Мен өз басым Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың таяуда мемлекеттік қызметшілердің жұма сайын мешітті жағаламай, жұмыс істеу, еңбек тәртібін сақтау жөнінде жасаған ескертуін дұрыс деп санаймын.
Расында Даниал Кенжетайұлы айтқандай, біз Ата Заңымыз – Конституцияға сәйкес зайырлы-демократиялық елде өмір сүріп жатқан адамдармыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында біздің зайырлы мемлекет иесі екендігімізді, оның келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты болып табылатындығын қадап тұрып айтқан болатын.
Осы қағидатты кейбір шенеуніктер білсе де, білмегенсіп, өздерінше жақсы атанып, жұма намазына барып жығылып жатады. Құдайға хақ, бәс тігейін, солардың көбі Құран-кәрімде жазылған уағыздарды білмейді де, тіпті исі мұрнына да бармайды.
Ал осындай жағдайды үлгі тұтып, бетке ұстайтын шала сауаттылар, дінді уағыздаушылар толып жатыр. Ондайларды көзіміз де көріп, құлағымыз да естіп жүр.
Бірде менімен бұрын аузы арақтан босамаған, соның кесірінен қызметінен айырылған, кейіннен мешіттен шықпай, жұрт арасында шариғатты уағыздап жүрген азамат біраз дау-дамайға барып қалды. Оның ақылгөйленгеніне ден қойсақ, қазақ біткеннің бәрі мешіттен қалмауы, жұма намазына жығылып отыруы керек екен.
- Жұрттың бәрінің бұлай істеуі қажет емес шығар. Жалпы бұл әркімнің өз еркіндегі іс қой, - деп қарсы жауап берсем: - Ой, аға, сіз де мұсылман емессіз бе, бес парыздың бірі – намаз оқу екенін ұмытпаңыз. Әне, сіздер сияқты қызмет істегендер, тіпті әкімдіктегілердің өздері жұма намазына қатысып жүр, - деп жәтте келіп өрекпіді.
Міне, жоғарыда айтқанымыздай, мұндай өздерінше «діншіл» жандар Конституция принциптерін құрметтеу міндет екенінің, біздің зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанымыздың байыбына да бармайды.
Әрине, діни қарым-қатынас, дінге деген көзқарас – өте күрделі де нәзік мәселе. Бұл әрбір адамның ар-ожданының ісі әрі сақтықпен және салмақтап қарайтын дүние.
Бүгінгі таңда жастар да имандылыққа бет бұрып, мешітке көптеп баратын болып жүр. Бұл бір жағынан оңды көрінгенімен, екінші жағынан олардың талайларының Ислам дінінің таза жолынан ауытқып, теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдарға кіріп жатқандары да жасырын емес қой. Елімізде соңғы кездері орын алған экстремистік әрекеттер, адам өліміне апарған қарулы қақтығыстар осының айғағы болса керек.
Меніңше, біздің имандылық болмысымыз мешітке жол бұрып, намаз оқудан ғана көрініс таппайды. Алланың жолына адал болғысы келетін адамның жүрегі таза, санасы биік болып, халқына қалтқысыз қызмет етуі, жемқорлыққа салынбай, өзінің міндетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ал бұл қасиеттер бірінші кезекте мемлекеттік басқару орындарында отырғандардың бойынан көрініс тапса керек.
Өкінішке орай, бұның ел тағдырын шешуге мүдделі биліктің тізгінін ұстап жүрген шенеуніктердің талайында жетіспей жатыр-ау.
Болат Сағдаұлы,
Ұлт порталы