05 там, 2017 сағат 13:44

Канадалық қарсыласы Қанат Исламды «орыс» деп атады

Канадалық боксшы Брэндон Кук (18-0, 11 КО) алдағы жекпе-жекке қатысты өз ойын білдірді,  деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Айта кеткен жөн, Қанат Ислам мен Брэндон Кук арасындағы жекпе-жек 9 қыркүйекте өтеді. Канадалық боксшы Астанаға он күн бұрын келемін деп отыр. Осы уақыт аралығында ол жергілікті климатқа бейімделуді көздейді.

"Ислам - жақсы боксшы. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында қола жүлдені де иеленгенін жақсы білеміз. Алайда ол мен сияқты "Жаман жігітпен" (Bad boy - Куктың лақап аты) әлі кездеспеген. Менің соққым діттеген жеріне жеткенде ол осыны түсіне бастайды. Сол кезде соғыс басталады! Сондай-ақ, мен Исламның Геннадий Головкинмен бірге түскен фотосын да көрдім. Оның Сауль Альвареспен кездесуді жоспарлағанын да білемін. Алайда осы жолы "Канело" GGG жұдырықтасатын болды. Мен білемін, орыстар бокс әлемінде үздіктердің қатарына кіреді. Алайда ол - адам, мен де адаммын. Қанат менің қалай дайындалып жатқанымды білмейді. Сол себепті ол жаққа барғанда жеңісті қолдан бере салмаймын. Оны жеңсем, үздік ондыққа кіремін", - дейді Кук.

Бұдан бөлек, канадалық боксшы Исламның бұрынғы қарсыластары осал болды деп санайды. Осы орайда ол да Қанаттың кәсіби бокстағы алғашқы қарсыласы - Дэниэл Битоны (1-25) еске алды. "Менде ондай қарсыластар болған жоқ. Ислам мен сияқты оппоненттермен әлі кездеспеді", - деп атап көрсетті Кук.

Айта кетейік, күні кеше Қанат Ислам Астанаға ұшып келді. Алдағы жекпе-жекке дейін ол елордада жаттығады.