01 ақп, 2023 сағат 11:18

Иранда қыз бен жігіт «Тегеран қақпасы» алдында билегені үшін 10 жылға сотталды


21 жастағы ирандық қыз бен оның 22 жастағы сүйіктісі «Тегеран қақпасы» деген атпен танылған Иран астанасының символы – Азади мұнарасының жанында билеп, видеосын әлеуметтік желіге салғаны үшін он жылға қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

Ақпарат бойынша, Астиаж Хагиги мен Амир Мохаммад Ахмади «Азғындық пен қоғамдық жезөкшелікті насихаттағаны» және «ұлттық қауіпсіздікті бұзу мақсатында жиын өткізгені» үшін айыпты деп танылған.

Олардың романтикалық биі таспаланған видео Instagram желісінде жарияланып, миллион қаралым жинаған.

Хакики мен Ахмади – елдегі танымал блогерлер, олардың парақшасына көп адам жазылған.

Кейінгі айларда Иран билігі әйел құқықтарын қорғайтын науқан қатысушысы деп есептейтін адамдардың бәрінің соңына түсті.

Жаппай қарсылық көрсету былтыр қыркүйекте 22 жастағы Махса Аминидің өлімінен кейін басталды. Жас қызды Ислам әдет-ғұрып полициясы хиджапты дұрыс тақпағаны үшін ұстап әкетіп, ол полиция учаскесінде қайтыс болған.

Махсаның туыстары мен оны әкеткенін көрген куәгерлердің айтуынша, оны ұрып-соққан.