08 қар, 2016 сағат 15:38

«Интернационалдық кеңес галстугі» және Түркістандағы Кеңес шошқалары

«Галстук» еуропаша киімге жарасады. Бірақ, біз бұл арада ол туралы айтайық деп отырған жоқпыз. Біз «саяси галстук» туралы айтпақпыз. «Саяси галстуктің» не екенін білгіңіз келсе, мына төмендегілерді оқыңыз.

Көне Ресейде «Столыпинский галстук» деген бейнелі сөз бар болатын. Бұл сөз патшалық Ресейдің ең беделді министрлерінің бірі Столыпиннің көптеген адамдарды дарға асып өлтіруіне байланысты шыққан. Ол кезде «Столыпин галстугін киді» деген сөз, ол адамның дарға асылып өлтірілгенін білдіретін…

Заман өзгерді. Столыпин түзімі тарихқа айналды. Алайда, «Столыпин галстугі» деген бейнелі ұғым қолданудан әлі қала қойған жоқ. Заман талабына және орыс пролетариат диктатурасы тудырған жағдайларға сәйкес әлгі «Столыпин галстугі» енді бүгін түсін өзгертіп, «Интернационалдық Кеңес галстугі» болып шыға келді. Мұны пайдалану тәсілдері де бұл күнде көп өзгеріске ұшыраған. «Интернационалдық Кеңес галстугі» қазір түрікшілдікке, Түркістандағы түрік тілінің мойнына байланатын болды. Журналымыздың осы санында шағын үзіндісі жарияланған бір түркістандықтың хатынан Түркістаннан Соловкаға жер аударылғандар арасынан Бөріұлы Күмішәлінің есімін кездестіреміз. Бұл адамның Кеңес үкіметіне қарсы «қылмысының» ауырлығы сонша, Түркіменстан партия комитетінің 6-құрылтайында оның атына қарғыс жаудырмаған «жауапты қызметтердегі партия мүшелері» қалған жоқ. Солардың арасында партия комитетінің бас хатшысы Попов пен екінші хатшысы Ойліңұғылы Шарилер Күмішәлінің кеңестік ұлт саясатына қарсы жүргізіп келген «зиянкестері» туралы арнайы тоқталды.

Ойліңұғылы Шаридің айтуынша, «Бөріұғылы Күмішәлі түркімен тіліне орнығып, қалыптасып қалған «пальто», «галстук» тәрізді интернационал сөздерді қолданудан бас тартып, олардың орнына «сырт киім», «мойын бау» тәрізді түркімендерде қолданылмаған, түрік құлағына жат сөздерді тілдік айналымға салған көрінеді…»

Ойліңұғылы одан әрі былай деп жазады: «Біз тіл және ғылым саласында жергілікті (түрік) ұлтшылдардың халыққа сіңісті болып кеткен интернационалдық атаулардың орнына құлаққа түрпідей тиетін түрікшілдік (пантүркистік) атаулар мен сөздерді қолдануына қарсы күресімізді жалғастыра береміз…» («Туркменская Искра», 1934 жыл, 21 қаңтар). Көріп отырсыздар, әсілінде орыстың да сөзіне жатпайтын «пальто», «галстуктер» түріктерге сіңісті екен де, төркіні түрік «сырт киім», «мойын баулар» Түркістандағы түріктердің құлағына түрпідей тиіп, тілдерін бұзып, былғайтын жат сөздер екен.

«Мойын баудан» олардың ат-тонын ала қашып отыруының себебі, оны Анадолы түріктерінің қолданатынында болса керек.

Осы айтылғандарға қарап отырып, біз Столыпиннің «қара мойынбауы» бұл күнде қызыл түске боялып, «түркіліктің және түрік тілінің мойнына байлаңды» деген қорытынды шығара аламыз. Және мұндай қорытынды шығаруға хақылымыз да.


***


Түрік тілінің мойнына байланған «кеңестік интернационалдық галстук» орыс пролетариат диктатурасының Түркістандағы рухани саладағы табыстары болса, бұл диктатураның экономикалық саладағы табыстары да «жаман» емес. Оны біз Түркістандағы партия комитеттерінің соңғы құрылтайларының материалдарынан («Яш Түркістанның» 52-санында) анық көргендей болдық. Осы табыстарға байланысты Өзбекстан партия комитетінің бас хатшысы Акрамұлы Камал ауыл шаруашылық саласы бойынша Ташкентте шақырылған құрылтайда аса жалынды сөз сөйледі. Кезекті оның өзіне берейік: «Жалалқұдық ауданында Софы Қыпшақ деп аталатын бір өзбек колхозынан мен отыздай шошқа көрдім. Осындағы бір колхозшы кемпірден:
– Сіздер шошқа етіне үйрендіңіздер ме? – деп сұрадым.
– Құдай сақтасын, біз шошқа етін жемейміз…
– Ендеше осыншама шошқаны неге бағып отырсыздар?
– Үкіметке өткіземіз. Ет салығына тапсырамыз… («Қызыл Өзбекстан», 34.11.23; «Правда Востока», 34.11.24.)» Тыңдап отырғандар ду күлді. Оларға қосылып Камал да рахаттана күледі. Ал, бірақ, шошқа бағуға мәжбүр болған әлгі өзбек кемпір мен қышлақтарында шошқалары қорсылдап жүрген Түркістан түріктері де шаттанып күле алар ма екен?

Салығынан құтылу үшін шарасыздықтан шошқа баққан Түркістан түріктері осындай үкіметтің экономикалық саясатына разы болып отыр деуге кімнің аузы бара алады?

Бір кезде Сталин ұлт істері жөніндегі халық комиссары болып тұрған кезінде, Түркістандағы қазақ түріктерінен салықты шошқамен қайтаруды талап еткен большевик шенеуніктеріне «қазақтар – мұсылмандар. Олар шошқа бақпайды. Олардан шошқа талап ету ақымақтық», – деген болатын. Алайда үкімет басына Сталиннің өзі келген соң, әлгіндей «ақымақтық» мемлекеттік деңгейге көтеріліп, «Түркістан  ұлттық экономикасының табыстары» ретінде салтанатты қол соғулар мен шат күлкілер ішінде қарсы алынды…    


***


Журналист доктор Таһир бек «Яш Түркістанның» осы санындағы бір мақаласында Түркістанды неліктен кеңестік Ресейдің «Қызыл отары» деп атайтынымыздың себептерін түсіндірді. Түркістандық ұлттық мүдделерді жалпы кеңестік Ресейдің мүдделеріне бола құрбандыққа шалып отырған саясатты бұдан басқаша атау мүмкін емес. Ленин мен Сталиннің өздері де осыны растайды. «Бір ұлттың рухани, экономикалық мүдделері екінші бір күшті ұлттың мүдделеріне құрбан етілуі отаршылдық болып табылады» деп олар да талай рет жазған болатын. Ендеше, Ленин мен Сталиннің дүниежүзіне кеңінен мағлұм осы теориясы бойынша Түркістан кеңестік Ресейдің отары екенінде дау жоқ. Сол себепті де түріктікке, түрік тілі мен түріктік рухқа «кеңес мойын бауы» салынып, орыс пролетариатының қажетін өтеу үшін Түркістан түріктері шошқа бағуға мәжбүр етілуде.


Мұстафа ШОҚАЙ, 
1934 ж., №53
«Жас Түркістан»