05 там, 2016 сағат 17:04

Горбачев Салықовтың құлағына не деп сыбырлады?

Кез-келген қайраткер ақын бола бермейді

…Ілуде біреуі  болмаса кез-келген ақынның қайраткер болуы екіталай. Кез-келген қайраткер де солай,  ақын бола бермейді. Табиғаттың, жаратқан иенің текпен, қанмен берген қасиеті шығар, Кәкімбек ағамызда осы қарым-қабілеттің екеуі де бар еді.

Ақын Кәкімбек Салықовтың жазған өлең-жырлары, шығарған елуге жуық жыр жинақтары мен жасаған оншақты аударма кітаптары  өз алдына бір төбе. Ол мемлекет және партия  қайраткері ретінде Жезқазған қалалық, облыстық партия комитеттерінің бірінші және екінші хатшысы, СОКП Орталық Комитетінің инспекторы, Қарақалпақ обкомының бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Экология комитетінің төрағасы секілді лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.

Әйтсе де  «Өлең сөздің патшасы…» деп ұлы Абай айт­пақ­шы, поэзияның құдыреті болар,  жұрт оны қайраткер­лігінен гөрі ақын ретінде жақсы білді. Жанына жақын тартты… Жиын-той мен көңілді отырыс-басқосуларда әлдебір әнші қоңыр домбыраны қолына алып:

Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?

Жолымды тіке кесіп жанай бердің.

Адамның көздеріндей екі көзің,

Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім, — деп сызылта ән салғанда сахараның сәні болған — дала тағысына деген аяушылық сезімі  оянбайтын қазақ кемде-кем. Әнді орын­даушы не отырғандардың ілкімді  бірі: «Кәкімбек Салы­қовтың  өлеңіне жазылған Жақсыгелді Сейіловтің «Жез­киік» әні ғой» дегенде көңілді мұң басқан сезімнен селт етіп,  ақынды да, сазгерді де өзіңе іш тартқандай боласың.

Әу баста Кәкімбек ағаның көкейінен жыр болып төгіліп, артынан әнге айналып кеткен өлеңдері аз емес. «Аққу жеткен», «Кездесу мен қоштасу», «Жәйрем жыры», «Сағыныш» дей ме, толып жатыр.

Сағыныш демекші, ол кісінің Мәскеуде жүріп жазған:

Шөліркеген далама

Жаңбырлы бұлт болар ма ем,

Піскен кезде мол егін

Диқан болып орар ма ем.

Қайтқан құстар барады

Еділдетіп, Оралмен,

Елге жетіп қалар ма ем,              

Ере кетіп солармен, – деген өлең жолдары туған елге, туған жерге шынайы сағыныштың табын білдіретін. Бұл өлеңі де сазгер-әнші Шәміл Әбілтаевтың әрлеуімен әдемі әуенін тауып, көпшіліктің шабыттана шырқайтын әніне айналып кетті. Шетте жүрген талайлардың  жан дүниесін тербетіп, сезімдерін оятты.

Кәкімбек ағаның есіміне осылай сырттай қанық болсам да кездесіп, сөйлесіп көрмеген кісім еді. Жақынырақ танысуым кешегі 90-жылдардың аяғында болды. 1999 жылдың қаңтарында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойы  келе жатты да біз соған орай «Зерде» журналының  бір нөмірін арнап шығаруды жоспарладық. Өйткені, сонау алпысыншы жылдары «елдің келешек дамуы ғылым мен техникаға байланысты болмақ» деп Мәскеудегі СОКП Орталық Комитетіне хат жазып жүріп, жастарға арналған ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» ( кейінгі «Зерде» журналын аштырғандардың) басшысы да ұйыт­қысы осы Қаныш ағамыз болған екен. Әрі оның Қазақстан ғылымын ұйымдастырып, оның өркендеуіне қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі орасан зор. Сондықтан халқымыздың бітуар перзентіне журнал бетінде үлкен құрмет көрсетуді өзімізге әрі парыз әрі қарыз санадық.  Ол кезде Кәкімбек Салықов  Халықаралық  Қаныш Сәтбаев  атындағы қорды басқаратын. Білетіндер Қанышқа қатысты көптеген  дерек­тер мен материалдар сол қордан табылады десті. Сондай­лардың жөн сілтеуімен  Кәкімбек ағамызға барып жолықтық.

