19 қар, 2016 сағат 12:08

Қандастар немесе бүгінгі үш анық

Менің елде тұратын Хұддыси деген чечен жолдасым бар еді. Соның өз аузынан естіген бір әңгіме есіме түсіп отыр.

Бірде осы Хұддыси кеш әлетінде өзі қызмет істейтін кеңсесінен үйіне қарай келе жатып, орталық базарды қоршап тұрған биік кесек дуалдың жанынан өте бергенде, анадай жерден:
– Әй, әй, қайда бара жатырсың? Мына бұзықтардан мені құтқара кетпеймісің?! – деген ашулы дауысты естиді. Сонда бұл бұның ана тілінде – чеченше дауыс шыққан жаққа бұрылып жалт қараса, биік дуалдың бір бұрышында еңгезердей екі сары орыстың ортасында екі қолы ербендеп, кіріптар халге түсіп тұрған осындағы тұтынушылар одағының экспедиторын – өзінің ескі танысын көреді.

Хұддыси сол арада сәл бөгеліңкіреп, ойда жоқта екі зор­лық­шының  қыспағына  түсіп қалған жерлесіне бірден болыса кетудің қисынын таппай, екіұдай халді басынан кешірсе керек. Бұның бірден ілгері ұмтылмай, кібіртіктей беруінің себептері де жоқ емес екен. Өйткені, әлгі экспедитордың ұлты чечен болғанымен, алған қатыны мұсылман емес көрінеді. Содан да шығар, ол неме осындағы азғантай қандастарының бас қосуларынан, құрапаттарынан бойын аулақ салып, бөлектеніп жүретінге ұқсайды. Ал, мұның өзі чечендер арасында сирек ұшырасатын, жат мінезге жатады. Жалпы алғанда қайда жүрсе де тұтастығынан, ынтымақ-бірлігінен айрылмайтын іргесі берік ха­лықтың ішінде әлгі экспедитор секілді бірлі-жарым шіріген жұмыртқаны өзге нәсілдестері секілді ерекше ұнатпайтын Хұддысидің бәрібір ұзаққа шыдамы жетпей, биік дуалдың тасасында қолдарына түскен сорлының жағасына жармасып, тал түсте тонауға кіріскен кісәпірлердің қасына аяңдап барып, араға түсуге мәжбүр болады.

– Әй, жігіттер, бұларың қалай? Екеуің тұрып біреуге жабылғандарың ұят емес пе?– деп Хұддыси әуелі екі зорлықшыны мәмілеге келтіргісі келеді емес пе?

Сөйтсе, экспедитордың қалтасын­дағы азғантай ақшаны қағып алған бұзықтар, енді, оның аяғына киген су жаңа жыл­тырақ туфлиін шешіндіріп алудың әрекетіне кіріскен екен. Бұзықтар қас­тарына барған бұған пысқырып та қарамай, орысша боратып боқтап жібереді.

– Жаның барда, қайқай! Әйтпесе таяқ жейсің! – деп доқ көрсетеді.

Хұддыси болса, әрине, капуста мен картошканы қорек етіп жүрген ішегі жіңішке әлсіздердің қатарынан емес, қазақ арасында өсіп қазы мен қартаға тойып үйренген толық, жуан жігіт, аяғы келсаптай, жұдырығы тоқпақтай томырықтар әулетінен шыққан.

– Сонда қаным қайнап басыма шықты, – дейді Хұддыси. – Әрі қарай үгі­тімді тез доғардым да, астамсыған ақы­мақтарды екі бұттарының арасынан бір-бірлеп теуіп, шалқаларынан түсірдім. Содан соң бет, мұрындарын біраз тегістеп, шошқадай шыңғыртып сабадым да, ақырында арттарына қарауға шамаларын келтірмей, қуып жібердім.

– Әб, бәрекелді! – деп сонда біз зор­лықшылардың әділ жазасын берген жолдасымызды  қошеметтей бастаған­быз. Бірақ, Хұддыси біздің көтерме сөзімізге пәлендей елп ете қойған жоқ. Қайта қабағын шытып, ренжіген сыңай танытты.

– Әлгі экспедиторды айтамын-ау, – деді. – Кәпірлердің қыспағынан босатып жіберген маған Алла разы болсын айтудың орнына, қайта мені ала көзімен атып тұр.
– Онысы қалай? – деп біз, сонда, кәдімгідей таңырқап қалғанбыз.
– «Менің ақшам ана бұзықтардың қалтасында кетті. Сенің қайтарып беруге шамаң жетпеді», – деп мені сөге бастады…
– Апырмай, ә?!
– «Ей, жаңа дер кезінде айтпадың ба? Енді ол немелерді қайдан іздеп табамын? Қарасын батырып, қашып кетті ғой…», – деп мен енді экспедитордың алдында ақтала бастадым.
– Адамшылығы кем сорлы екен ғой, – деп сонда біз Хұддысиге жанашырлық білдірген болдық. – Ондай жақсылықты білмейтінге жақтасып нең бар еді? Экспедитордың арамнан тапқан артық ақшасын ұрылар олжалап кетсе қай­тушы еді? Өзіне де сол керек!
– Басқаша бұлтаруға менің хақым жоқ қой! – деп Хұддыси басын төмен салып, ойланыңқырап отырды.
– Неге?– деп сұраймыз.
– Ол неме қаншама дүниеқоңыз, майдапашақ болса да, бәрібір менің қандасым емес пе?    
– Онда тұрған не бар екен?
– Қандастың аты – қандас. Мен оны жақсы көрейін, жек көрейін, бәрібір. Егер, менің бір қандасымның басына күн туса, оның өзге түсі бөтеннен зәбір көріп тұрғанына көзім жетсе, мен қалайда оған көмекке келіп, болысуым керек емес пе? Біздің халқымыздың қатал заңы осындай. Оны бұзсам, мен қарғысқа ұшырар едім, – деді сонда біздің бала жастан тай-құлындай тебісіп бірге өскен чечен жолдасымыз.

