29, 30, 31 наурызда Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры «Құнанбай» спектаклінің премьерасын ұсынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
«Абылай хан, Зере, Абай сынды дара тұлғалармен ерекшеленетін театр репертуарының қоржыны Құнанбай бейнесімен толығады. ҚР Тәуелсіздігінің және «Қаллеки» театрының 30 жылдығына орай сахналанған «Құнанбай» драмасының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Туынды авторы – Таласбек Әсемқұлов. Қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов. Құнанбай бейнесін сахнада үш құрамда - Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев, актер Нартай Сауданбекұлы сомдайды», делінген хабарламада.
Спектакль премьерасына орай, 29 наурыз күні сағат 17.30-да бұқаралық ақпарат өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтеді. Оған театр директоры Ернар Жұматаев, театрдың көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбай, режиссер Болат Ұзақов қатысады.
29 наурызда сағат 19.00-де театр сахнасында спектакль көрсетілімі басталады.