Көпті көрген, қайраткер тұлға, ақынжанды кісі емес пе? Ол кісімен бірден тіл табысып, емен-жарқын сөйлесіп кеттік. «Қанекеңе  арнап нөмір шығарсаңдар, қолдан келер көмегімізді аямаймыз» деді. Айтқанындай-ақ, берген уәде­сінің үдесінен шығып, қолдарында бар материалды алды­мызға жайып салды. Намысқа тырысып, біз де барымызды салдық.

Сөйтіп, республикалық ғылыми-танымдық «Зерде» журналының 1999 жылғы №1 саны түгелдей академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың  ғасырлық мерейтойына арнап шығарылды. Онда жарияланған материалдар ғалым­ның шыр етіп дүниеге келген қара шаңырағынан бастап – қазақ ғылымының қара шаңырағы атанған Ұлттық ғылым академияны басқарғанға, яғни, бала Қаныштан – дана Қанышқа дейінгі өмірін қамтыды.

Журналдың әлі бояуы кебе қоймаған сол санын Қанекеңнің  қызы Шәмшиябану апамызға апарып көрсет­кенімізде, ол кісі: «Қарақтарым-ау, мынау біздің әкемізге арналған кішігірім энциклопедия болыпты ғой!» деп шын қуанып, көзіне жас алды. Қайта-қайта қолына алып, сипап қарай берді. Мынадай шаруа  атқарғанымызға Кәкімбек ағамыз да алғысын айтып, ризалығын білдірді.

Аз-кем уақыттың ішінде арамызда қалыптасқан жарасымды сыйластықты пайдаланып:

— Көкейімізде Сіздің кезінде  атқарған лауазымды қыз­меттеріңізге қатысты сұрақтарымыз бар еді. Мүмкін болса, сол тақырып жөнінде әңгімелессек деп ек? — дедім сәл қысылғандай болып.

— Сұрақтарың тым қиын және күрделі болмаса жауап беріп көрейін, — деді ағамыз сөздің аяғын әзілге бұрып.

Мен кейіпкерімнің  көңілін жібітіп, тынысын ашу үшін әдейі әңгімені әріден бастадым…

 

«Инженер» емес, Чехов болайын деп тұр екенсің»

— Осы сіз, аға, қалай  әрі ақын әрі тау кен инженері болып жүрсіз?

Ол кісі сәл ойланып қалды. Сонан соң:

— Біз өзі көркем табиғатпен етене өскен, әсершіл де сезімтал халықпыз ғой деп бастады сөзін. — Сондықтан әу деп ән айтпайтын, бір шумақ өлең шығармайтын қазақ болмайды. Өткен ғасырларда қазақ даласын зерттеген шетелдіктердің бәрі анау поляк Адольф Янушкевич, беріде қазақтың 1000 әнін нотаға түсірген Александр Затаевич халқымыздың әншілігі мен күйшілігіне, поэтикалық табиғатына тәнті болған.  Орыстың әйгілі географ әрі фольклоршы ғалымы, Шоқанның айнымас досы Григорий Потаниннің: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрған­дай көрінеді» деуі тегін емес қой. Сол айтқандай, бала жа­сы­мыздан ән-жырға, өлең-қиссаларға құмар болып өстік.

Тоғыз, он жасымда ауызекі өлең құрастырып жүрдім. Дұрыстап жаза бастағаным 16-17 жас шамасында. Мек­тептің ақырғы сыныптарында жүргенде өлеңдерім  қабырға газетінен орын алып, ал 1949 жылы «Қазақстан пионерінде» бір өлеңім жарық көрді.  Тоғызыншы, оныншы  сыныптардағы әдебиет сабағынан болатын шығарманы өлеңмен жаздым.

