Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ҚР ІІМ қазақстандықтарға шетелге жылына бір рет қана шығуға мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленіп жатқандығы туралы хабарлама тарап жатыр. Бұл – фейк, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл «жаңалықтың» түпнұсқасы Instagram-дағы Qaznews24 сатиралық паблигінен алынған. Бұл аккаунттың профилінде барлық жарияланымдардың шынайы емес, тек көңіл көтеру мақсатында ойлап табылатындығы және шындыққа еш қатысы жоқ деп жазылған.
– Instagram қолданушысы көші-қон саласындағы халықаралық келісімдерге қатысты жалған ақпарат жариялады. ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. ІІМ өз кезегінде келісімдерге қол қою кезінде ең алдымен азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғауды басшылыққа алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабының 2-тармағына сәйкес, «Әркімнің Республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар», – делінген ведомство жауабында.
1ҚР ҚК 247-бабына сәйкес, жалған ақпарат тарату заң бойынша қудаланады. Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз! Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Өзіңізді қызықтырған ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасына немесе +7 707 739 5599 WhatsApp нөміріне жіберіңіз», - делінген хабарламада.