25 шіл, 2020 сағат 08:38

Карантинге байланысты әскери оқу орындарына қабылдау тәртібі өзгерді

Қорғаныс министрлігі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты әскери оқу орындарына талапкерлерді қашықтан қабылдау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әскери институтқа түсу үшін 27 шілде мен 11 тамызда, Кадет корпусына қабылдану үшін 1 және 20 тамыз аралығында қабылдау комиссиялары талапкерлердің ҰБТ тапсыру, психологиялық тестілеу нәтижелері және жергілікті әскери басқару органдарының медициналық комиссияларының қорытындылары, сондай-ақ білім туралы құжатта көрсетілген дене шынықтыру даярлығы бойынша жасалған жиынтық рейтинг кестесі негізінде кандидаттарды қабылдайды. 

Сонымен қатар, «Жас ұлан» республикалық мектебіне қабылдау математика, оқыту тілі және дене шынықтыру бойынша негізгі орта білімді бітіргені туралы куәлікте көрсетілген бағалар, ата-аналар берген денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама негізінде 2020 жылдың 3-7 тамыз аралығында түсушілердің қатысуынсыз өтеді. 

Жергілікті әскери басқару органдарында әскерге шақыру комиссияларымен талапкерлерді медициналық куәландыру, кәсіби-психологиялық тестілеу, оқу орындарына құжаттарды жинау және ұсыну ұйымдастырылды.

Іріктеу аяқталғаны, қабылдау комиссиясының шешімдері және іріктелген кандидаттардың келу мерзімдері туралы ақпаратты көрсетілген сайттарда танысуға болады:

- Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты – viires.kz

- Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты – visvo.mil.kz

- Құрлық әскерлерінің Әскери институты: 8 (727) 290-16-09, 8 (727) 290-16-41

- Қорғаныс министрлігі Кадет корпусының байланыс нөмірі: 
8 (71636) 4-15-20, 8-776-171-09-79, 8-700-983-25-99, 8-747-354-14-13.

- «Жас ұлан» РМ Нұр-Сұлтан – zhasulan.mil.kz

- «Жас Ұлан» РМ Алматы – 8 (7273) 09-73-53, 8-778-421-75-12.

- «Жас Ұлан» РМ Шымкент – miled.kz

- «Жас ұлан» РМ Қарағанды – zhasulan-krg.kz

Іріктеуден сәтті өткен талапкерлер оқу орнына келер алдында CОVID-19-ға тест тапсырып, нәтижесін көрсетуі қажет. Карантин шараларына сәйкес олар екі апта оқшауланады. 

COVID-19-ға тапсырған тест оң нәтиже көрсеткен талапкерлер толық сауыққаннан кейін қайта тапсырылған медициналық тест нәтижесімен оқу орнына келе алады.