ҚР Ішкі істер министрлігінде Отан қорғаушы күні қарсаңында 29 қызметкерге мемлекеттік награда тапсырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Отан қорғаушы күнін мерекелеу қарсаңында ел Президентінің Жарлықтарымен 29 полицей, азаматтық қорғау қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекеттік наградалармен марапатталды, ал бес басшыға жоғары офицерлік атақ берілді.
Мемлекет басшысының атынан наградаларды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев табыс етті.
«Бұл құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ететін ішкі істер органдарының барлық жүйесінің жұмысына берілген жоғары баға. Сонымен бірге негізгі функциялармен қатар бізге төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша ерекше міндеттер жүктелді. Сіздер оларды лайықты орындап келесіздер», – деді марапат алған қызметкерлерге министр.
Ол көптеген қызметкерлер қазір ұзақ уақыт бойы өз отбасыларын көрмей, дала жағдайында өмір сүріп жатқанын атап өтті.
«Біздің қызметкерлер мен әскери қызметшілеріміздің табандылығы, төзімділігімен қайсарлығы тек туған-туысқандарында ғана емес, еліміздің тұрғындарының да мақтаныш сезімін тудырады. Біз қоғамның мәжбүрлі шектеулерге түсіністікпен қарайтынын және біздің жұмысымызды оңбағалайтынын көріп отырмыз», – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Ішкі істер органдары мен құтқару қызметтерінің қызметкерлері өздерінің қызметтік және азаматтық борышын орындай отырып, көбінесе өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан, апаттан құтқарады және өмірлік қиын жағдайларда көмек көрсетеді.
Марапатталғандардың арасында адамдарды өрттен құтқарған полиция қызметкерлері бар. Олар – полицияның учаскелік инспекторлары Ерлан Жаңабаев, Азамат Өтегенов, Ербол Аманбаев. Учаскелік испекторлар Қуандық Сүйіндіков пен Тимур Балмағамбетов, анықтаушы Марат Нұрымбетов мұз астына батып бара жатқан балаларды құтқарды.
Аға инспектор Еркебұлан Сапанов көпірден секіріп кеткен қызға көмек көрсетті. Марапаталған полиция бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Шәбденов, өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Сергей Мазур, өрт сөндірушілер Азамат Көпбосынов және Ыдырыс Бақберген, полицей жүргізуші Сағындық Жәкенов өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан, ерлік жасады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери бөлімінің офицерлері Болат Құлым мен Болат Рүстемов аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау бойынша арнайы операцияда батыл әрекет етті.
Тергеуші Шолпан Меденова жүкті болғанына қарамастан, көшеде байқалған іздеуде жүрген күдіктіні ұстап, криминалдық полиция қызметкерлеріне тапсырды. Мемлекеттік наградалармен ІІМ-нің ерекше көзге түскен өзге де қызметкерлері марапатталды.
«Бұл марапаттар – сіздің кәсіби еңбегіңіздің бағасы ғана емес. Бұл-жауапкершіліктің жаңа деңгейі. Бізге ел басшылығының жоғары сенімін ақтау үшін барлық білім мен тәжірибемізді жұмсауымыз керек», – деп қортындылады Ішкі істер министрі.