29 сәу, 2021 сағат 09:25

Қырғызстанда уқорғасын жайлы мәлімдеме жасаған министрді қызметінен босатуды ұсынды


Қырғызстан парламенті денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Алымкадыр Бейшеналиевті қызметінен босату туралы ұсыныс жасаған әлеуметтік мәселелер, білім, ғылым, мәдениет және денсаулық жөніндегі комитеттің үндеуін қолдады. Мұндай шешімнің қабылдануына министрдің жақында коронавирусты Ыстықкөл тамырымен (уқорғасын) емдеу туралы мәлімдемесі түрткі болған, деп хабарлайды Азаттық.

Депутаттар сонымен бірге министрдің комитет пен Жогорку кеңеш отырыстарына шақырылғанына қарамастан келмегені наразы болды.

Парламент өкілдерінің айтуынша, министрдің уқорғасын жайлы мәлімдемесі Қырғызстанның беделіне нұқсан келтірген. Сәйкесінше, Бейшеналиевтің бұл қызметке лайықты екеніне күмән туындаған.

16 сәуірде Алымкадыр Бейшеналиев дәрігерлер науқастарды уқорғасынмен емдеп жатыр деп мәлімдеп, журналистердің алдында улы өсімдіктің тұнбасын ішкен. Ол мұндай ұсынысты президент Садыр Жапаров жасағанын және тұнбаны әзірлеуге де қатысқанын айтқан. 

Бірқатар сарапшылар мен дәрігерлер шенеунікке Ыстықкөл тамыры немесе уқорғасынның өте улы өсімдік екенін, тіпті оны дене сыртына қолдану қауіпті екенін ескерткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы клиникалық сынақтан өтпеген препараттың тіркелуі мүмкін емес екенін және пайдалануға ұсынылмайтынын айтқан.

Бұған дейін Facebook желісі "әлеуметтік желі ережесін бұзғаны үшін" Садыр Жапаровтың уқорғасын жайлы жазбасын өшірген. Президенттің Instagram-дағы жазбасы да жойылған. ​