Белгілі дінтанушы Қабылбек Әліпбайұлы уағыздарының бірінде сәләфизм мен уахабизмнің түпкі мақсаты бір екенін айтып, жастарды адаспауға шақырды, деп хабарлайды Baq.kz.
«Араб әлеміндегі ғұламалар кітап жазып шықты. Олар қазіргі сәләфилер – бұрынғы уахабистер екенін айтып отыр. Айтқан сөзіме жауап беремін. Өйткені әлемге уахабизм жаман атпен таралып кеткендіктен, олар аттарын өзгертіп келді. «Жоға, мен уахабис емес, сәләфитпін» дейді. Сәләфизм мен уахабизм бір нәрсе: біреуі - ақ ит, біреуі - қара ит. Бауырлар ондай жолды тастау керек. Сен ешқашан сәләфи бола алмайсың. Ол үшін 14 ғасыр бұрын дүниеге келуің керек еді. Мысалы, қазір мына Ернар бауырымды шығарамын да, Ұлы Отан соғысының ардагері деп таныстырамын. Қабылдамайсыздар ғой?! Отан соғысы деген бірден 41-45 жылдар есімізге түседі. Олардың аты алтын әріптермен жазылып, қияметке дейін тұрады осылай.
Дәл сол секілді «сәләф» деген кезде Пайғамбарымыздың хадисі еске түседі. Ең кемелденген ғасыр – менің ғасырым, одан кейінгі келетін ғасырларда дін бұзылады деді. Сол кезде сахабалар: «Уа, Расулулла, дін бұзылса, кімнен үйренеміз» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз: «Менің сүннетіммен жүретін жамағатпен бірге болыңдар», - деді. Міне, хадисте осылай айтылған. Демек сен сәләф бола алмайсың ешқашан... Қайта фитна шығарып жатырсың. Сол үшін ақыретте жауап бересің.
Қаншама отбасы бұзылды. Қаншама ата-ана жылап отыр. Түрмеге жабылды, соғыста өлді. Сондықтан бауырлар, Алланың берген өміріне шүкіршілік етіп, намазыңды оқы, бала-шағаңа ие бол, жұмысыңды істе, бұл өмірден абыроймен кетуіміз керек».