01 қар, 2018 сағат 12:41

И, У таңбаларына қатысты ғалымдар көзқарасы

Қазақ тіліндегі и мен у-дың дыбыстық мәніне қатысты әртүрлі көзқарас ХІХ ғасырдың соңында басталып, таңбалануына қатысты дау-дамай мен пікірталас ХХ ғасырдың басынан бастап өрбіген болатын. Оларды бірде дауысты, бірде дауыссыз, бірде дифтонгоид (ый, ій, ұу, үу) дыбыстарға жатқызып, ақыр аяғында: «дауыссыздан кейін дауысты болады, дауыстыдан кейін дауыссыз болады» деген ереже шығарылды да, и мен у дыбыс тіркестерін (ый, ій, ұу, үу, ыу, іу) тек бір ғана таңбамен жазу үрдісі қалыптасты (барұу, барыу емес бару, келүу, келіу емес келу, сұуық емес суық, жыйналыс емес жиналыс, ійнелік емес инелік, қыйсық емес қисық т.б.). 

Жалпы қазақ қоғамында араб графикасы ХХ ғасырдың І жартысына дейін қолданыста болып, 1928 жылы ресми түрде тоқтатылғаны мәлім. Араб  жазуының қадим жүйесінде и мен у дыбыстарын екі таңбамен беру (ұу, үу, ыу, іу, ый, ій) үрдісі болған жоқ. Керісінше, тек и мен у ғана емес а, ә, е, ұ, ү, ы, і дыбыстары да көп жағдайда таңбаланбады. Бұл араб жазуында харакаттардың болуымен байланысты еді.

И мен у дыбыстарының анықтамасы мен таңбалануына қатысты дау-дамай ХХ ғасырдың басында басталды. А.Байтұрсынұлы өз оқулықтары мен баяндамаларында бұл дыбыстарға қатысты көзқарастарын кейде өзгертіп отырғанын байқаймыз: дауыссыз, жарты  дауысты, шала дауысты, орта дыбыс, үнді дыбыс. Араб жазуын реформалап, таза төл әліпбиімізді құрастырған А.Байтұрсынұлындай ғұламаның өзін әуреге салған бұл дыбыстардың не құдіреті бар? Ғалым Қ.Жұбанов атап көрсеткендей, оларды «дауысты қылып та, дауыссыз қылып та айтуға болатындығында» болса керек.

ХХ ғасырдың басында оқыту жүйесіндегі ең қиын мәселенің бастысы да осы и мен у дыбыстарын таңбалауға қатысты болды. Өйткені, оқыту жүйесі қалыптаса бастаған сол кезеңдерде балалардың сауатын ашу барысында бұл мәселеде үнемі қиындықтар туындай бастаған.   Ол дыбыстарды екі таңбамен беруге түбегейлі қарсы шыққандар қатарында Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Телжан Шонанұлы, Мұхтар Мырзаұлы, Ишанғали Арабайұлы, т.б. болды. Енді осы алаш зиялыларының қарсылық танытудағы айтқан уәждеріне назар аударайық.

Телжан Шонанұлы: «Бұл қиындық бір у-ды екі дыбыс деп, екі әріппен жазғаннан болып отыр. Бір дыбыс болып естілетін ұзын у мен и-ді бір әріппен жазатын болсақ, жазу жеңілденеді» [1] десе, Міржақып Дулатұлы: «ұу, ыу-лар бір дыбысқа ұқсап естіледі. Оны екі әріппен балаларға түсіндіргенде де, жазғанда да ауыр болады, сондықтан ұу, ыу-ларды бір әріппен жазатын ереже шығару керек» - деген [1]. Ал М.Мырзаұлы «сұу, бій сықылды сөздердегі у мен и-ді дауысты дейміз, олардың алдында құлаққа естілмейтін ұ, і бар деп әуреленбей, сұу, бій сықылды сөздерді су, би деп жазамыз, сонда жазу жеңілденеді, мұны балаларға үйрету де жеңіл болады», - деген болатын [1].  Ишанғали Арабайұлы: «Ұзын у мен ұзын и қазақ тілінде жоқ дегенге өзім түсіне алмаймын. Көп жыл мұғалім болып бала оқытып көрдім. Балаға ұу, ыу, ый деген әрқайсысы екі дыбыс деп түсіндіру қиын. Тілдің заңы ғылым жолы деп, жазуды қиындатып алып жүрмейік», - деген уәж айтқан екен [1]. 

