Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы ретінде еліміздің әр өңірінен 27 адам анықталды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығы Cерік Шалабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бас прокуратура қаңтар оқиғаларына байланысты қылмыстық істердің тергеу барысы туралы мәліметтерді жариялап жатыр. Белгілі болғандай, сол қайғылы күндері Алматы, Шымкент қалаларымен Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қирату, мемлекеттік объектілері өртеу, мүлікті жою және терроризм актілері болды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, прокуратура органдарының қадағалауында 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру бар.
«Бүгінгі күні еліміздің әр өңірінде осы қылмыстардың ұйымдастырушысы ретінде 27 адам анықталды. Олардың қатарында Алматы әуежайына шабуыл жасап, «Көктөбе» телемұнарасын басып алуға әрекет жасаған тұлғалар да бар», - деді Серік Шалабаев.