Қандастар дейді… Сонда олар кімдер? Әдетте бір ұлттың, бір халықтың адамдарын қандастар деп атаймыз. Қазақта: «Каны бірдің – жаны бір» деген сөз бар. Бұның жалпылама жәй сөз емес, терең мағыналы, философиялық өзегі бар ұғым екеніне әсте-әсте көзіміз жетіп келеді. Қандастардың таза биологиялық, физиологиялық жақындықтары бар екені қазір ғылымда күмән тудырмайтын жағдаят. Мәскеуде немесе Аляскада, Қытайда немесе Түркияда жүрген қазақтардың, егер, қандары араласып кеткен будандар, әйтпесе, өзінің ұлттық жаратылысын ұмытқан маргиналдар болмаса, анадай жерден бір-бірін жазбай тануын қалай түсіндірер едік? Біз ғана емес,өзгелер де сөйтеді деседі.

Қандастардың дүниетанымы, пси­хо­логиясы, мінез-құлқы дара-дара, өзгеше сипаттарды құрайтыны күн­делікті тұрмыстың өзінде де белгілі. Әсіресе, өзара жиі араласып, көрші отырған елдердің ұлттық ерекшеліктері көмескілене бастағандай көрінгенмен, бәрібір біржола жоғалып кетпейтініне кәрі тарих куәлік етеді. Бір ғана мысал келтіре кетейік. Бірде біз, Алматыдан барған екі қазақ, Париж шаһарына орналасқан ЮНЕСКО кеңсесінің маңындағы ресторанда кешкі ас ішіп отырған едік. Сәлден кейін сол ресторанның есігін айқара ашып тастап, улыған-шулыған болып дауыстап сөйлескен бес-алты адам бірден төрге қарай оза берді. Оңашалау орынға орналасып, өзара күңкілдесіп әңгіме айтып отырған біздің әлгі улыған-шулыған топқа таңырқай қара­ғанымызды байқаған қасымыздағы тілмаш француз:
– Е, бұлар жұмыстан қайтқан итальяндар ғой, – деп түсіндірді. – Бұлар әдетте осылай еркінсіп, катты дабырласып сөйлеп жүреді. Қайтерсің, темпераменті көтеріңкі халық қой!

Шынында тамақ ішуге кіріскен әлгі итальяндардың ауыздарына бұдан кейін де тыным болған жоқ. Өздері әрі пулеметше бытырлатып тез сөйлейді екен…

Ал, біздің қазақ арасында ас ішіп отырғанда ананы-мынаны айтып дабырлап сөйлеу – қашанда ерсілікке жатады. Сондай-ақ, далада туып-өскен біздің әке-шешелеріміз дастарқан басына жиналған меймандарына қазіргідей «іш, же!», «алып қояйық!», «көтеріп жіберейік!» дегендей көтермеші сөздерді көп айтпаушы еді. «Алдыңа ас қойдық, екі қолыңды бос қойдық» деген қағиданы басшылыққа алушы еді.

Сонда, осылайша ұлт пен ұлыстың, біздің тақырыбымыз бойынша – қандас­тардың бір-біріне ұқсай бермейтін мінез-құлықтары, психологиясы, сірә, қалай қалыптасқан деген сұрақ туады. Әрине, бұл жерде өскен ортаның, табиғаттың, тарихи, әлеуметтік тамырлардың тіке­лей әсері болмай қоймайтыны аян. Қазіргі этногенез ілімінің негізін қалау­шы Л. Н. Гумилевтің пікірінше, этнос­тардың (ұлттардың) тарихи дамуына географиялық аймақтың, ланд­шаф­тардың ықпалы тіпті зор көрі­неді.

Бірақ, біздің мақсатымыз – қандастар ұғымының тарихи, әлеуметтік сырларына үңілу емес, сол қандас, нәсілдес әрбір индивидтің, жеке пенденің басындағы таным, психология, мораль­дық-адам­гершілік қасиеттеріндегі өзгеше­ліктер мен айырмалардың түп төркін­дері қайда жатқанына ой жүгірту, жауаптар іздеу. Мен үшін, жазушы ретінде, жоғарыда айтқан чечен жолдасым Хұддысидің өзі онша қаламайтын, тіпті, суқаны сүймейтін қайымана біреуге зорлық жасаушы қайдағы бір бұзық­тарды көргенде қанының бірден басына шапшып шыға келгені, содан көп ойланбастан арашаға ұмтылған әрекеті қызығырақ. Әлсізге араша түсу керек екенін, әлбетте, бәріміз білеміз, «сөйту керек» деп насихат айтуға бәріміз шебер-ақпыз. Бірақ, дәл әлгіндегідей төтенше жағдайда Хұддысидің орнында мына сіз бен біз болсақ, қайдағы бір арамтамақ алқаш үшін жуан жұдырықтармен төбелесе кетпейтінімізге кепілдік берер едім. Біріншіден, қайыбана біреуге ара түсемін деп жүріп, өзің таяқ жеп қалуың әбден мүмкін. Сіз бен біз мұндайда өте ұстамдымыз, бәрін ақылға жеңдіруге тырысамыз, ақымақпен бірге ақымақ болғымыз келмейді. Солай ма? Ал, чечен жігіті Хұддыси сіз бен бізше безбендеп тұрмайды. Хұддыси де, әрине, көшеде жүрген жалаңаяқтың бірі емес: жоғары білімі бар, бізге ұқсап мойнына галстук таққан зиялы жігіт. Ақыл-парасаты, білімі, білігі сіз бен бізден кем емес. Ауданға аты мәлім азамат, фотожурналист. Көрінген көн етікті бұзықтармен төбелеске түсуге мұның да құлқы жоқ. Біз Хұддысиді қазақ арасында өскендіктен, қазақ болып кеткен деп ойлаушы едік. Сөйтсек, досымыз бәрібір чечен (нохчий) болып қалыпты. Ол өзге бір чеченді бөтен түсті біреулер ортаға алып қиянат көрсетіп жатқанда бейтарап қала алмаған… Бірден қаны басына шапқан көрінеді.