Ал Жүсіпбек Аймауытұлы и мен у дыбыстарын бір ғана таңбамен жазу қажеттілігін қайта-қайта көтеріп, бірнеше дүркін мақала жариялады, тіпті сол кездегі емлеге өзгеріс енгізуге өз тарапынан жоба да ұсынған болатын. Ж.Аймауытұлының и, у дыбыстарын бір ғана таңбамен беру керек дегендегі уәжі мынадай: «Таластың үлкені ұу туралы. Жаңа оқығандар түгіл, әрі оқығандарымыз да бұған төсеніп кете алмай жүр. Сөздің буынын ашқанда кейде ы, кейде ұ шығады. Ы шықса жалғыз у жазылады. Және сөздің түбіріне сүйенеді: оқу, жору, танудың түбірінде ы дыбысы бар оқы, жоры, таны. Сондықтан жалғыз у жазылуы тиіс. ...Ал енді түбірінде ы дыбысы жоқ алу, бару, асу, табу, татуларға келгенде тағы тайқып кетеміз. Буындарын ашамыз да алыуы, барыуы, асыуы, табыуы, татыуы болады дейміз. Бұлардың түбірі ал, бар, ас, тап, тат болған соң алұ – уы, барұ – уы, асұ – уы, табұ – уы, татұ – уы болып неге жазылмайды. Бұл жерде не естілуге, не түбіріне сүйене алмай қаламыз. Онан да етістік болса жалғыз у жазылады деген ереже болса дау аз болар еді. Әйтпесе, алұ – уы, барұ – уы, асұ – уы, табұ – уы, татұ – уы деген сөздерде кейде ұ, кейде ы естіледі деп қалай айта аламыз? Бәрінде де у естіліп тұрған жоқ па?», - дей отырып: «сұу, бұу, құу, тұу сықылды у ұзын естілетін орындарда жалғыз ақ у жазылсын деймін. Қайтсе де жұуу керек, ай тұууға таянды, сағым құуу жарамайды дегендегі қаздай тізілген көп ұуу-ларды қолайлы деп айтуға болмайды. Жазу оңайласын десек, у-ларды қысқарту керек»  [2], - деген қорытынды жасаған.

