Йемен, Судан, Эфиопияның кей аудандарында, Сомалидің солтүстігінде шөл шегірткесі ауыл шаруашылығына қауіп төндіріп тұр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мұның арты ашаршылыққа әкеп соқтыруы мүмкін деп дабыл қағуда, деп хабарлайды БҰҰ сайты.
Толассыз жауған нөсер жағдайды одан әрі қиындатып жіберді. Әсіресе Йеменнің жағалаудағы аудандары мен Судан шегірткенің ауыр зардабын тартып отыр. Әлемдегі ең ауқымды гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған Йемендегі жағдай күрт нашарлап кеткен.
Нөсерден кейін барынша көбейіп алған шегіртке егіннің түгін қалдырмауы мүмкін.
Егер өңірде шұғыл шаралар қарастырылмаса, шегірткелер күзде Йеменнен Африка мүйісіне, жыл аяғына дейін Кенияға жетеді. Кенияда соңғы рет 2007 жылы шегіртке шеруі болғанда, авиацияны іске қосуға тура келген.
Айта кетейік, бунақденелінің сан миллиондаған шегірткеден тұратын үйірі күніне 150 шақырымға дейін ұшып бара алады.