Біздіңше, мәселенің бар түйіні осы жерде. Қан… Қан мен жан әу бастан ажырамас егіздей бірге жаратылған болуы керек. Ол ғана емес: қан мен жанның қасиеттері мен сипаттары әу бастан ортақ, ұқсас, байланыс, бірлікте болуы керек. Қасиетті Құранда жазылған жоқ па еді: «Адамды Біз топырақтың ең асылынан жараттық. Одан соң оны ұрықтың тамшысына айналдырып, өте сенімді орынға – (жатырға) орналастырдық. Одан әлгі ұрықты ұйыған қанға айналдырдық. Ұйыған қанды бір жапырақ етке айналдырдық. Бір жапырақ етке сүйек бітірдік, одан соң сүйекке ет қондырдық, оған (жан кіргізіп) тірі жаратылысқа айналдырдық» («Муһмин» сүресі, 12-14). Адам миы жете бермейтін мынандай ғажайыпқа назар аударыңыз: осыдан мың жарым жыл бұрын хат танымайтын арабтың (Мұхамедтің с.ғ.с.) аузынан бізге жеткен жаратқан Иеміздің сөзін бүгінгі тәжірибеге сүйенетін ілім-білім толық растап отыр. Соның ішінде жатырда пайда болатын ұйыған қанның уақыт өткен соң етке айналатыны да тап-таза шындық екен. Байқайсыз ба: ұрық түскеннен кейінгі бірінші кезекте – қан тұрады. Демек, әуелгі кезектегі (биологиялық жағынан қара­саңыз) жаратынды – кәдімгі қызыл сұйық қан. Қан! Мұнда осы күнге шейін сыры толық ашылмаған тылсым құпиялар бар секілді көрінеді.

Құран, Ислам діні қан ішуге қатаң тыйым салады. Қаннан жасалған тағам – харамның ең үлкеніне жатады. Неге? Кейбір халықтардың (мысалы, Сібірдегі ұсақ ұлыстардың) дастарқанына қоятын қадірлі асының бірі – жаңа сойылған жас малдың отқа қақтап пісірген қаны көрінеді. Бірақ, әлгі ұсақ ұлыстардың жын, шайтанға, от пен суға табынатын шамандық политеизм нанымындағы ұрпақтар екенін ескеру керек. Ал, бір Құдайға құлшылық етуші монотеизм (ислам, иудаизм, христиан) нанымындағы нәсілдестер арасында мұндай жабайы әдеттердің кездесетіні жөнінде естіп, білген емеспіз. Қайта монотеизм нанымындағылар қан атаулыны қасиеттеп, киелі нәрседей көретіні мәлім. Мәселен, ел ішіндегі мал соятын естияр қазақтың әрқайсысы бауыздау қанды шұңқырға ағызып, аяққа бастырмай көміп тастайды. Қан көрсе, қатты корқып, жүректері лобли бастайтындар да – көпшілік. Тіпті, маман дәрігерлердің бәрі бірдей хирург болып шықпайтыны олардың қабілеттерінің жетімсіздігінен емес, психологиялық тосқауылдан өте алмағандығынан екені даусыз.

Бір мысалға жүгінейік. Ресей ғалымдары Ю. Бут пен В. Нестеров терминалдық лабораторияларда жүргізген зерттеулер нәти­желерін жария етіпті. Бұлардың пайымдауынша, әрбір қолдан өлтірілген хайуанаттар денесінде «ажал сәулелері» (гаввах – жанның қиналуынан туатын ерекше энергия) аталған ұшқындар пайда болатын көрінеді. Егер, осындай ұшқындарды арнайы құралдар арқылы жинақтап, күшейтсе әрі  соны  әртүрлі тірі организмдерге бағыттап жіберсе, аса зиянды, қауіпті өзгерістерге ұшы­райды екен. Ал, қан ішетін, қаннан қуырып котлет жейтін байғұстардың ахуалы кейін қандай болатынын өзіңіз болжап көре беріңіз: азғындау мен азудың, азаюдың, ақыр соңында жер бетінен жоғалып, құрып кетудің көп себептерінің бірі осындай жабайы әдеттерде жатпасына кім кепіл?

Қан – биологиялық жаратылысы жағынан да, философиялық тұғырлар тұр­ғысынан қарағанда да қасиетті, киелі ұғым, күрделі субстанция екенін бұрынғы, бүгінгі ғылыми зерттеулер дәлелдеп отыр. В.И. Ленин бастаған большевиктер Ресей империясындағы билік басына келген соң көп ұзамай көрнекті большевик, ғалым, философ А. Богдановтың басқаруымен қан зерттеу институтын құрғаны тегіннен тегін емес екен. Күні бүгінге шейін өмір сүріп келе жатқан осы ғылыми орталықта кешегі совет өкіметі жылдарында өте құпия зерттеулер жүргізілгенге ұқсайды. Өзге де еуропалық ғалымдар М. Гендель, С. Гроф, Р. Шнайдер, П. Ниханс, Гиршфельд т. б. өткен ғасырдың басында, әсіресе, 30-40-жылдарда адам қанын зерттеуші лабораториялар ашып, әрқилы тәжірибелер жасайды әрі олардың біразын кейін расизм теориясын жасаушы бүлдіргіш бұзақылар пайдалануға тырысады…

Біздің ұққанымыз: адамның қанында ерекше қасиеттер бар көрінеді. Мәселен, жеке индивидтің қанының қы­зуына, ағысына зер сала отырып,  оның мінез-құл­қындағы, моральдық   бол­мысындағы талай құбылыстарды анық айыруға болады екен. Бұл ғана емес, қан әрбір адамның нәсілдік, жеке бастық сипаттарын сақтап қалушы бірден-бір субстанция ретінде анықталыпты. Бұл ғана емес, Ресей ғылым академиясының ми зерттеу орталығын ұзақ жылдар басқарған И. П. Бехтереваның пікірінше, адамның миына шоғырланатын ақ­парат­тың бәрі сырттан,  әлдебір белгісіз толқындар ағыны арқылы жетіп жатады. Ал, П. Гаряев, А. Березин, Г. Комиссаров т. б. ғұламалар сол шоғырланатын ақпараттың бәрі ДНК жүйесіндегі геналарда сақталады деген бұрынғы тұжырымдарды теріске шығарып, ақ­па­раттар әрбір тірі организмдер жара­тылмас бұрын әлдеқайда, алыс космостағы толқындық голограммаларда жинақталады деген дәлелге жүгінеді. Қысқаша айтсақ, адам миына негізгі жаратынды ақпарат қан ағымдары арқылы жетіп жатса керек. Ал, қанның өзі – космостық толқынды голограммада жинақталған «бұйрықтарды» қабыл­даушы бірден-бір қайнар көз, қамба секілді. Қарапайым түсінікті тілге аударсақ, сенің өмірің, тағдырың, мінез-құлқың – бәрі-бәрі қан түйіршіктеріне алдын ала, атам заманда «жазылып» қояды деседі. Ми дегеніміз кәдуілгі дешифратор, қандағы «жазуды» оқып-танушы, оқып-таныған соң тірі организмге шешуші ықпал жасайтын, жүйке желілеріне жеткізіп отыратын көшір секілді екен. Әрине, бұл айтылғандардың біразы әлі де ғылыми гипотеза болар.

