25 қаз, 2019 сағат 12:53

Қанат Ислам «Канеломен» жұдырықтасады - Нельсон Лопес

Қазақстандық боксшының менеджері Нельсон Лопес мексикалық Сауль «Канело» Альваресті чемпиондық жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз қазір әлемдік рейтингте сегізінші орындамыз, бірақ бірінші болуымыз керек. Егер біз чемпион болғымыз келсе, «Канелоны» жеңуіміз керек. Қандай атаққа таласатынымыз маңызды емес, соңында «Канелоны» Қазақстанға әкелгіміз келеді. Біз оған қарсы шығамыз. Ескерте кетейін, бұл жерде маған және менің командама ақша керек емес. Біз жекпе-жек өткізіміз келеді. Бұл - менің ғана емес, Қанат Ислам мен Дархан Мұхтарбектің де арманы. Біз бұл үшін барымызды саламыз», - деді Қанат Исламның менеджері Нельсон Лопес .

Сондай-ақ, ол егер «Канело» жоғары салмаққа көтерілсе, Қанат сол салмаққа ауысуға дайын екенін айтты.

«Әуесқой бокста мен 69 және 75 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтастым. Жақында 69.9 салмақтан 72-ге ауыстым. Қазір бұл салмақта Деметриус Андраде чемпион, біз онымен кездеспедік. Бірақ оның әуесқой бокстағы техникасы жақсы. Оның қатты соққысы жоқ, ол аяғымен көп жұмыс істейді. Оны жеңуге болады. Канело туралы айтатын болсақ, ол қарапайым боксшы. Мүмкін, ол көп соққы жасайтын шығар. Бірақ, оның төрт қолы, төрт аяғы жоқ қой. Мен ғана емес, онымен кез келген қазақ 12 раундқа шыдап, жұдырықтаса алады. Біз, қазақтар, өзімізді бағаламаймыз, өзгелерді көтермелейміз. Біз шетелде жетістікке жеткендерді ғана білеміз. Біздің боксшылардың бәрі мықты, мен солардың бәрін қолдауға шақырамын», - деп толықтырды Қанат Ислам.

Бұған дейін Қанат Ислам мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен рингке шығуға дайын екенін айтқан болатын.

Айта кетейік, 26 қазанда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтеді, онда Қанат Ислам (26-0, 21 KO) мен намибиялық боксшы Уолтер Каутондоква (18-1, 17 КО) негізгі жекпе-жекте жұдырықтасады.

Бокс кеші аясында Дәулет Дәукенов, Сапарбай Айдаров, Бексұлтан Раушанов, Нұрсұлтан Аманжолов, Асқар Ерубек, Арман Рысбек және Руслан Мырсатаев сияқты қазақстандық боксшылардың қатысуымен 9 жекпе-жек өтеді. Олардың қарсыластары - АҚШ, Қытай және Еуропа елдерінің өкілдері.