31 нау, 2019 сағат 20:21

И мен У-ды бір әріппен таңбалау орыс тілінің әсерінен бе?

Бұл сұраққа жауап беру үшін, ең әуелі, қазақ жазуының арғы тарихына тоқталып, талдау жасаған абзал.

Жалпы қазақ қоғамы екі әліпби жүйесін басынан өткергені мәлім (араб, латын), ал үшіншісі қолданыста (кирилл). Бұл үш жазу да өз қызметін белгілі бір ұйымдасқан жүйе арқылы жүзеге асырды. Мәселен, байырғы қазақ қоғамында болған араб жазуының қазақ сөздерін таңбалауда өзіндік жүйесі болды, әрі ұзақ ғасырлар бойы жұртшылықтың рухани, мәдени, саяси қажетін толықтай өтеді. Жазба мұралар мәтіндеріне мұқият зер салсақ, араб жазуының қызмет ету аясы қадим, жадид және төте жазу түрлері арқылы жүзеге асқанын көруге болады. Қадим жазуының ең басты ерекшелігі, көп жағдайда, дауысты дыбыстардың жазылымда таңбаланбауы болды, ал жадид жазу жүйесінде дауыстылардың толықтай (ы, і қысаңдарынан басқа) таңба арқылы беріле бастауы араб жазуының ұзақ уақыт қызмет ету аясында біртіндеп дамып, жетіліп, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бейімделіп, бір дыбысқа бір таңба ретінде қолданыла бастағанын білдіреді. Яғни Ахмет Байтұрсынұлы атап көрсеткендей, «қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп, таңба арнаған», Құдайберген Жұбанов жазғандай, «әркім өзінше, өз бетімен болса да, көпшілігінде белгілі бір қалыпқа айналған «емле іздеушілік» өте ерте кезден-ақ басталған».

Қадим жазуының біртіндеп жадид жазу үлгісіне ауысуы «Түркістан уалаяты» газетінен бастау алады. Қадим, жадид жазуында и мен у-ды екі әріппен таңбалау (ұу, үу, ыу, іу, ый, ій) үрдісі мүлдем болған жоқ. Бұны ескі қазақ жазбаларынан (XVI-XVII ғ.), XVІІІ-ХІХ ғасырларда хатқа түскен қазақтың хан, би, сұлтандарының хаттарынан, ХХ ғасырдың басында жазылған қолжазбалар мен басылып шыққан кітаптардан және сол кезеңдегі қазақ баспасөздерінен анық байқауға болады. Демек, орыс тілінің еш қатысынсыз халыққа қызмет еткен араб жазуының өзінде и мен у бір ғана таңбамен берілген болатын. Бұдан шығатын қорытынды:

Біріншіден, и мен у-ды екі таңбамен жазу үрдісінің қадим, жадид жазулы мәтіндерде кездеспеуінің өзі орыс тілінің әсерінен емес екенін айғақтайды.

Екіншіден, бірнеше ғасырлар бойы жүйеленіп барып, қалыпқа түскен жазу практикасының (XV-XX ғ.), тым құрымағанда, бір кезеңінде аталмыш дыбыстарды екі таңбамен беру үрдісінің орын алмауы да орыс жазуының әсерінен емес екенін көрсетеді.

Ал сонда таратып жазу қайдан шықты?

«Біз емлені еpмекке түземейміз, оңайлансын деп түзетеміз» деген, әрі қазақ емлесіндегі түйткілді мәселелердің жүйелі қалыпқа түсуіне еңбек сіңірген ғалым Құдайберген Жұбанов: «Біздегі қосар әріптердің төркіні түгелімен Ахмет емлесіне барып тіреледі», - дей отырып: «Байтұрсынұлының араб әріптеріне кіргізген өзгерісі – бірқатар әріптердің үстіне үтір, мәт қою (бұл бір), арабтың әмзесін дәйекшілікке алу (бұл екі), қосар әріп енгізу (мұнымен үш). Міне, осы үшеуінің ішінен, шынымен, Байтұрсынұлы шығарды деуге жарарлығы – қосар әріптер», - дейді. И мен у-ды қосар әріппен таңбалауға түбегейлі қарсылық танытқандардың бірі Құдайберген Жұбанов болғаны белгілі. Ғалым: «Қосарды жақтаушылар бұларды бір дыбыс емес, екі дыбыс болғандықтан екі таңбамен белгілеу керек деседі. Әуелі-ақ, бұларда екі дыбыс бар ма, жоқ, бір-ақ дыбыс бар ма? Мұны айырып беруге қосаршылардың өздерінің де өрелері жетпейді», - деп қатты сынағаны мәлім және «оны қаншама сүйрете бергенмен де, ол сүйреткің тек өз бойыңа салмақ болмақшы да, дыбыстың қосарлығын сақтап қала алмақшы емес», - деген тұжырым жасаған еді. Ахмет Байтұрсынұлы өз еңбектерінде и мен у-дың анықтамасы мен таңбалануына қатысты көзқарастарын өзгертіп отырғаны белгілі. Ғалымның барлық еңбектерін тікелей түпнұсқадан қарап, салыстыру жұмыстарын жүргізіп жүрген жас зерттеуші Ермұхамет Маралбек Ахмет Байтұрсынұлының 1912-1928 жылдар аралығында шыққан кітаптарында и мен у: «толық дауысты, жарты дауысты, шала дауысты, үнді дауыссыз, талғауық үнді дыбыс, орта дыбыс» түрінде сипатталғанын айтады. Расында да, Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін түпнұсқадан қарасақ, и мен у-ды кейде тарқатып, кейде тарқатпай жазғанына куә боламыз. Бір ғана мысал, ғалымның 1922 жылы шыққан «Оқу құралында» (Усул сотие жолымен тәртіп етілген. Қазақша алифба) и дыбысы бір ғана таңбамен берілген: жи, жина, жиын, жимақ, қиын, қисық.