Дегенмен, «қаны бірдің – жаны бір» деп мақалдайтын атам қазақтың көре­гендігіне қол қоюға болады.

Тағы бір тамашасы бар екен. Қанға келіп жинақталатын әлгі тіршілік ақпараттары алыстағы космостық кеңістіктен жерге жарық толқындары – фотондар арқылы жетіп жататыны анықталыпты. Қасиетті Құ­ранды ашып оқып көрейік. «Алла аспан­ның да, жердің де нұры. Ол бейнебір бүркеудегі (қуыстағы) сәулеге ұқсайды, айталық, бүркеу бар жерде шыны-шиша тұр, шишаның ішінде шырақ бар… Алла қалаған пендесін, міне, осы нұрына бөлейді…» («Нур» суресі, 35). Космостан келіп жататын фотон ағындары дегеніміз – осы, Алланың нұры емес пе екен?

Бүкіл ғаламның негізі, қозғаушы күші – квант (жарықтың ұсақ бөлшектері), ал, сол квантты ғаламға таратушы «курьер» тасымалшы – космостық сәулелер болып шықты емес пе? Сол ғаламдық сәулелерді, хабаршыларды бойына жинаушы, сіңіруші «хатшының» бірі адамның қан түйіршіктері деседі. Бұл -– бүгінгі ғылымның жеткен жетістігі. В. И. Вернадскийдің биосфералық теориясы да түптің түбінде осыны растайды.

Мұндай философияны мұсылман­дар­дың қасиетті Құраны да бекіте түседі. «Нұр шашыратып күнді, жарығын жай­ғызып айды жаратты Алла» («Жүніс» суресі, 5).

Біз сонда космостан шашыраған нұр­ларды қанымызға сіңірген сана иесі, әуел бастан, әлімсақтан тағдыр-талайымыз, жан-жаратылысымыз бөлекше, оқшау жара­тылған тіршілік көздері екенбіз. Бәріміздің қаны­мыздың түсі қызыл болғанмен, тіліміз бен ділімізде айырым-айшықтарымыз толып жатқан, әзелден жаратылыстың қа­лауы­мен жарық дүниеге келген ұлттар мен ұлыстармыз.

Біз – қандастармыз. Біз – қазақпыз. Біздің тағдырымыз, тарихымыз, тіліміз, дініміз, дүниетанымымыз, мінез-құл­қымыз ортақ. Өйткені, біздің алпыс екі тамырымызды қуалап ағып жатқан қанымыз ортақ. Біз әр түрліміз, бірақ, тегіміз, түбіріміз, бітім-болмысымыз төркіндес. Бұл әрі өзіміздің қалауымызбен болған құбылыс емес – жаратылыстың заңдылығы. Жаратылыстың тек қазақ қандастарға ыкыласы ауып, осылай оқшау жаратпағаны да түсінікті. Жер бетіндегі әрбір этностың: «Мен қытаймын, мен орыспын, мен неміспін, мен түрікпін, мен арабпын, мен чеченмін» деп мақтануға хақысы бар. Өйткені, жаратылыс әу бастан ешкімнің ала қойын бөле қырқу ниетінде болмаған.

Қандастар, бейнелеп айтқанда, тұтас дене секілді: он екі мүшеңнің бір жері ауырса, тұла бойыңнан маза кетеді емес пе? Күнделікті тіршілікте сенің қандастық қасиетің қуаныш, шаттық үстінде емес, қайғы-қасірет кезінде көбірек көрінетіні бар. «Ағайын – бір өліде, бір тіріде» деп мақалдайтын қазақ, мәселен, қалың елдің басына қауіп бұлты төнген шақта әншейіндегі салғырттығын, бойкүйездігін тез жинап қойып, шамасы жететіндері «аттандаған» азаматтар қатарына барып қосылған. Біздің қандастарымыз бұрындары да, кейіндері де ар-намысын әсте астамсыған бөтеннің табанына салып таптатып көрмеген. Әлі жетпесе де, әлуеттінің табанын жалап төменшіктеген жері жоқ. Кенесарыдан, Аманкелдіден бермен қарай жалғасып, Қайрат Рысқұлбекұлына шейін ұласқан ұлттық мінезіміздің бір қыры осындай болса керек. Бірақ, біз бұл арада ұлттық ерекшеліктеріміздің сипаттарын анықтап, зерттемек емеспіз. Сол ұлттық ерекшеліктердің түп қазығы – қанда, қандастықта жатқанына назар аудармақ ниеттеміз. Әлемдік тарихи құбылыстарға, этностардың өсіп-өркендеуі мен жер бетінен жоғалып кету себептеріне жаңа көзқарастар қалыптастырған Л.Н. Гумилев: «Қан араластыру түптің түбінде кез келген ұлтты, кез келген мемлекетті аз уақыттың ішінде құрдымға кетіретіні ақиқат», – деп жазыпты.

Этносфераның асқан білгірі осылай десе, коммунистік дүниетанымның білгірі В. И. Ленин: «Бір мемлекет аймағында өмір сүріп отырған ұлттарды бөлшектеу зиянды, біздер, марксистер, оларды жақындастыруға, қосуға тырысамыз… Марксизм кез келген ұлтшылдықтың орнына – интернационализмді, ең жо­ғарғы бірліктегі барлық ұлттардың қосы­луын қояды», – деп ашық айтқан. «Қосылудың» орысшасы – «слияние нации» айқынырақ, күштірек естіледі.