Осылай кете бергенде орта мектептен кейін тура Алматыға тартып, бір жоғары оқу орнының әдебиет мамандығыа түсіп оқыр ма едім, кім білсін. Әкеміздің ағасы, халық ақыны Молдахмет Тырбиев 1942 жылдан айтысқа түсіп жүрген кездерінде Жамбылмен кездескенін қандай жыр етсе, Қаныш Сәтбаевтың үйінде болып, бір топ ақындар ғалымға таңқалғанын айтқанда, жас бала біздердің басымызды сан алуан арман-қиял билеп алатын. Молдекең менің агроном да, мұғалім де болғанымды қаламады. Ал ақын болатын оқуға барамын десем: «Ой, оқымай-ақ ақын болып жүрміз ғой, болыс та болғанмын, онда да өлеңді тоқтатпадым, ақын боламын деп бес жылды далаға кетірме», — дейтін. Ақыры: «Мәскеудегі Түсті метал­дар институтына түсіп, өзіңіз айтқан Қаныш Сәтбаевтың жолын қуамын», – дегенімде қатты қуанды. Оқуды бітір­генде алған күміс медаліме жүз теңге байғазы беріп: «Осыны Мәскеуге барар жолыңа жұмса», – деді.

Оның үстіне соғыстан кейінгі 50-60 жылдары елдің билік тізгінін ұстаған партия мен үкімет Қазақстанда өндіруші өнеркәсіпке, тау-кен саласына, оған мамандар даярлау ісіне ерекше  көңіл бөлді. Бір жағынан осындай саясаттың ықпалы да болған болуы керек. Сөйтіп, Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтына оқуға түсіп, оны 1955 жылы ойдағыдай аяқтап, кен инженері болып шықтым. Бірақ, қайда жүрсем де ақындықтан қол үзбедім. Аудармамен де айналысатынмын. Екінші курстан кейін өндірісті тәжірибемен Оралдағы бірқатар кен орындарында болып, қорытынды-есеп жазып әкелгенімде профессор И. П. Каплунның: ««Инженер» емес, Чехов бо­лайын деп тұр екенсің», — деп әзілдегені  бар.  Қалың ор­ман мен көркем таулары біздің Көкшетауға ұқсас жердегі бір шахтаны сипаттап жазғанымды оқып профессор: «Жарайды, Чехов та жаман кісі емес, бес қояйын, бірақ, келесі жолы техника тілімен жазғайсың», — деген.

 

Қанекеңді көргеннен кейін адамның ең үлкен байлығы – мінез екенін түсіндім

— Әрі қарай өмір жолыңыз қалай өрілді? Институт бітіріп, тау-кен инженері болғанның бәрі үлкен жетіс­тіктерге жете берген жоқ қой.   

— Оқу бітіріп келгеннен кейін еңбек жолымды Жезқаз­ғандағы  №51 шахтада кен мастері болып бастадым. Әрі қарай учаске бастығы,  №44  шахтада  Бас инженердің орын­­басары,  «Покро – 15» шахтасында Бас инженер, шахта бастығы қызметтерін атқардым.

Біз алғашқы жылдары көбінесе сотталып ГУЛАГ-тың түрмесінде жүргендермен жұмыс істедік. Олардың көбі сталиндік саяси қуғынның қасіретін шегіп жүргендер еді. Қаншалықты ызалы, ашынған адамдар болғанымен олар дұрыс басшыға мойынсұнып, жұмысқа нұсқан келтір­мейтін. Ондағы басты шарт –  еңбектерін адал есептеп, ақысын дұрыс төлеу еді. Мейлінше адал, әділ болуға тырысқандықтан ба, ол жердегі жұмысым әрдайым жемісті болды.

Ең алғаш рет сменаны басқаруға  кіріскенімде  Василий Степанюк деген зор денелі, еңгезердей украин жігіті: «Осындай шап- шағын бой, жап-жас күйіңмен бізді қалай басқармақсың?» – деп, кекете сөйледі. Оған мен Тарас Шевченконың: «Як умру так поховайте, на Украине милой» деп басталатын өлеңін өз тілінде мүдірместен заулатып оқып бердім. Елін, жұртын сағынса керек, ол сол арада мені құшағына қатты қысып, жұртқа мақтай жөнелді. Бір жылдан соң әлгі сотталғандардың бәрі ақталып, түрмеден босатылды. Степанюк бір күні: «Бастық, үйлену тойыма шақырсам келер ме едіңіз, коммуниссіз ғой, қорықпайсыз ба?» – деп сұрады. Мен оған: «Қорқатын несі бар, тойға бару қылмыс емес, сен қорықпасаң менде қорқу жоқ», – дедім. Жұбайым Мәриямді ертіп бардым да. Ол кезде сотталғандардың кейбірі босанып шыққасын бұрынғы кектесіп, өшігіп жүрген бастықтарға күн көр­сетпейтін. Құдайға шүкір, ондай пәледен өзім аулақ болдым, қай шахтаға барсам да бұрынғы өз участогымда бірге істеген жігіттер тауып алатын. Кеншілік деген – адалдық. Адал басшы болсаң қандай да қиыншылық­тардан кеншілер аман алып шығады, шахтаға да, басшыға да абырой-атақ әперуге тырысады. Инженерлермен де, жұмысшылармен де жақсы қарым-қатынаста болдым. Ауырып қалған забойщиктердің үйіне көңілін сұрап, кіріп шықсаң, ешқашан сені есінен шығармайды, жұмысты жан-тәнімен беріле істейді.

