03 мау, 2024 сағат 16:11

Иранда тұңғыш рет әйел адам президенттікке үміткер ретінде тіркелді

Фото: mehrnews

Иран президенттігіне алғашқы әйел үміткер ретінде тіркелді. Бұл туралы 1 маусым күні Mehr агенттігі жариялады. 

Ақпаратқа сүйенсек, Иранның бұрынғы депутаты, ғалым Зохре Элахиан президент Ибрахим Раиси ұшақ апатынан қайтыс болғаннан кейін белгіленген кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркелген алғашқы әйел болды.

"Ислам Иран аспанынан үміт нұры көрінді. Өз елімнің әйелдер қоғамының өкілі ретінде сайлау кеңсесіне құжаттарды тапсырдым", — деп жазды Элахиан өзінің X парақшасында.


Mehr агенттігі мәләмдегендей, үш күнде президент сайлауына қатысуға 17 адам өтініш білдірген.

Олардың арасында парламенттің бұрынғы басшысы Әли Лариджани, Орталық банктің бұрынғы басшысы Абдул Насыр Хеммати, Ислам революциясы Сақшылар корпусының бұрынғы қолбасшысы генерал Вахид Хагганян, Тегеран мэрі Алиреза Закани және Иранның рухани жетекшісі Аятолланың Ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесіндегі өкілі Саид Джалили бар.

Иран парламентінің қазіргі алты мүшесі және бұрынғы бес мүшесі де сайлауға түскісі келетінін білдірген.

Үміткерлерді тіркеу 30 мамырда басталып, 3 маусымға дейін жалғасады.