Қазір бәрімізге белгілі болып отырғандай, кешегі қызыл империя сол империя қарауындағы аз халықтарды интернационализм насихатына сүйене отырып, біржола косып жіберу үшін барлық амал-әрекеттерді қолданып-ақ бақты. Біздің бәріміз «совет халқы» деген тегін, тілін, ділін, дінін ұмытқан жаңа бір супер-этносқа айналуымыз керек еді. Егер, тағы да бір жетпіс жыл осындай алакүлік саясаттың жетегінде жүре бергенімізде, отаршылдардың ежелгі арманы жүзеге асуы әбден мүмкін болатын. Өйткені, жоғарыдағы Л.Н. Гумилев негізін қалаған этногенез ғылымы адамзаттың соңғы төрт-бес мың жылдық тарихында мұндай құбылыстардың жиі кездескенін тайға таңба басқандай етіп дәлелдеп берді.

Сонда, аз ұлттарды қосып (дұрысы – жойып) жіберудің ең төте жолдары қандай еді? Біріншісі – біз үшін әлі де жұмбақ жақтары көп әр түрлі құпия лабораторияларда жүргізіліп келген, адам қанын жан-жақты зерттеген ғылыми тәжірибелер болса керек. Кейбір деректерде КСРО-да баяғыда А. Богданов негізін қалаған институт ұзақ жылдар бойы әр текті адамдардың қандарын құю, алмастыру, араластыру арқылы бір-біріне әсерін, ықпалын хаттап қағазға түсіріп, «күшті» қандардың «әлсіз» қандарды өзгертіп, жұтып қоятын жағдайларын дәлелдеген, мұны әлгіндей саяси мақсаттарға пайдаланған дегендей пікірлер келтірілген. Егер, бұл расқа шықса, нағыз расистік зымиян әдісіңіз сол болар еді. Екіншісі – біз үшін айдан анық аралас некелердің жыл өткен сайын көбейе түсуі. Жоғарыда Л. Н. Гумилев жазған қан аралас­тыру науқаны дегеніңіз тұп-тура осы емес пе?

Бұдан шығатын қорытынды: жаппай қан араластыру – айрықша аз санды ұлттарды жойып, белгілі бір мемлекеттік құрылымда үстемдік етуші супер-этносқа сіңіріп жіберу саясаты еді. Адамзат тарихында талай мәрте қайталанған осы құбылыстан тағдырдың талауымен аман өткен мына сіз бен бізге бүгіндері «тәуба-тәуба» деп, тілімізді кәлимаға келтіруге болады.

Бірақ, қазірге шейін біздің Отанымызда аралас некелер санының қаптап өсіп бара жатқанын зор жетістік санап, мұны интернационалдық тамаша идеялардың, әсіресе, Қазақстанда өркен жайғанын елден ерек құбылыс ретінде айтып жүрміз. Әсіресе, біздің еліміздегі ең ықпалды телеарнамыз «Хабар» ай сайын, апта сайын Қазақстандағы аралас некелерді ерекше насихаттап, дәріптеуден жаңылмай келеді. Жуықта Костанай облысындағы тұрғындардың 35 пайызы аралас некеде тату-тәтті өмір сүріп жатқанын зор мақтаныш, әлеуметтік жетістік ретінде жариялап жіберді… Әрине, әрбір есі дұрыс кісі халықтар арасындағы түсіністікке, бейбіт қарым-қатынасқа қарсы тұрмайды. Бұл жағынан біздің қазаққа ешкімнің өкпесі жоқ. Бірақ, «туыс болайық», «интернационалшы болайық» деп қыздарымызды қалыңсыз алып, жігіттерімізді ұрынсыз ноқталаған көлгір, екіжүзді саясаттың ар жағында – ұлтсыздандыру ниеті жатқанын ұғыну соншалықты қиын нәрсе ме?

Қаны араласқан некеден туған ұл, қыздарымыздың жүріс-тұрысына бір мезгіл үңіліп қараңызшы. Әрине, олардың арасында қабілетті, әрекетшіл, белсенді тұлғалар аз емес. Патриоттар да жеткілікті. Бірақ, солардың кейбіреулері нағыз қазақы, ұлттық ортаға түскенде психологиялық жағынан ыңғайсыз, беймаза халге түсетіні ып-рас. Өйткені, олар нағыз қазақ қауымына тән төл мінездерді, әдетті, әсіресе, әдепті біле бермейді. Бұл жерде дүбәра менталитет пен тума менталитет сыйыспайды, бірін-бірі қанша сыйлағысы келсе де, сәйкес келмейді. Әрі мұнда жеке адамдардың ешбір кінәсі жоқ. Бәрі – қан араласудың әсерінен. Өйткені, біздің қанымыз бойымыздағы барша ақпараттың, оның ішінде психологияға, мінез-құлыққа катысты генетикалық ұрық­тардың көзі көрінеді. Бұл ғылым – адамтану ғылымы дәлелдеген ақиқат.

Уақыт озған сайын жер үстіндегі гомо сапиенс нәсілдерінің талай құпия сырла­рының ашыла беретініне күмән жоқ. Соның бірі – сонау Нұһ пайғамбар заманында бір тілде сөйлеген (мұны қазіргі лингвистика тарихы да жоққа шығармайды) адамзат ұрпағының келе-келе әр түрлі ұлттарға, ұлыстарға бөлініп кетуі, сол әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың болмыс-бітімдері қалыптасуындағы әлеуметтік факторлармен қатар жер аймағындағы биосфераның, космостық энергияның қызметіне қатысты ықылымдар. Біздің пайымдауымызша, қандастықтың өзі де – сондай құпия, аса күр­делі ықылымдарға жатады.

Қандас болу – қандастардың мойнына біраз міндеттер жүктейді. Бұл турасында ұлық пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с. ғ. с.) хадистерінде өте жақсы айтылған.

«Қандастарына менсінбей қараған­дарға Алланың рақымы түспейді».
«Осы дүниеде зауалға ұшыратып, о дүниеде шапағатсыз қалдыратын күнә­лардың бірі – қандастарымен қаты­насын үзіп, оларға қарсы болу».
«Құдіретті Алладан молшылық күтіп, өмірін ұзартуды сұраған әркім туыс­қандары алдындағы борышын өтесін».

Осы хадистердің мағынасын жете түсінген адамға өзгеше өсиет, нақылдап насихат айтудың қажеті бар ма?

Қазақ жұрты тәуелсіз, түпкілікті азат мемлекет болып қалуы үшін, біздіңше, үш анық бар. Олар: жер бірлігі, тіл бірлігі және дін бірлігі.

