2021 жылдың 4 айында автобус көлігімен 1,8 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылдың 4 айы ішінде автомобиль көлігімен 860 млн тонна жүк, 1,8 млрд жолаушы тасымалданды. Бүгінде 10,5 мың қалалық автобустың 46 пайызы тозған, жыл сайын 2 мыңын жаңарту қажет. Осыған орай биыл жеңілдетілген лизинг бойынша 22 млрд теңге бөлінді, ол қаражаттан жыл басынан бері 3 өңірге 383 отандық автобус жеткізілді», - деді ол.
Министрдің айтуынша, қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешені аясында 2021 жылға әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға 58,1 млрд теңге бөлінді.
«Сонымен бірге, осы жылдың мамыр айында тұңғыш рет автокөлік саласындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық келісімге қол қойылды. Ол сала жұмыскерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Автобус тасымалы, автовокзалдар мен автостанцияларға бөлшек салықтың арнаулы салық режимі енгізілді. Олар үшін 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін 3 пайыз мөлшерде қосымша құн салығы белгіленді», - деді Бейбіт Атамқұлов.