10 қаң, 2022 сағат 08:51

Иманғали Тасмағамбетовтің үндеуі


Мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан халқына үндеу жасады, деп хабарлайды Abai.kz порталы.


"Ағайындар, бауырлар, азаматтар!

Осынау қаңтардың қаһарлы күндері елімізде, оның ішінде айналайын ақ Алматымыздың басына түскен қаралы күндері орын алған дүрбелеңде Өздеріңізге үн қатуды азаматтық парызым деп білемін.

Өкінішке орай, осы күндері қаза тапқан азаматтар аз емес. Олардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Имандары жолдас болсын.

Сөз жоқ, біздің ел ежелден еңбек пен ерлікті, жігер мен ерікті ту еткен текті халық. «Бас кеспек бар болса да, тіл кеспек жоқ» деп өз тілегін тілімен, сөзімен жеткізген жұрт. Сондықтан да бұл күндері кей өңірлерде басталған шерулер бейбіт сипатта, әділетті талаппен болды. 

Десе де, арнайы дайындалған арандатушылар мен содырлар жағдайды пайдаланып кетті. Нәтижесінде, «Тәуелсіздіктің тал бесігі» саналатын алып шаһарды қантөгістің алаңына айналдырды. Бұл жәй ғана қылмыс емес. Бұл - жауыздық! Отанға, Тәуелсіздікке жасалған опасыздық! Қарапайым азаматтарымызға жасалған қатігездік!

Мұндайда ел болашағы үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі Мемлекет басшысының мойнында. Ал дәл қазір Президент әр азаматтың, әр отбасының, тұтас қоғам қауіпсіздігінің жалғыз кепілі!

Осы орайда, мен барша қазақстандықтарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуге шақырамын!

Біз қай жерде туып, қай өңірде жүрсек те, бір атаның баласымыз. Қарға тамырлы қазақпыз!

Мен күшті де қуатты, әсем де әлеуетті мемлекеттің ертеңіне сенемін!

Аман болайық! Ел бірлігі мен берекесін сақтайық, ағайын!" - деді Тасмағамбетов.