Осы аталған үш бірлікке жету үшін, сөйтіп айдарымыздан жел есіп жетісіп жүру үшін ең бірінші қажетіміз – өзіміздің туған тұрағымызда, Қазақстан аталатын ұлан-байтақ даламызда қазақ халқы қалайда қалың көпшілік болып біржола орнығуы керек. Ал, туған жерде осы көпшілік қандастарымыздың шамасы 80 пайыздан кеміп кетпейтін көрсеткішке қолымызды жеткізсек, қазаққа келетін жау жоқ деп біліңіз.

Әлденеше жүздік жылдарға созылған ақ, сары, қызыл империялар тұсында азаттық жолындағы айқастарда азая-азая келіп, одан соң қасақана жасалған аштық, қырғын, жер-суларды тартып алып, тақыр шөлдерге қарай ығыстыру секілді әрқилы үргін-сүргіннің арқасында Еуразия аймағындағы ежелгі далалық өркениетті жасаушы ұйытқы ұлыстардың бірі – мына біздер, қазақ қандастар, өз жерімізде отырып кешегі Кеңестік империя кезінде ең қауіпті, қатерлі шетінге дейін, 30-40 пайыздық азшылық деңгейіне жеткен екенбіз. Әрі сол ат төбеліндей азғантайға айналған ұлттың 40 пайызы өзінің ана тілін білмейтін болыпты. Енді, біраз 50 жылдай уақыт отаршылдық қамытын киіп жүре бергенімізде, жоғарыда айтқан үш анықтың саутамтығы қалмайды екен.

Әйткенмен, көктегі ұлық Иеміз әуел баста біздің казаққа осыншама ұлан-байтақ жерді бостан-босқа бөле-жарып бермесе керек-ті. Тағдыр-жазмыштың да өзінше бір есебі болған шығар деп ойлаймыз. Ежелден Қазақстан аталған, ащы ішектей созылған ирек-ирек шекара сызығының ішіне ең кемінде бес Франция сыйып кететін байтақтың асты-үсті әл әзірде таусылып бітпес қазына байлық екеніне бүгіндері шүкіршілік етеміз. Отаршылдықтан құтылған жылдар ішінде (бұл тарих үшін қас қағым сәт емес пе?) 40 пайыз деген қорқынышты шетіннен шығып, 57-59 пайыз деген қанағаттай тұрарлық меже­ге жетіп қалыппыз. Демек, жыл өткен сайын көбейіп келеді екенбіз. Ешбір соғыс-жанжалсыз, тағдырдың та­лайымен, тарихтың қалауымен келген тәуелсіздігіміз жылдарындағы ең зор табысымыз, көңілімізге медет қылып ұстар бір ұстанымымыз осы қандас­тарымыздың қарқынды қадаммен көбейе бастауы болар-ақ.

Осы күнге шейін аздықтан көрген қорлығымыз аз емес. Қазақ қандастардың еш уакытта ержүректіктен, мәрт­тіктен, қайсарлықтан кемдікте болған кезі жоқ. Бұрынырақтағы дүниені айбатымен тітіреткен тарих қойқаптарын қозғамай-ақ, кейінгі қазақ хандығын құрған дәуірден бергі оқиғаларды қиялмен шолып қарасақ та, әуелде шығыс жақтағы басқыншылармен 200 жыл, одан соң тағы сондай мезгілге жуық батыс жақтағы басқыншылармен ұрыс салып, азаттығын қорғап баққан ата-бабаларымыздың ұрпақтары бәрібір отаршылықтың табанына барып түссе, мұның түптеп келгенде жалғыз ғана себебі бар еді. Біз аз едік, ал, жау жағы қашанда қарақұрым көп еді.

Осы күнге шейін біздің арамыздан шыққан  білімпаздардың бәрі дерлік (оның ішінде атақты ағартушыларымыз, ақын, жазушыларымыз бар) қазақтың соры қашанда алауыздық пен рушылдық, ұлыс-тайпаларға бөлінушілік болды дегенді жиі қайталап келді. Ал, осының негізінде қате қағида екеніне – басқаларды қайдам, мына менің жыл өткен сайын көзім жете бастағанға ұқсайды. Рас, қазақ атам қашаннан ру, тайпаларға бөлінген, бірақ, ешқашан іргесін аулақтап, бөтенге, жатқа айналмаған. Егер, қазақ қандастар ежелден өзара бөлектеніп, жеке-дара өмір кешуді көксеген болса, осыншама байтақ пен байлықты иеленіп, қалай қорғап қалар еді? Біздің ата-бабаларымыз туған жерді жаудан қорғау кезеңдерінде ғана Мәртөбе мен Күлтөбенің басында бас қосып, бірігіп кетуші еді дегенмен шектелсек, бәлкім, тарихқа қиянат болар еді. Біздің ата-бабаларымыз қазақ қауымындағы күллі әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде әртүрлі дау-дамайлы, қақтығысты оқиға­лардың бәрін дерлік сол ежелгі тай­палық мүдделерді (демек, көпшілік халықтың қалауын) ескере отырып, әділ­дік пен адамшылық жолымен шешуді мұрат еткені хақ. Әрі сол шешімдердің бәрі көпшіліктің көз алдында, нағыз далалық демократия әдісімен жүзеге асқан. Әлбетте, билік тізгіні ру, тайпалар арасынан табиғи сұрыптау, бәсеке жолымен суырылып шыққан (тағайындалған емес!) билердің қолында болған. Ал, сонда, бүгінгідей әкімшілік шекараларға бөлінбеген ұшы-қиыры жоқ ұлы даланы жайлап жүрген ұлыстарды басқарудың басқаша қандай қисынды болуы мүмкін еді? Сірә, қазақ кауымындағы бұрынғы ру, тайпалық басқару жүйесі – бөлінудің емес, ел болып, жұрт болып бірігудің, жай таластың бәрін тайталасқа айналдырмай, көппен бірге кеңесіп, ортақтасып, ортақ мәмілеге келісіп шешудің көрінісі десек – шындыққа келеді. Мұндайда көп­тің де, аздың да мүддесі ескерілмек, өйткені, мұның бәрі елдің көз алдында жариялық жағдайында өтіп жатса керек-ті. Әрине, казақ қауымының өз ішіндегі ұйтқымалы оқиғалардың бәрінде аз бен көптің таразысы әрдайым тең түсіп отырды деп ешкім айта алмас. Аталасы көптің үлесі де мол болғаны анық. Сондықтан да, сол кездің батагөйлері: «Ұлың отыз, қызың қырық болсын!» – деп тілек тілейді екен. «Көп қорқытады, терең батырады» деген ескертпе сөз де сол ескі дәуірден қалған. «Көсегең көгерсін!» деген көне тілектің де көмейі – өс, өркенде, көбей дегенге саяды.

