ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Армениядан әкелінген көліктерді тіркеуді кейінге қалдырудың тиімсіздігін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейбір адамдар қазір аздап күте тұрып, Армениядан әкелінген көліктерін тамызда тіркемек екен. Бұл әрекеттің еш жемісі бола қоймас. Себебі автокөліктің иесінен сенімхатты алуға немесе басқа да құжаттарды жинауға уақыт болмай қалуы мүмкін. Екіншіден, арнайы ХҚО-ларға сол кезде жүктеме күрт өсіп, ондағы қызметкерлердің жұмыс қарқынын тежеуі ықтимал. Оның үстіне мұндай жиын эпидемиологиялық ахуал бойынша да артық қауіптерді туғызуы мүмкін», - деді ол ОКҚ-да «ҚР азаматтары Армениядан әкелген автомобильдерді тіркеу туралы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында.