10 ақп, 2021 сағат 11:55

Індет кезінде халық игі істердің жанынан табылды – Аида Балаева

Кез келген ұлы іс, кішкентай қадамдардан басталады. Ең бастысы – бірінші қадамды жасау. Бүгін «Қайырымды істер марафонының» басталуына арналған іс-шарада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін айтылған барлық игі бастамаларды өңірлердің ары қарай жалғастыруы маңызды. Індет кезінде ел халқының жақсы игі істердің жанынан табылатыны айқын көрінді. Біздің үлкен ұлт ретінде қалыптасқанымызды көрсетті. Тәуелсіздіктің ең басты құндылығы да, басты мақсаты да осы шығар. Сондықтан індет кезінде халқымыз өзінің бойындағы керемет қаситеттерді таныта алды. Осы орайда бір-бірімізге деген қамқорлықты, қайырымдылықты, сондай-ақ ең бастысы, бірлесе жұмыс істеуді үлкен жақсы жолға қойдық», - деді министр «Қайырымды істер марафонының» басталуына арналған іс-шарада. 

Бұл тұрғыда ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамдық институттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

«Жалпы игі іс-шаралардың басында бірге болайық. Биыл да «Біз біргеміз» ұранын ары қарай жалғастырып, бірге жұмыс істейік. 2020 жыл тиісті нәтижелерді көрсетті ғой, волонтерлік ұйымдардың саны артты. Бұл тұрғыда әр бағытта еріктілер өз жұмысын көрсете алды. Сондықтан бүгінгі іс-шараның бағыттары кеңейеді деп сенемін. Осы орайда жаңа тұлғаларды көреміз деп сенемін», - деді А. Балаева.