Бірінші анық – жер бірлігі дедік. Ата заңымыз бойынша бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – федеративтік емес, уни­тар­лық мемлекет. Унитарлықтың мағы­насы – жері біртұтас, бөлінбес, бөл­шек­тенбес иелік, оның егемені жалпылап айтқанда қазақ мемлекеті, қазақ халқы деген қарапайым сөз. Бізде ешқандай өзге территориялық дербес құрылымдар, автономиялар болуға жол жоқ. Ал, осы ата заңда бекітіліп берілген туған жердің біртұтастығын, оның шекарасын бұлжытпай сақтап қалуға, сөйтіп оны келер ұрпақтарымыздың мәңгілік мұрасына айналдыруға ең мүдделі ұлт – осы аймақты ғасырлар бойы жайлап, қанымен, жанымен қызғыштай қорғап келе жатқан, асқан ержүрек те батыр, бірақ, аңқау, аңғал, адал жұрт – қазекем екені тағы белгілі. Ал, пайда табу үшін құнарлы аймақтарымызды сатып алып, бәлкім, бүгінгі күні жұмыссыз жүрген жас­тарымызды іске жегіп, олардың күнкөрісін жеңілдетуі әбден мүмкін қаны басқа немесе түбі шикі біреулер әлдеқандай неғайбыл замандар туса (Алла ондайдың бетін аулақ қылсын!), қолына қару ұстап, ежелгі еңку-еңку жерлерді жанын қиып қорғай қояр ма екен? Ондайда ең алдымен сол кешегі Ағыбай мен Қабанбайдың, Қобыланды мен Райымбектің ұрпақтары атқа қонатыны ақиқат.

Екінші анық – тіл бірлігі дедік. Әр түрлі тілді игерген адамдар бар, бірақ, әр түрлі тілде сөйлейтін халықтар жоқ. Қытайлар – қытайша, орыстар – орысша, немістер – немісше сөйлейді. Егер, қалың қытай орысша (немесе жапонша, кәрісше) сөйлей бастаса, дүниеде Жүңго (біздіңше, Қытай) аталатын ұлы мемлекет болмас еді. Әйтпесе, ормандай қалың орыс французша сөйлей бастаса, дүниеде Ресей аталатын ұлы мемлекет болмас еді. Қазірде ағылшынша үйрену жаппай модаға айналды. Бірақ, анау жапондық, анау француздардың өз тілдерін өгейсітіп, теп-тегіс янкишеге көшіп кететіндеріне сену қиын. Өйткені, олардың әрқайсысы жер бетінде пәленбай ғасырлар бойы өмір кешіп келе жатқан егеменді елдер. Үш халықтың, үш тілдің басын құраған Швейцария атты мемлекет – қолдан жасалған жасанды құрылым, нонсенс, жеке тәжірибе ғана, бұл ешкімге үлгі-өнеге бола алмайды. Әлемнің әр қиырында кездесетін федеративтік құрамалардың бәрі де саяси мәміле мен мәжбүрліктен туған, шын мәнісінде сон­дай  елдердің бәрінде негізгі ұйыс­тырушы ұлттың тілі үстемдік жасайды. Шын мәнісінде тіл бірлігі жоқ жерде – егеменді елдің тұтастығы туралы айту артық.
Бүгінгі таңда жалпыға ортақ, көп­шіліктің бәріне қажет ұлттық тілі қалыптасып    үлгермеген  бір ғана мемлекет бар, ол – біздің сүйікті Қазақ­станымыз. Іргемізде жатқан Өзбек­станда – өзбекше «гәпіреді», Тәжікстанда – негізінен тәжік­шеден басқа тілде «қоқ етпейді», Түрік­менстандағы жағдай да сондай – түрікменше. Әдетте тарихты, тағдырды кінәлауға әуеспіз. Кешегі қызыл империя дәуірінде зорлық-зомбылықты өзгелерден көбірек көргеніміз де өтірік емес. Бірақ, кейде өзіміздің өзбек ағайын­ның: «Орыс болу үшін – алдымен қазақ болып ал!», әйтпесе: «Қазақтың иті де зәкүн, зәкүн деп үреді!» – деген қалжың сөзі есіңе түседі. Басқа бауыр­ласта­рымызға қарағанда Кеңестік идеологияны бойымызға молырақ сіңір­ген, кезін­дегі интернационалистік ұран­дардың пәрменділігін, қазақ тіліндегі мектептердің жаппай жабылып, оқу, білім, өндіріс саласында, одан кейін әкімшілік, билік басында тек орыс тіліне жүйрік мамандардың ғана орналасқанын көрген, сол жетпіс жылдың ішінде өсіп-өркендеген қауымның дүниетанымы, құлқы-пейілі, менталитеті әжептәуір өзгерістерге ұшырағанына көзіміз жетіп отыр. Басқасы – басқа, ал, жергілікті тұрғындарының 90 пайызынан астамы кәдімгі қаракөз қазақтар болып келетін Қызылорда облысында, мәселен, осы күнге шейін орыс мектептерінде оқитын оқушылардың дені қазақ қандастар көрінеді. Қызылорда мен Шымкенттен шыққан зиялылардың біразының отбасында осы күнге шейін балалары орысша сайрап отыратыны тағы өтірік емес.

Сонда қайтпек керек? Әрине, кез келген тіл қажеттілік жағдайында ғана өмір сүре алады. Қазақ тілінің қажеттілігін арттырудың жалғыз жолы – осы тілде сөйлей­тіндердің санын көбейту. Ал, жұрты­мыздың санын жедел көбейтудің қазіргі төте әдісі әр түрлі мемлекеттерде жайлап жүрген қазақтардың көшін ата қонысқа қарай біржола бұрып әкету, дұрысы – бұрып әкелу. Айрықша Қытай жайлаған біржарым миллион қандастарымызды, Өзбекстан жайлаған миллионнан астам қандастарымызды қара шаңыраққа әкеліп қоныстандырмай, жуық арада біздің тілдік, демек, елдік мәртебемізді көтеріп әкету оңайға түспек емес.

