18 ақп, 2021 сағат 07:15

Испан рэпері Пабло Хасельдің тұтқындалуы наразылық акциясын туғызды

Испандық рэп орындаушысы Пабло Хасельдің тұтқындалуы бірқатар қалада полициямен қақтығысқа ұласқан наразылық акцияларын тудырды, деп хабарлайды Еuronews агенттігі.

Барселонада мыңдаған адам көшеге шықты. Олар қоқыс жәшіктерін өртеп, полицейлерді таспен атқылап жатыр. 

Испания корольдік үйінің өкілдерін «паразиттер, мафиоздар, ұрылар және қылмыстық топ» деп атаған, сондай-ақ полицияны «мигранттарды өлтірді» деп айыптаған твиті үшін Хасель тоғыз айға қамауға алынды. 

Жоғарғы сот мұны монархияны қорлау және терроризмді дәріптеу деп қабылдады. 

Рэпер өзін-өзі құқық қорғау органдарына тапсыруға міндеттелді, бірақ ол одан бас тартып, Льеда университетінде жақтастарымен бірге бір күн болған, содан кейін ұсталған. 

Пабло Хасель коммунистік көзқарасты ұстанады, бұл оның шығармашылығында көрініс тапқан. 

Бұған дейін ол «соттың үкімін күтіп, шетелде жасырынуға болатын еді, бірақ елде қалып, күресу әлдеқайда пайдалы» деп мәлімдеген болатын.