Грекияда Схинос, Вамвакес, Агиа Сотира, Мавролимни, Мази және Параскевас атты алты елді мекен мен екі монастырдың тұрғындары сәрсенбі күні түнде Грекияның Пелопоннес аймағының солтүстігіндегі курорттық қалалардың бірінің орманында басталған алапат өрттен эвакуацияланды, деп хабарлайды Kathimerini.
Бірнеше үй отқа оранды. Өртенген үйлердің нақты саны көрсетілмеген.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, жалын 10 шақырымнан астам аумақты шарпыды. Бейсенбі күні таңертең өрттен пайда болған түтін Афиныға жетті. Полиция Магарон-Алепохори бағытындағы жолды жауып тастады.
Тілсіз жаумен 182-ге жуық маман арпалысып жатыр. 62 өрт сөндіру көлігі, 17 ұшақ және үш тікұшақ жұмылдырылды. Лутраки қаласының мэрі Георгос Гинис өрттің көрші Алепохори теңіз курортына қарай жайылып бара жатқандығын мәлім етті.