Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, шахматтан Қазақстан мен Азияның бірнеше дүркін чемпионы, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлісхан Нахбаева шахмат үйретуді мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің басты идеям – спорттың бұл түрін зияткерлік ретінде насихаттау, яғни балаларға ойынмен танысуға және ақылды, толерантты, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік беру», - деді Гүлісхан Нахбаева Президенттік жастар кадрлық резерві форумында сөйлеген сөзінде.
Спикер адами капиталдың басты мақсаты – ел экономикасын дамыту екенін атап өтті.
«Ел экономикасының басым бөлігін білім беру секторы алып отыр. Сондықтан, біз шахматты мектептегі оқу бағдарламасына дене шынықтыру ретінде қосатын болсақ, онда келешек ұрпақ ақылды болып өседі деп ойлаймын. Өйткені, балалар – еліміздің болашағы. Қазіргі уақытта мен Шымкент әкімінің шақыртуымен білім басқармасына ауыстым. Мұнда пилоттық режимде үйірме ретінде 2-4 сынып оқушыларына шахматты мектеп бағдарламасына қостық. Ол үшін 360-тан астам дене тәрбиесі мұғалімі шахматты үйрету әдістері бойынша арнайы біліктілік курсынан өтті», - дейді Гүлісхан Нахбаева.