08 мау, 2021 сағат 18:20

Қарақалпақ газетінің бас редакторы мен заңгері әнші Жұлдыз Османованы сотқа берді


Қарақалпақ тілінде шығатын "Эл хизматинда" газетінің бас редакторы Сұлтонбек Зиёев пен басылым заңгері Даврон Тожимуродов Өзбекстан мен Қарақалпақстанның халық әртісі Жұлдыз Османованы сотқа берді.

Сотқа арызданушылар "қарақалпақтар - өзбек шапанының көлеңкесінде өмір сүріп жүрген халық" деген өзбек әншісінен кешірім сұрауды талап етіп отыр. Османова мұны 2020 жылы ZO'R TV телеарнасының "Сиз билан" бағдарламасында айтқан.

Газет заңгері Даврон Тожимуродовтың айтуынша, арызды Ташкент қаласының Мирзо-Ұлықбек ауданаралық соты қабылдап алған. Арызда Жұлдыз Османова "қарақалпақ халқынан кешірім сұрауы тиіс" деген талап бар.

Сот хатшысы газет арызы тіркелгенін, бірақ соттың қашан басталатыны әзірге белгісіз екенін айтты.

"Эл хизматинда" газетінің бас редакторы Сұлтонбек Зиёевтің хабарлауынша, сотқа арыздану үшін бес ай уақыт кеткен.

Азаттық радиосының Өзбек қызметінің тілшісі "Сиз билан" бағдарламасын қарап шықты. Онда Жұлдық Османова былай деген:

"Бұл ел неге Қарақалпақстан деп аталады деп сұрауыңыз мүмкін. Онда өмір сүру оңай емес. Өте ауыр. Бірақ бұл халық Өзбекстан шапанының ішінде құшақтаса өмір сүріп жатыр. Біз қарақалпақ халқы үшін жауаптымыз. Алланың, басқа халықтардың алдында. Өйткені олар біздің бір бөлшегіміз. Аралдың жартысы құрғап қалды. Олардың тұрмысы ауыр, балық аулап өмір сүреді. Оларда қала бар (кішкентай қала екенін саусағымен көрсетеді). Бірақ бізде шалғайдағы мекендерде киізүйде тұратын халық бар" деген Жұлдыз Османова.

Ал "Эл хизматинда" газетінің бас редакторы мен заңгері әнші Жұлдыз Османова "қарақалпақ халқына тіл тигізді" деп отыр.

Қарақалпақстан - Өзбекстан құрамындағы парламенттік басқаруы бар егемен республика.