28 мам, 2021 сағат 14:23

Instagram-да неге жауап бермейсіз – Аймағамбетов түсіндірді


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Instagram-дағы жеке парақшасына келіп түсетін сауалдарға неліктен жауап бермейтіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Instagram-да мені оқып отыратын 100 мыңнан астам халық бар. Күніне 400-500-ге дейін сұрақ келіп түседі. Facebook парақшама да біраз сұрақ түсіп жатады. Оған қоса блогыма түсетін сұрақтар бар. Сондықтан күніне мың сұраққа жауап беру қиын. Оның үстіне ол сұрақтардың көпшілігі қайталанып отырады. Көпшілігі министрліктің сайтында жауап берілген мәселелерді қамтиды. Тағы біразы жүйелі мәселені емес, адамның жеке құқығына байланысты болып келеді. Білім және ғылым министрлігі, жалпы министр нақты осындай мәселемен жеке өзі айналысатын болса, онда оның жұмыс істеуіне қиындық туады», - деді Асхат Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесу барысында атына түскен сауалға орай. 

Оның атап өтуінше, келіп түскен сұрақтар жергілікті атқарушы органдарға жіберіліп отырады. Олардың тарапынан шешім таппаған жағдайда ғана мәселе министрлікте қарастырылады.