Үшінші анық – дін бірлігі дедік. Мұның қазір айрықша маңызды екенін енді ғана түсіне бастағандаймыз. Әлі қабырғасы бекіп, бұғанасы қатып кете қоймаған біздің жас мемлекетімізде көпдіңділікке орын берілсе, бұдан асқан қауіп-қатер жоқ. Жеке адамның ождан-сеніміне еріктілік пен таңдау болғаны айып емес, бірақ, ата-баба­мыз әзелде қабылдап, өзінің рухани ұранына, идеологиялық, тіпті, саяси (бұл сөздерден қорықпауымыз керек) танымына айналдырған Ислам дінінің тұтастығын мынадай тәуел­сіздік пен бостандыққа шыққан дәуірде Батыстағы айғайшылардан қор­қып, демократияның додасына салып, өлген тоқтының денесіндей сүйрелей берудің ешбір жөні жоқ. Ислам бізге ата-бабаларымыз ұстанған дін болғандықтан ғана етене емес. Ислам адамзаттың ақырғы ақиқат дүниетанымы болғандықтан бізге етене, ол – Құдай жолы, әділдік пен шындық мұраттарының боямасыз, бүкпесіз бас қосқан кодекстер жиынтығы. Бұл діннің әрі біздің талай соқтықпалы соқпақты кешулерді бастан өткерген ел-жұртымызға қашанда демеу, сүйеу болып келгенін де ұмытпасақ керек.

Әрбір тәуелсіз бостан мемлекеттің қауіпсіздік мүдделері бар екені екінің біріне белгілі. Сол мүдделерге тікелей қарсы әрекет етіп жүрген түр-түсі жып- жылмағай қастанды діни секталардың тамыр жаюына мүмкіндік бермей, осы бас­тан отап қырқып тастамасақ, пәлен уақыт өткен соң өзің – мұсылман, ұлың – иеговист, қызың – кришнаит болып шығып, бір дастарқан басында отырып ас ішуге зар болып қалуың мүмкін, ей, аңқау, аңғал жұртым!

Қазіргі әлемдегі демографиялық ахуал жөнінде аландаушылық бар. Біреулер: «Ойбай, жер бетіндегі адамдар саны ойсан көбейіп барады. Қазір 6 миллиардтан асып кеттік. Осы ғасырдың аяғында 8 миллиардқа жетеді екенбіз. Одан әрі қарай еселеп өсе берсек, аспан асты, жер үстіндегі байлықтардың көзі сарқылып, теп-тегіс жоқшылыққа, ашар­шылыққа ұшырайды екенбіз» деп байбалам салады. Мальтус заңы деген бірдеңе бар. Оның пайымдауынша, жер бетіндегі адам санының өсуі геометриялық прогрессия жолымен, ал, сол адамның күнкөріс көздерінің өсуі арифметикалық прогрессия жолымен жүретін көрінеді. Мұның өзі әрі биологиялық зандылық екен-міс. Бұл да, сірә, анау Дарвин ілімі секілді, ойдан шығарылған, тұрпайы, механикалык тәсілдерге негізделген жалған ағымдардың бірі болса керек. Болашақта жер бетіне адам сыймай кетіп, тек сол себептен ғана құрдымға кетіреді деп ойлаудың өзі, сыпайылап айтқанда, ұшқарылық. Шынында сол жерді, ондағы тіршілік иелерін жаратқан, оларды ғана емес, күллі ғаламды қатесіз, қапысыз басқарып отырған Құдіретті күш бәр-бәрін күні бұрын шотқа салып, есептеп қойған емес пе? Әзірше ғаламдық «компьютерлік» жүйенің титтей де, тіпті, жарты градусқа бұрыс кеткенін байқаған бірде-бір астроном, бірде-бір фәлсафашы жоқ. Ендеше, көбеюмен қорқытудың да ар жағында – жымысқы саясат жатыр деп ойлауға хақымыз бар. Өйткені, қазір әлемде көбейіп жатқан кімдер? Әрине, мұсылмандар. Оның ішінде біздің қазақ қандастарымыз да бар.

Тағы бір төте жол – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде көрсетілген: отбасын құрғандарымыз өсіп-өркендеп, бұтақ жайып көбеюіміз парыз. Қалалық өркениетке бейімделіп, әйтпесе, күнкөріс, тұрмыс қиыншылығынан қорқып, отбасындағы бала санын бұдан әрі шектей берсек, меже­мізге жақындай алмай қалуымыз мүмкін.

Біз кейде сан мен сапаны бір-біріне қарама-қарсы қойып жатамыз. Бірақ, сол санның сапаға айналар тұсын ескере бермейтініміз бар. Санның тура сапалық қасиетке ұласар жері де мол. Бірге туған қандастарың неғұрлым көп болса, ну ормандай тұтасып, қалың ел болып отырса, сен қашанда елің мен жеріңнің мүддесін қапысыз қорғап қаларсың, ешкімге есеңді жібермей, ризық несібеңді молайта берерсің. Алыс пен жақынға көлеңкенді түсіріп, қамқорыңа аларсың. Үлкендердің ала­көздігінен қорықпай, кішілерге «аға» атанарсың. Көптің атынан сөйлесең, сенің даусынды өзгелерден бұрынырақ естіп, сенімен көп те, аз да санасар, таласуы мүмкін, бірақ, санаспауы мүмкін емес. Көбін жиналып қасықтап су құйсаң, шөлің көлге айналады, көліңнің айналасы жайқалған жасыл нуға айналады. Әлсіз бен аздың жаны қысылғанда қолына ұстап шығатыны ақ шүберек болар, ал, жау қашырған жеңімпаз көптің қолында желбіреген көк ала ту болар. Аздың көпшілікті бастайтыны рас, бірақ, соңына ерген қарашасы кем жүйріктің карақшыға жалғыз жеткенінде не мұрат-мағына бар? Ағайының тойып ішкен тамақ – ас, ауылдасың тойып ішкен тамақ – той емес пе?

Оразбек СӘРСЕНБАЙ, 
жазушы.

"Ақиқат" журналы