Желіде inDriver такси агрегаторы кеңсесінің бір бөлігін Қазақстанға көшіретіні туралы ақпарат шықты. Компания баспасөз қызметі пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Журналист Марат Шәкен Telegram-арнасында inDriver халықаралық жолаушылар тасымалы қызметі Қазақстанда мамандар іздеп жатқанына назар аударған.
Бос орындарға маман іздеуде басты талапта "Нұр-Сұлтан қаласын міндетті түрде білу" және "жылжымайтын мүлік нарығын түсіну" көрсетілген.
"InDriver кеңсесінің бір бөлігін Қазақстанға көшіру (кәсіпкерлік орнын ауыстыру - еск.) мәселесін қарастырып жатыр. Қазіргі уақытта компания түрлі мәселелер бойынша шетелдік әріптестерді толық қолдау үшін Нұр-Сұлтан қаласын міндетті түрде білетін және жылжымайтын мүлік нарығын түсінетін маман іздеп жатыр. Сондай-ақ, компанияда Қазақстан бойынша Country manager/bizdev бос орын бар. Қазақстанда inDriver бос жұмыс орындарының толық тізімін сілтемеден алуға болады", - деп жазды Марат Шәкен.
inDriver баспасөз қызметі қазіргі жағдайда компанияның ресейлік қызметкерлеріне 10 елдегі кез келген бас кеңседен уақытша немесе ұзақ мерзімді немесе толығымен қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі берілгенін түсіндірді.
"Олардың кейбіреуі Қазақстанға келеді, онда компанияның екі кеңсесі - Нұр-Сұлтан мен Алматыда орналасқан. Бүгінде Қазақстан ТМД елдеріндегі inDriver үшін ең үлкен нарық саналады. Сонымен қатар, қызметкерлер өзін жайлы сезінеді. Бұл жерде елдеріміздің ежелден келе жатқан мәдени, іскерлік және әлеуметтік байланыстары бар", - деді компания.
951 рет оқылды