Фото: ашық дереккөз
Алдағы аптада Иранда моральдық нормаларды реттейтін жаңа заңдар күшіне енеді, оларды сақтамағаны үшін қатаң жазалар қарастырылған, деп хабарлайды The Guardian.
Желтоқсан айының басында қабылданған «Имандылық пен хиджаб мәдениеті» туралы заң киім мен мінез-құлыққа қатаң шектеулер енгізеді. Бұзушылықтар қатарына жалаңаштықты насихаттау, орынсыз киім кию, иық, тобық немесе декольте аймағын ашу, сондай-ақ кез келген «әдепсіз» әрекеттер жатады.
Нормаларды сақтамағаны үшін айыппұл салу, 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал аса ауыр жағдайларда өлім жазасы сияқты жазалар қарастырылған. Мысалы, шетелдік делегациялар немесе БАҚ өкілдері алдында «әдепсіз түрде» көрінген әйел 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін және 12,5 мың фунт стерлингке (шамамен 8 млн теңге) дейін айыппұл төлеуге міндеттеледі. Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін жазалар қатаңдатылады.
Amnesty International құқық қорғау ұйымы бұл заңға қатысты алаңдаушылық білдірді. Олар заңның кейбір ережелері Ираннан тыс жерде халықаралық БАҚ-қа видеоматериалдар жіберген әйелдер мен қыздарды қудалауға қолданылуы мүмкін екенін атап өтті. Мұндай әрекеттер нормаларды бұзу ретінде қарастырылып, өлім жазасына дейін жазалану қаупін төндіреді.