25 жел, 2024 сағат 11:54

Иранда WhatsApp пен Google Play жұмыс істей бастады


Фото: Polisia.kz

Елде қосымшаларды пайдалануға салынған тыйым алынып тасталды, деп хабарлайды ИРНА агенттігі.

ИРНА агенттігінің хабарлауынша, Иранның Киберкеңістік жоғары кеңесінің мүшелері бірауыздан кейбір танымал шетелдік платформаларға, соның ішінде WhatsApp пен Google Play-ге кіруге қойылған шектеулерді алып тастауға дауыс берді.

Жиында бұғаттау саясатын қайта қарау мәселесі көтеріліп, бұған дейін зерделенген түрлі ведомстволардың пікірлері талқыланып, осындай шешім қабылданды.

Кеңес мүшелері отандық платформаларды қолдау қажеттігін де атап өтті.

Айта кетейік, 2022 жылдың қыркүйек айында Иранда хиджапты дұрыс кимегені үшін айыпталған 22 жастағы Махса Аминидің өліміне байланысты наразылықтар басталғаннан кейін елде мессенжер мен қолданбалар бұғатталған болатын. Сол уақытта Instagram-ға да тыйым салынды.

Иранның бас прокуратурасы 2014 жылы WhatsApp пен Viber желілеріне кіруге тыйым салуды талап еткен болатын.