У мен и таңбаларына, жалпы жазу, емле мәселелеріне қатысты  Елдес Омарұлы мен Жүсіпбек Аймауытұлы біршама дауласқан. Ол пікірталастар «Еңбекші қазақтың» 154, 159, 161, 162, 164, 178, 179, 195 сандарында жарияланды. «Жазу мәселесі туралы соңғы сөз» атты мақаласында Ж.Аймауытұлы былай дейді: «Жазу мәселесінде айтыстың шиеленіп, ауыр болуына зор себеп бар. Емлеге әркім әр жақтан, әртүрлі қарайды. Біреу тілдің тарихынан, біреу нағыз грамматика жағынан, біреу естілу (фонетика) жағынан, енді біреулер іс жүзінде қолайлы, жеңілдік келу жағынан қарап шешпек болады. Сонымен әркім өзінің ұсталған негізінен айрылғысы келмейді. Елдестің негізі: тіл құрал (этимология), естілу (фонетика). Менің негізім көбінесе іске қолайлы (практика), жеңілдік, қала берсе, естілу. Дұрысында емлені іске қолайлы болу жағынан ғана қарау керек. Жазу мәселесін шешкенде, алдымен «тілдің заңы бұзылса, жалпақ жұрттың тілі бұзылып кетеді, жоғалып кетеді» - деген соқыр нанымнан (фанатизм) құтылу керек. Елдес қорыққандай, тіл сонша шетін, тиіп кетсе жарылып қалатын қағанақ емес. Елдес ұу деп жазып олай буындай ма, Жүсіпбек у жазып буындамай ма, қазақтың тіліне иненің жасауындай пайда-зиян келмейді. Араб, парсы, татар, сарт, миссионерлер әдебиетінің ықпалына жүріп, айдауына көнбеген, тілінің заңы, құрамы не екенін білмеген, е, ы, и дыбыстарын (и-мен), о, ұ, у дыбыстарын (у-мен) бір-ақ таңбамен жазып келген, сол тауқыметтің бәрін тартса да бұзылмай келген қазақтың тілі біздің бір-екі таңбамызбен әсте өзгермейді, тіпті бұзылмайды. Қазақ жоғалса, тілі де жоғалады, жасаса, өркендесе тілі де өркендейді», - дей отырып: «у да, и да қай жерде болса да, бір таңбамен жазылсын, шолағы да, ұзыны да. Ы қалмай жазылсын, өзгеде жоқ, бізде бар деген пікірлер жүр. Сондықтан келіу, барыу, қыйын деп жазамыз десіп, оп-оңай көріп жүр. Бұл сөзді ықшамдауға жатпайды, шұбалтып соза беру болады», - дейді [3]. Бұл ұсыныстарын 1924 жылы айтқан болатын. Ал 1928 жылы жариялаған мақаласында: «Емлеміздің кейбір қиын жерлерін тәжірибеден көріп жүрміз. Қиынды оңайлатпасақ, хат тану, жазу көпке қонымды дәулет бола алмайды», - деп ашық ренішін білдіріп, емлені оңайлатуға тағы  жоба ұсынады:

«Оңайлату керек дегенде сүйенетін дәлеліміз мыналар:

А) Жазу деген сөздің шартты таңбасы, сөздегі болар болмас барлық дыбысты жазу мен таңбалау мүмкін емес. Сондықтан болмашы күдікті дыбыстар (әріптер) жазуға оралғы болмауы керек.

1) У жарты дауысты, жазаласа дауыссыз деген ереже жоғалып, ол дауысты қатарына кірсін. Үш түрлі (бау, сұу, асыу) жазылмай, бірақ түрде у (бау, су, асу) жазылсын. Ережеге сүйеніп емес шартпен солай болған жөн.

2) И да дауысты боп аталып, жалғыз жазылсын. Бәрі бірдей тай, үй болып жазылсын. М+и жазсақ мый деп оқымай май, мұй, мой немесе бій деп оқушы ма еді? Өзін «ый», шолақ «й» деп «ы» жалғап бүйректен сирақ шығарудың қажеті жоқ. ...Артық әріптің керегі жоқ. ...Жоққа тандық нәзік дыбысты қалдырмай жазбақшымыз. Ондай дыбысшылдықтың жазуға кесірінен басқа пайдасы жоқ» [4]. Жүсіпбек Аймауытұлының бұл пікірі қазақ тіліне істелген қиянат емес, керісінше, жазудың жеңілдігіне, ықшамдылығына, сауаттылықтың бірізді болуына бағытталған терең ой екендігі анық.

Дәл қазіргі таңда, латын әліпбиін қабылдар сәттегі тарихи кезеңде и мен у-ды таратып екі таңбамен жазу мәселесі қайтадан көтеріліп отыр. Латын жазу жүйесінде бұл дыбыстар бір ғана таңбамен жазылуы керек деген ұстанымдағы ғалымдар Уәли Нұргелді Мақажанұлы, Базарбаева Зейнеп Мүсілімқызы, Фазылжан Анар Мұратқызы, Күдеринова Құралай Бимолдақызы. Енді осы ғалымдардың уәждеріне назар аударайық.

