09 там, 2019 сағат 10:32

Калифорнияда ер адам төрт адамды пышақтап, тағы екеуін жарақаттады

Сәрсенбі күні кешке Калифорния штатында болған қантөгістің салдарынан төрт адам көз жұмды, тағы екеуі жараланды, деп хабарлайды USA Today.

Полиция Лос-Анджелестің оңтүстік-шығысында орналасқан көршілес Гарден-Гроув және Санта-Ана қалаларында екі сағаттың ішінде бірнеше адамға шабуыл жасады деген күдікпен 33 жастағы ер адамды тұтқындады.

Гарден-Гроув қалашығы полициясының мәліметінше, күдікті адамдарды тонамақ болып бас салған. Полиция қаскөйді Санта-Ана қаласында ұстады. Мұнда ол дүкеннің күзетшісін өлтірген. Калифорния штатының билігі күдіктінің ізіне оның сұр түсті «Мерседес» көлігінің жүрген жерін анықтау арқылы түсіп, дүкен жанындағы тұрақтан тапқан.

Полиция қызметкерлері ер адамның өте ашулы болғанын және көп адамға шабуыл жасағанын айтты.

Полицияға ең алғашқы қоңырау пәтерден түскен. Онда ұры түсіп, бір адам жараланғаны хабарланған. Күдікті пәтер тонаған тұрғын үйде тағы екі адамды өлтірген. Екеуінің бірі балконнан пышақталған күйінде табылса, екіншісі ауруханада көз жұмды.

Алайда күдікті мұнымен тоқтап қалмаған. Ол тоқаш сататын дүкенді, чекті қолма-қол ақшаға айналдыратын компанияны, сақтандыру компаниясын тонап, банкте әйел адамға бірнеше рет пышақ сұққан.

Сондай-ақ, қылмыскер жанармай құю стансасында ер адамды бас салып, мұрнын кесіп ала жаздаған. Жанармай құю бекетінің маңындағы мейрамхананың қызметкері де күдіктінің тағы бір құрбанына айналды.

Полиция барлық зардап шеккендер мен күдікті латынамерикалық азаматтар екенін растады.