Канаданың Торонто қаласында он адамды микроавтобус қағып кетті, тағы 15 адам жарақат алған, - деп хабарлайды РИА Новости. Бұл туралы жергілікті полиция басшысы Марк Саундерс хабарлаған.
"Куәгерлердің сөзіне сүйенетін болсақ, бұл қасақана жасалған әрекет екені түсінікті, тіпті солай деп мәлімдеуге де болады", — деді Саундерс.
Оқиға дүйсенбіде болған. Жаяу жүргіншілерді қаққан жүргізуші ұсталды, ол 25 жастағы Алек Минассян болып шықты. Ол полиция есебінде тұрған екен. Қылмыскердің бұл әрекетке не себепті барғаны белгісіз қалып отыр. Канаданың қоғамдық күзет министрі Ралф Гудэйл ел билігінің G7 саммиті қатысушыларының шабуыл нысаны болуы мүмкін деген мәлімет алмағанын мәлімдеген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жүргізуші адамдарды қасақана қаққан, алайда бұл әлі террористік акт ретінде қарастырылып отырған жоқ.
Полиция басшысы журналистердің "оқиға теракт емес пе?" деген сұрағына жауап бере келе, Канада қоғамдық қауіпсіздік министрі Ралф Гудэйлдің "оқиғаның ұлттық қауіпсіздікке қатысы жоқ" деген сөзін алға тартты.
Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо жағдайда өз бақылауына алғанын мәлімдеген.
Өз кезегінде Қазақстанның СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов Қазақстанның Канададағы дипломаттары жергілікті полициямен хабарласып, Торонто қаласында шағын автобустың жаяу жүргіншілерді басып кеткен жол апатынан қайтыс болған жəне зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары бар жоғын анықтап жатқанын хабарлады.
"Осы уақытқа дейін қазақстандықтар туралы мәліметтер түскен жоқ", - деп хабарлады СІМ өкілі.