Фонема әріппен таңбаланады немесе әріп фонеманы таңбалайды деген әдеттегі қағидадан басқаша жол ұстанатын белгілі ғалым, профессор Нұргелді Уәли  қазақ жазу-сызу жүйесін «дыбысталған сөз – фонема – графема – әріп» тұрғысынан қарастырады. Бұлай қарастыруының себебін, жазу-сызуда фонема мен әріптің  қатынасы І:І болып, бір әріп бір фонеманы белгілейтін болса, онда мәселе туындамай, фонемалардың  саны мен әріптің саны үнемі сәйкес түсер еді деп түсіндіреді. Яғни ғалымның тұжырымынша, сөздің фонемалық құрамы мен оның хатқа түскен әріп құрамы сәйкесе бермейді:   «у деген таңба бірде <у> фонемасының жазудағы  өкілі болса, бірде <ұ>, <ү> фонемаларының да өкілі – әріп болып табылады (тау, ұлұу, күлүу т.б.). Кез келген таңбаның екіжақты: таңбаланушы  және таңбалаушы қасиеті болатыны тәрізді у таңбасының да екі жағы – мазмұндық жағы (план содержания) және тұрпаттық жағы (план выражения) бар. Олай болса у таңбасының  мазмұндық жағы фонема, тұрпаттық  жағы әріп. Басқаша  айтқанда, фонема  таңбаланушы да, әріп таңбалаушы.  Осы  екеуінің бірлігі жазу теориясында графема  деген ұғымды білдіреді», - дейді [5].  Ғалым и дыбысына қатысты да осындай тұжырым жасайды. 

Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін суперсегментті фонетика тұрғысынан зерттеп, интонология саласын қалыптастырған әрі қазақ тіліндегі  интонемалар мен оның варианттарын анықтап берген ғалым Зейнеп Базарбаева:  «Тіл иелері бұл дыбыстарды (и, у) дифтонгоид фонема ретінде қабылдайды, ал жазуда олар бір әріппен белгіленіп, адамның санасына еніп, фонологизация құбылысына бағынған. Осыған байланысты бірнеше қағидаларды ескеру керек. Біріншіден, орфография өзінің құрамындағы әріптердің молдығымен емес, ықшамдылығымен бағаланады. Сондықтан дыбыс тіркестерін кейде бір ғана әріппен таңбалауға болады. Жалпы графика сөйлеу тілінің дыбыстық жағын, оның ерекшеліктерінің барлығын түгелдей қамтып бере алмайды. Оны фонетикалық транскрипция атқара алады. Сөздердің жазылуы мен айтылуының бір-біріне әрқашан сайма-сай келе беруі шарт емес. Орфография сөздердің дыбысталуын дәлме-дәл көрсете бермейді, ал орфоэпияның ең негізгі қызметі – сөздің дыбыстық құрамын дәлме-дәл көрсету. Орфография мен орфоэпияның айырмашылығы осында. Сауатты жазу мен дұрыс сөйлеу үшін орфография мен орфоэпиядан хабардар болу керек. Осы екі пәнді бірдей оқыту керек», - дейді [6]. Ғалымның и мен у дыбыстарымен келетін сөздерді фонетикалық транскрипция арқылы орфоэпиялық тұрғыдан да үйрету керек деген пікірі өте орынды. Себебі қазіргі заман жазудың ықшамдылығын, үнемділігін талап етіп отыр.

