коллаж: inbusiness.kz
"Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов Алматыдағы концерттегі әрекеті үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Барша қазақстандықтар, менің есімім - Азамат Маркленов. Мен - Шоу Ирины Кайратовны тобының мүшесімін.
Соңғы жағдайдағы концертке тоқталғым келіп отыр. Өз басым баршаңыздан, қазақстандықтардан кешірім сұрағым келіп отыр. Өзімді сахнада мәдениетсіз ұстағаным үшін, ішімдік ішкенім үшін. Мойындаймын. Бұл - менен кеткен үлкен қателік. Бұл - мен үшін үлкен сабақ. Ендігі қайталанбайды деп уәде беремін сіздерге. Себебі біздің концерттерге тек қана жастар емес, жасөспірімдер, кішкентай бүлдіршіндермен келетін жанұялар бар. Сондықтан баршаңыздан кешірім сұраймын. Жаман ниет, жаман ой ешқайсымызды болған емес. Кешіріңіздер", - деді Азамат Маркленов.
Сонымен қатар, топ мүшесі Shiza лақап атымен танымал рэпер Асхат Жолшиев үшін де кешірім сұрады.
"Өзімнің әріптесім, досым, осы концертке арнайы шақырылған Shiza үшін де кешірім сұрағым келеді.
Shiza туды біреуге бергісі келіп, біреуге естелік болып қалсын деген оймен істеген еді. Ішімдіктің кесірінен деп ойлаймын, мойындаймын оны. Кешіріңіздер", - дейді Азамат.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza-ның концерті өтті. Кеш үстінде реперлердің бірі Қазақстанның мелекеттік туына құрметсіздік танытып, сахнада балағат сөздер айтқан.
Әлеуметтік желі қолданушылары "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов пен рэпер Асхат Жолшиевтің сахнадағы әрекетін сынға алып, заң жүзінде шара қолдануын талап еткен еді.