалажансар, шалшық) дейтініміз осыдан.

Ра – Күн Құдайы, Хакім Абайдың «Алланың өзі де Рас, сөзі де Рас» дейтіні осы. Рас – шындық, яғни ақиқат.

Ара – Ақ пен Қараның ара жігін ажыратып тұр. Аралассаң – қайта қосып тұр. Сөз түсінбей, Ақ пен Қараны ажыратуға дәрменің жетпесе Ара болып шағып тұр. Қараның Аққа қарама-қарсы мағынада қолданылатыны осыдан.

«Қарашаңырақ» дегеніміздегі сөз басында тұрған Қара сөзінің толық мағынасы осы.

Жоғарыда көрсетілгендерден шығатын қорытынды: Қазақтың Ата салты бойынша бүкіл әлем елдерінің қарашаңырағы Қазақта, Қазақтың қарашаңырағы Кіші Жүз-Бекарыс-Алшында, Алшынның қарашаңырағы-он екі Ата Байұлында, Байұлының қарашаңырағы-Адайда, Адайдың қарашаңырағы-Мұңалда. Ал, қазақ отбасыларының қарашаңырағы кенже ұлда.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім