05 ақп, 2021 сағат 19:51

Италиялықтар үкіметтің жаңа басшысының мақұлдануын күтіп отыр

Өткен аптада Джузеппе Конте Италияның премьер-министрі қызметінен кеткен соң италиялықтар үкіметтің жаңа басшысының мақұлдауын күтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Италияда премьер-министрлер жиі ауысады. Соңғы 75 жылда бұл елде орта есеппен 14 айда бір премьер-министр келеді екен. Әйтсе де Контенің қызметінен кетуі - италиялықтардың көпшілігі үшін күтпеген жағдай болды. Себебі саясаткер таяуда ғана заң шығарушы органның екі палатасының да қолдауына ие болған еді. 

Алайда Италияның экономикалық жағдайы қазір қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Экономиканың негізгі салаларының бірі - туризм пандемия кезінде үлкен шығынға ұшырады. 2020 жылы Италия экономикасы 9%-ға қысқарды. Жұмыссыздық деңгейі 10%-ды құрайды. Жұмыссыздық деңгейі әсіресе жастар арасында жоғары болып тұр.

Дж. Конте үкіметі отставкаға кеткеннен кейін Италия президенті Сержио Маттарелла өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, осы қызметке экономист әрі Еуропалық Орталық банктің бұрынғы президенті Марио Драгидің кандидатурасын ұсынды.

Бекітілген тәртіпке сәйкес, Италия премьер-министрін Республика Президенті тағайындайды. Содан кейін премьер-министр қызметінде қалу үшін ұлттық парламенттің сеніміне ие болуы керек. Лауазымның өзі ресми түрде премьер-министр емес, Министрлер кеңесінің төрағасы деп аталады.

М.Драги парламенттегі депутаттардың көпшілігінің мақұлдауын алғанға дейін Дж.Контенің бұрынғы үкіметі өз қызметінде қала береді. Егер Италияда саяси партиялар М.Драгидің кандидатурасы жөнінде ортақ мәмілеге келе алмаса, онда президент басқа кандидат іздеуге мәжбүр болады. Бұл пандемия кезінде жалпы алғанда ел басқаруына кері әсерін тигізеді.

Сондықтан Италия президенті С.Маттарелла саясаткерлерді «дәл қазір Италияны құтқару үшін топтасуға» шақырды.