Осылайша төте жазудан басталған қосар әріп әуресі сол кездің өзінде үлкен дауға айналып, одан кейінгі латын әліпбиін қабылдаған жылдарда жалғасын тапты. Латын жазуында «баланың қатесінің төрттен бірі» осы и мен у-ды таратып жазудан деп дабыл қаққан Құдайберген Жұбанов: «Мұнымен есептеспеске болар ма екен? Қосар әріптің жазудағы қиыншылығымен санаспай болмайды», - деп арнайы мақала да жариялаған (Қосар ма, дара ма?, 1935 ж.). 1929-1940 жылдар аралығында қолданыста болған латын әліпбиінің графикалық құрылымын, орфографиялық ережелерін, тілдік бірліктерді таңбалау барысындағы қарама-қайшы пікірталастардың туу себептерін жан-жақты ғылыми-теориялық тұрғыдан талдап берген тілші-ғалым Назира Әміржанованың көрсетуінше:  «Латын графикасын қабылдағаннан кейінгі емле ережесіндегі қиындық пен ала-құлалық осы и мен у-ды қосар таңбамен беру мәселесінде орын алған және ғалымдардың көпшілігі қосармен таңбалау тілдің экономия заңдылығына қайшы келеді деген тұжырым жасап, 1938 жылы ол дыбыстарды барлық жерде бір ғана таңбамен жазу туралы шешім шығарған». Алайда латын графикасындағы емле ережелерінің бірізге түсіп, нормалануы толық аяқталмай жатып, 1940 жылдары кирилл таңбасына өттік. Кирилл жазуында да и мен у бірде қосар, бірде дара түрде таңбаланып, жазу нормасындағы ала-құлалық одан әрі жалғасты: күлүу/күлу; тоқыу/тоқұу/тоқу, жыйын/жиын, ійне/ине т.б. Осындай қиындықтардан соң 1957 жылы лингвист ғалымдар жазуды бірізді жүйеге түсіру мақсатында и мен у таңбаларын қосар емес, дара әріппен таңбалайтын емле ережелерін қабылдады.  

Бұдан шығатын қорытынды, и мен у дыбыстарын қосар таңбамен беру мәселесі сонау төте жазу (араб) тұсында-ақ үлкен дауға айналып, латын графикасын қабылдаған жылдарда да күн тәртібінен түспеген, тек кирилл жазуында ғана дауға нүкте қойылды. Бұған қарап, орыс тілінің әсерінен солай болды деген ой тумауы керек. Керісінше, қаншама жылдар бойғы жазу тәжірибесіндегі ала-құлалық, сондай-ақ қатенің көбі осы и мен у-ды қосар әріппен жаза алмаушылықтан туындауы, балаларға үйретудің ауырлығы себеп болды. Дәл қазіргі таңда, и мен у-ды екі таңбамен жазуды жаңа емле ережелеріне енгізу қайтадан ұсынылып жатыр. Алайда төте жазудан басталып, 1957 жылға дейінгі аралықта 40 жылдан астам уақыт бойы бірізді жүйеге түсе алмай дау тудырған әрі жазудағы ала-құлалыққа себепкер болған «таратып жазу» (жыйналыс, ійнелік, оқұу, тұуұу т.б.) мәселесін емлеге ендірсек, тарих көрсеткен тәжірибедегі қиындықтарға қайтадан оралмаймыз ба? Осы орайда фонетика саласы мен жазу теориясының мамандары Уәли Нұргелді Мақажанұлы, Базарбаева Зейнеп Мүсілімқызы, Фазылжан Анар Мұратқызы, Күдеринова Құралай Бимолдақызы, Жұмабаева Жанар Төлендіқызы, Әміржанова Назира Серікқызының ғылыми теориялық талдаулары мен тұжырымдарын басшылыққа алған дұрыс деген ойдамыз.

Гүлфар Мамырбек

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

ғалым хатшысы, филол.ғ.к.,

Ұлттық комиссия жанынан құрылған

Орфографиялық топтың мүшесі