Алты жыл шахта басқарған жылдарым жемісті де жеңісті қуаныштарға жеткізді. Біздің шахта ең ірі шахта болғандықтан астымдағы көлігім де, тұратын үйім де ыңғайлы болды. Соның арқасы шығар, сырттан келетін қонақтарды бастықтар біздің шахтаға әкелетін және пайдалы жиындарынан қалдырмайтын.

Қаныш ағамыз 1961 жылы Жезқазғанға Ғылым ака­демиясының көшпелі мәжілісін өткізуге келгенде сөзінің басында мені де атап өтті, ол кісімен дәмдес те болдым. Ғұлама ғалымның көңіл күйінің сан түрлі құбылыс­тарынан, кең мінезді кемеңгерлігінен ғибрат алдым.

Қанекеңді көргеннен кейін адамның ең үлкен байлығы – мінез екенін түсіндім. Қанекеңнің баяндамаларынан да, айтыс, тартыстарын да естісем, «Бүркітбайды» шырқап салған қаз дауысты қоңыр әнінен де кереметтей әсер алдым. Сол әсер әлі де есімнен кетпейді, мен Қанекеңнен артық билейтін жігітті әлі күнге дейін кездестірген емеспін. Оған ол кісінің еңселі бойы, ерекше жаратылған тамаша келбеті мен өзгеден өзгеше мәдениеттілігі де ықпал еткен шығар. Қаныш ағамыз оқымысты ғұламалығымен де табиғаттың көз тоярлық тұлғасымен де артықша жаратылған адам еді.

Қанекеңді көргенде бала күнгі арманым орындалды. Бір жиында домбыра іздегенде менің домбырамды алдырдық. Домбырам ұнады, ән салғызбақшы болды, мен ұялып, келіспедім. Сонда ол кісі: «Cұлу саз адам баласының кам көңілін қалпына келтіреді, ал ән салу өжеттікке үйретеді, ұялып отырсың ғой «батырым», мен-ақ айтайын», — деп, бірнеше ән шырқады. Ол қызық мезеттер бір жекеше әңгіме боларлық жәйт…

— Өндірістен партиялық жұмысқа қалай ауысып жүрсіз? Бұған біреулердің тікелей ықпалы болды ма?

— Шахта басқарып жүргенімде 1963 жылы Жезқазған кен-металлургиялық комбинатының парткомының хатшылығына ұсынбақшы болды. О кезде Н. С. Хрущевтің шығарған нұсқауы бойынша ол орында екі жылдан артық ұстамайтын. Мен әр түрлі оймен бұл ұсыныстан бас тарт­тым. Сол, сол-ақ екен, қалалық партия басшылары мені сынап, шеней бастады. Жұмысымнан кемшілік таппаға­сын, партиялық тәртіпке бағынбады деген мәселені көлденең тарта берді. Сөйтіп,  1965 жылы қайта шақырған­да амалсыз келісім бердім. Сол екі арада Хрущев кетіп, оның орнына Л. И. Брежнев келді. Бұл жұмысты мен төрт жылдан астам уақыт атқарып, қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатылдым.  1973 жылы Жезқаз­ған облысы құрылғанда облыстық партия коми­тетінің екінші хатшысы болып сайландым. Парткомның хатшылығына ұсынылғанда тұңғыш рет Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев­тың қабылдауында болдым.

