Михаил Саакашвилиді полиция қызметкерлері әкетіп барады. Тбилиси, Грузия. 1 қазан, 2021 жыл.
1 қазанда кешкісін өткен төтенше брифингте Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бірлескен операциясы кезінде елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвили тұтқындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.
Гарибашвилидің айтуынша, елдің арнайы қызметі экс-президенттің Украинадан Грузияға келген ізін аңдып отырған. Саакашвили Рустави қаласындағы уақытша қамау изоляторына жатқызылған.
Грузия ішкі істер министрлігі қолы кісенделген Саакашвилиді көліктен түсіріп, ғимаратқа кіргізіп бара жатқан видео жариялады.
Сол күні Саакашвили Грузияның Батуми қаласында жүргенін көрсетіп видео түсіріп, онысын Интернетте жариялаған.
Оның елге қалай кіргені әлі анық емес. Саакашвили сегіз жылдан бері шетелде тұрып жатыр. Бұдан бұрын ол әлеуметтік желіде Грузияға баратын ұшаққа билет алғанын айтып, оның суретін де жариялаған.
Тбилиси соты Михаил Саакашвилиді қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін үш және алты жылға бас бостандығын айыру жазасына кескен.
Украина сыртқы істер министрі Киевтегі Грузия елшісін шақырып, Саакашвилидің тұтқындалуының жай-жапсарын сұраған.
Украина президенті Владимир Зеленский Грузия экс-президентінің тұтқындалуы және оған қатысты Грузияда айтылып мәлімдемелердің "сарыны" алаңдататынын айтты.
"Раушангүл революциясынан" соң билікке келген Михаил Саакашвили 2004-2013 жылдары ел басқарып, мерзімі аяқталғаннан кейін қызметінен кеткен.