Қазақ қоғамында қолданылған графика түрлеріне, қазақ жазуының орфографиясы, емле ережелерінің тарихы мен теориялық негіздеріне ғылыми тұрғыдан тұңғыш зерттеу жасаған ғалым Құралай Күдеринова и мен у дыбыстарын таңбалауға қатысты: «Қазақ жазуы фонетикалық принциптен бірте-бірте фонематикалық принципке өту сатысын бастап келе жатқанда, бұл тағы бір кейін шегіну болмас па екен деген ойдамыз. Себебі, біріншіден, қосар әріп орнына дара жазып, үнемдеу принципіне сай келсек, екіншіден, и, у таңбалары сөздің айтылу жүйесіне кереғар болған жоқ. Бір ми сөзінің айтылу нормасы өзгерді деп, қазақ сөзінің бүкіл айтылым нормасынан айырылып барамыз деп байбалам салудың қисыны жоқ. Әрі ми сөзі түбір күйінде жиі қолданылмайды. Ол миыма, миың, мидай тұлғасында жазылып, [мійімә], [мійіңә], [мійдәй] түрінде айтылып көрген емес. Сөз, қосымша құрамындағы дауысты әріп арқылы алдыңғы буындағы дыбыстың жуан не жіңішке екенін тілтұтынушы аңғарып келеді», - дей отырып: «Жазу транскрипция емес. Сондықтан қатар айтылуы тұрақты сақталатын дыбыстардың бір әріппен берілу мүмкіндігін пайдалану керек. Латын әліпбиінде и, у әріптерінің қызметін i, j, y және u, w, v таңбаларының бiреуі бере алатындықтан, й, ый, ій дыбыстарына бір таңба, у, ұу, үу дыбыстарына бір таңба алудың  мүмкіндігі бар», - дейді ғалым [7].

Жоғарыда айтылған пікірлерді түйіндей келе, и мен у әріптерінің дыбыстық құрамын бір ғана таңбамен беру керек дейтін ғалымдар тұжырымының дұрыстығын және екі таңбамен жазу тәжірибесі үлкен қиыншылықтарға ұшыратқанын айқын аңғаруға болады. Егер бұл дыбыстарды қайтадан екі таңбамен берер болсақ, тарих көрсеткен тәжірибедегі қиындықтар алдымыздан қайтадан шығары анық. Мәселен, бірнеше буыннан тұратын сөздерді тарқатып жазсақ былай болады: шиыршықтану (11 әріп), шыйыршықтанұу (13 әріп), қиюластыру (10 әріп), қыйыуластырұу (13 әріп), киіну (5 әріп), кійінүу (7 әріп). Бұндай көп буынды сөздердің тілімізде молынан ұшырасатынын ескерсек, бастауыш сынып оқушысы тұрмақ, ересек адамдардың өзі шатасуы әбден мүмкін. Сондықтан ғалым Нұргелді Уәли ағамыз айтқандай, «жазу-сызу біздің түп негізі бар рухани дүниеміз. Түп негізінен айырылса, ол өзгеріс емес, төңкеріс болады» [8].

Гүлфар Мамырбек

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

жетекші ғылыми қызметкері,

Ұлттық комиссия жанынан құрылған

Орфографиялық топтың мүшесі

Дереккөздер:

1. Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі. –Алматы, 2005, -144 б.

2. Ж.Аймауытұлы. Емлені өзгертуге жоба // Еңбекші қазақ 1924 ж. 7 қаңтар.

3. Ж.Аймауытұлы. Жазу мәселесі туралы соңғы сөз  // Еңбекші қазақ 1924 ж. 23-25 мамыр.

4. Ж.Аймауытұлы. Емлені оңайлату жобасы  // Жаңа мектеп 1928. № 4, 5.

5. Н.Уәли. Дыбыс-фонема-графема қатынасы // Жаңа ұлттық әліпби: қазақ жазуын жаңғырту (ғылыми-тілтанымдық зерттеу). 2 кітап. –Алматы, 2017 ж.

6. З.Базарбаева. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің фонологиялық аспектісі // Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау: теориясы мен практикасы. –Алматы, 2016 ж.

7. Қ.Күдеринова. Қазақ графикасындағы и және у әріптерінің жаңа орфограммасы // Жаңа ұлттық әліпби: қазақ жазуын жаңғырту (ғылыми-тілтанымдық зерттеу). 2 кітап. –Алматы, 2017 ж.

8. Әліпби ауыстыру – үлкен өзгеріс. Сұхбат // Егемен Қазақстан, 21 қыркүйек, 2018 ж.