Мексикалық боксшы Сауль Альварестің бапкері Эдди Рейносо «Канелоның» келесі жылдың мамырындағы айқасқа шығуы ықтимал қарсыластардың тізіміне қазақстандық әлем чемпионы Геннадий Головкинді енгізді. Бұл туралы The Athletic беделді инсайдері Лэнс Пагмайр Twitter-дегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sports.kz сайты.
«Эдди Рейносо «Канелоның» мамырда өтетін айқасына бірнеше боксшының қарсылас ретінде қарастырылып жатқанын айтты. Бұл тізімге Геннадий Головкинді қосқан, сондай-ақ олардың арасында Джермалл Чарло мен Билли Джо Сондерс бар. Бұдан бөлек, ол «Канело» жеңіске жетіп жатса, Бетербиевпен айқасуға қарсы еместігін мәлім етті», - деп жазды Пагмайр.
Еске салайық, 2 қарашада «Канело» ресейлік Сергей Ковалевпен кездеседі.
Бұдан бұрын Головкиннің рингке келесі жылдың ақпанында оралатыны жоспарланып отырғаны хабарланды. Алайда, «Канеломен» үшінші жекпе-жек ұйымдастырылатын болса, ол мамырға дейін күтуге дайын.