23 сәу, 2019 сағат 15:40

Индонезияда дауыс санаудан зорыққан сайлау комитетінің 91 мүшесі жан тапсырды

Индонезияда өткен жалпыхалықтық сайлаудағы дауыстарды санау кезінде титықтап зорыққан 91 адам қайтыс болды. Бұл туралы сейсенбіде Antara агенттігі Индонезия Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ариф Будиманға сілтеме жасап хабарлады.

Ариф Будиманның айтуынша, тағы 374 адамның қатты қалжырағандықтан денсаулығы күрт нашарлаған.

Құрбан болғандардың арасында Малуку провинциясындағы сайлау учаскесінің басшысы Адодо Молу да бар. Ол өңірдегі сайлау қорытындыларына арналған жалпы отырыс кезінде жан тапсырды.

17 сәуір күні Индонезиядағы ең үлкен сайлау өткізілді. Ел азаматтары президенттен тыс екі палатаның депутаттарын, жергілікті заң шығарушыларды сайлаған.

Сайлауға жалпы 240 кандидат қатысып, олар 20 мың орынға таласқан болатын.

Дауыс беруге 193 млн сайлаушының 80 пайызы келген.