09 ақп, 2021 сағат 20:09

Қарағандыдағы фармацевтика кешенінде «Спутник V» вакцинасы қалай әзірленеді?

Қарағанды фармацевтикалық кешенінде (ҚФК) COVID-19 қарсы әзірленген «Спутник V» вакцинасы қатаң бақылаудан өткізіледі. Мекеменің бас директоры Сергей Барон осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚФК базасында вакцина өндіру туралы шешім ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы және Ресейдің Тікелей инвестициялар қорының (РТИҚ) қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарға сапары және инспекциялары нәтижесінде қабылданды. Сарапшылардың деректері бойынша ҚФК ресейлік субстанциядан дайын нысанды өндіруге анағұрлым дайын болып шықты. РТИҚ (Ресей) мамандары өткізген техникалық аудит өндірістік алаңның коронавирусқа қарсы вакцинаның дайын түрін шығару үшін барлық талаптарға сәйкес келетінін растады. 

Бүгінгі таңда Қарағанды фармацевтикалық кешені (ҚФК) халықаралық GMP стандартына сәйкес биотехнологиялық препараттарды өндіруге мамандандырылған, барлық қажетті инфрақұрылымға ие, жетекші әлемдік өндірушілердің технологиялық және зертханалық жабдықтарымен жабдықталған Қазақстандағы алғашқы және әзірге жалғыз фармацевтикалық кәсіпорын.

Ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіруші ҚФК-да вакцина өндірісінің лицензиялары бар және ноу-хау иесі РТИҚ-мен серіктестік қарым-қатынас орнатқан. 

«Біз РТИҚ жеткізетін шикізаттан (фармацевтикалық субстанция) дайын вакцина шығарамыз. ҚФК меншікті зертханасы және вакцина жасаушы - Мәскеудегі Гамалея атындағы Ғылыми-зерттеу институтының зертханасы сапаны бақылауды жүзеге асырады. Қатаң бақылаудан өткеннен кейін вакцина ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай дистрибьюторына жеткізіледі. Препаратты әрі қарай алып жүру - фармакологиялық қадағалау біздің міндетімізге кіреді. Оның ішінде ұнамсыз құбылыстарды мониторингілеу, пациенттердің өтініші мен шағымын жинау, талдау кіреді.

Қарағанды фармацевтикалық кешенінде COVID-19 қарсы вакцина өндіру – Қазақстан халқы үшін басым мәнге ие стратегиялық маңызды әлеуметтік жоба. Бұл өндіріс жоғары табысты емес, себебі сату бағасы тек өндіріс шығындарын жабады. Алайда, вакцина өндірісінің басты мақсаты коммерциялық пайда көру болмағандықтан, вакцинаны ерекше жағдайларда, яғни пайданы ескерусіз шығару туралы шешім қабылданды», - деп мәлімдеді «Қарағанды фармацевтикалық кешенінің» бас директоры Сергей Барон.

Жоба мемлекетаралық келісімдердің нәтижесінде жүзеге асырылды. Оған екі мемлекет үкіметтері мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тікелей жетекшілік етеді. ҚР ДСМ мен РТИҚ арасында ресейлік вакцинаның 2 млн дозасын жеткізу туралы меморандумға қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, 2021 жылдың маусымына дейін вакцинаның қажетті көлемін өндіру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта ҚР ДСМ мен ҚФК арасында тиісті келісім жасасу бойынша жұмыс жүргізілуде. 

ҚФК – бұл жаңа фармацевтикалық технологияларға сәйкес жеке инвестициялар үшін жабдықталған Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны. Инвесторлар тарапынан алдыңғы қатарлы фармацевтикалық кешенді жабдықтауға 50 миллион доллардан астам қаржы жұмсалды. Мақсаты - қазақстандық пациенттерді емдеу үшін өмірлік маңызды дәрілік препараттар өндірісін оқшаулау, сонымен қатар, бұл үшін жетекші ресейлік ғылыми зертханалардың құзыреті тартылған.

ҚФК жыл сайын жеткізілетін дәрі-дәрмектердің тізбесін кеңейте және іс жүзінде біздің еліміздің тұрғындары үшін стратегиялық маңызды бағытта импортты алмастыру бағдарламасын жүзеге асыра отырып өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қажеттіліктері үшін жеткізуді іске асырады. ҚФК онкология, гемофилия, гепатит, қант диабеті және басқалары сияқты әлеуметтік маңызы бар күрделі ауруларды емдеуге арналған заманауи препараттарды шығарады. Осы орайда, 2020 жылдың соңына қарай фармацевтикалық кешен соңғы бір жылдың өзінде 20-ға жуық жаңа препаратты шығаруды игеріп, 60 түрлі дәріні өндірді. 

Қазақстанда бұрын өндірілмеген бірқатар дәрі-дәрмектер желісін кеңейту және импортты алмастыру үздіксіз жалғасуда. Препараттар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай мемлекеттік дистрибьюторы «СҚ-Фармация» компаниясына жеткізіледі. Бұрын шетелдік өндірушілер жеткізген препараттар бағасының төмендеуінен еліміздің бюджетінен осы мақсаттарға жыл сайын 1 миллиард теңгеден астам қаражат үнемдейді. 

Сонымен қатар, ҚФК Қарағанды облысындағы ең ірі салық төлеушілер мен жұмыс берушілердің бірі, кәсіпорында 200 жұмыс орны ұйымдастырылған. ҚФК-да жоғары технологиялық фармацевтикалық өнімдерді өндіру саласында білім мен тәжірибеге ие жоғары санатты мамандар тобы (ҚФК мамандарының 99%-ы - ҚР азаматтары) жиналған.