04 қаң, 2025 сағат 14:55

Инаугурацияға он күн қалғанда Трампқа үкім шығады

фото:BBC

АҚШ-қа жаңа сайланған Трамптың инаугурациясына он күн қалғанда оған сот үкім шығаратын болды. Бұл туралы BBC хабарлады, деп жазады Ult.kz.

Порножұлдыз Сторми Дэниэлске «үндемеуі» үшін төлем жасағанын жасырғаны және жазбаларды бұрмалау ісі бойынша Дональд Трампқа қатысты үкімді АҚШ президентінің инаугурациясына он күн қалғанда яғни 10 қаңтарда жариялайтынын мәлімдеді Нью-Йорк штатының судьясы Хуан Мерчан.

Судья Трампты нақты түрме жазасына кесу ниеті жоқ екенін айтып, сот үкімін жариялау кезінде оның жеке өзі немесе бейнебайланыс арқылы қатысуына рұқсат берді.

Бұған дейін, 30 мамырда, қазылар Трампты тағылған 34 айып бойынша кінәлі деп тапты. Дегенмен, Трамп өзінің кінәсіз екенін мәлімдеген болатын.

Үкім жариялау бірнеше рет кейінге шегерілген, ал қарашадағы президенттік сайлауда Трамп жеңіске жеткен соң оның адвокаттары президенттік иммунитетке сүйене отырып істі жабуды ұсынған.

Бұл іс — Трампқа қарсы түрлі юрисдикцияларда қозғалған бірнеше қылмыстық істің ішінде үкім шығаруға дейін жеткен жалғыз іс. Алайда, саясаткердің Нью-Йорк штаты соттарында апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар.

Ал федералдық деңгейдегі екі іс Трамп президент болып сайланған соң тоқтатылған, себебі АҚШ Әділет министрлігі президентке қылмыстық іс қозғауды конституцияға қайшы деп санайды. Джорджия штатындағы іс прокурор Фани Уиллистің дисквалификациялануына байланысты ұзақ мерзімге тоқтатылған.