Қазақстандықтарға ірі қалалар төңірегіне блокпосттар қойылатындығы туралы жалған ақпарат тарағандығы ескертілді, деп хабарлайды StopFake.kz порталы.
Аталған порталда таратылған ақпаратта қазақстандықтар бір-біріне 9 мамырдан бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілетіндігі және ірі қалалардың төңірегіне блокпосттар қойылатындығы туралы хабарламаларды таратып жатқандығы айтылған. Хабарламада дәлел ретінде телевизиялық жаңалықтар топтамасынан үзінді келтіріледі. Шындап келгенде бұл хабарлама - фейк, ал жаңалықтың өзі өткен жылғы.
WhatsApp арқылы таратылып жатқан жаңалықтар шығарылымының үзіндісінде 2020 жылдың 7 қарашасы деп нақты дата көрсетілген. Сонымен қатар жаңалықты «Хабар 24» емес, «МИР 24» телеарнасының тілшілері түсірген. Кадрда диктор нақты айды атамай тек «9-ы күнінен бастап қаладан шығуға және кіруге тыйым салынатындығын» айтады. Осылайша, аталған хабарламадағы 9 мамыр делінген дата ойдан шығарылған.