Фото: pexels.com
Израиль армиясы Ливанға басып кірген соң БҰҰ-ның 15 бітімгері жарақат алған. Бұл туралы Tengrinews.kz Euronews-тің шығарылымына сілтеме жасап хабарлады.
Айта кетейік, бұл оқиға Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке бітімгерлерді "қақтығыс аймағынан дереу шығару" туралы үндеу жасағаннан кейін болып отыр.
Басылым тілшілері Қорғаныс министрлігінен қазақстандық бітімгерлер арасында зардап шеккендер бар-жлғын сұраған. Себебі Қазақстан 2018 жылдан бері БҰҰ мандатына сәйкес Ливанға өз әскерилерін жіберіп келеді.
Министрлік қазіргі уақытта Қазақстаннан барған үш штаб офицері сол жерде штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. Қақтығыстың өршуі олардың қызметтік орындарынан алыс қашықтықта екен.
"Егер жағдай ушыға түссе, қазақстандық әскери қызметшілерді эвакуациялау мәселесі БҰҰ Хатшылығы және миссия басшылығымен бірлесе отырып қаралатын болады. Қорғаныс министрлігі олармен тұрақты байланыста", - деп атап өтті ведомство өкілдері.