Димекең өзі оқыған институтты бітіргеніме елең етіп, біраз әңгімелесті. Баяғы өзіне сабақ берген қарт профес­сорларды есіне түсірді. Бәрін де ұмытпапты. Димекең маған қарапайымдылығымен, керемет есте сақтау қабілеті­мен үлкен әсер қалдырды.

Кезінде Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарған Сұлтан Қапарұлы Дос­мағанбетов те қазақ жігіттеріне қолұшын беруден қорық­пайтын. Бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев та Сұлтекеңді ұстаз тұтып, қатты сыйлайды.  Қазақ­стан Компартиясының Орталық Комитетінде жезқазған­дық ағаларымыз Темеш Садуақасұлы Садуақа­сов, Оразай Батырбекұлы Батырбеков те ел ішіндегі жігіттерге қамқор­лық көрсетті. Соның бірі мен шығармын. Орталық комитет­тің хатшысы болған Алексей Семенович Колебаев Жезқаз­ғанға келгенде біздің шахтаны көріп танысып еді, ол кісі де маған көп көмектесті, көтермеледі. Менің әжем әкемнің Степан дейтін досын мақтағанда «қаймағы бұзылмаған кісі, әттең, орыс болып туғаны болмаса қазақтан еш кемдігі жоқ» дейтін. Алексей Семеновичті көргенде қарт әжемнің сөздері есіме түсетін. Ол мен көрген адал азаматтың бірі еді. Сөйтіп, сондай асыл азаматтардың қолдауымен партия қызметіне қызу кірісіп кеттім.

 

«Өте дұрыс, енді созбаймын», – деді. Бірақ, ол сөздер орындалмады

 

— Өзге ұлтты билікке жолата бермейтін Мәскеу сізді қалайша Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшылығынан Орталық комитеттің аппаратына  алып кетті. Мұнда қандай да бір мақсат-есеп болған шығар?

— Бұған әртүрлі жағдайлар себеп болған болса керек.

Біріншіден, Жезқазған облысын құрған кезде жан ая­май жұмыс істедім. Қаланың бұрынғы басшысы бол­ған­дықтан көп ауыртпалық маған түсті, дегенмен бүкіл меке­мелерді он күннің ішінде дұрыстап орналастырып бердім.

Екіншіден, бір жылға жетпей көшіп келген қызметкер­лер пәтер алып, толық жайғасты. Қаламыздың облыс орталығы болғанына қуанып, айтқанымды екі етпеген өндіріс пен басқа да мекемелердің басшыларына, әсіресе, Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының бұрынғы директоры В.В.Губаға ризашы­лығым мол. Ол кісі ер мінезді, намысшыл, кемеңгер басшы болатын, сұрағанымды екі етпейтін. Басқа жаңадан ашылған облыстарға тұрғын үйлер салуға бүкіл ел болып көмектессе, біз ешкімнің көмегін қажет етпедік, қайта, Арқалыққа барып, қолғабыс еттік. Содан көп ұзамай Бал­қаш қаласында түсті металлургия саласы бойынша партия комитеті хатшыларының семинары болды. Оған облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары қатысып, үлкен жиынға айналды. Осы жолы ел намысын қорғап, көптеген жұмыстар істедік. Керекті бағдарламалар мен құжаттарды дайындау үшін алдын-ала Мәскеуге барып, бір жұмадай дайындалдық. Орталық Комитеттің түсті металлургия бөлімін басқаратын Иван Павлович  Ястребов дейтін егделеу кісі болатын. Менің көмегіме дән риза болып қалыпты. Қазақстаннан кісі керек, өндіріс маманы дегенде осы бөлім бастығы А.С.Колебаевпен ақылдасып, ұсынған шығар деп ойлаймын. Бұған қоса Алматыдағы екінші басшымыз В.К.Месяцтың да ықпалы жоқ емес.

Екіншіден, Жезқазған облысы құрылардың алдында бізді Алматыдан кейін Мәскеу қабылдады. Онда Л.И.Брежневтің қабыладауын тосып, екі-үш күн қарайлап қалдық, әйткенменде Бас хатшы бізді сенбі күні қабыл­дады. «Үлкен бастық болудың жолына түскен жігіттер көрінесіздер, сенбі болса да қадірлі жерлестерімді, көп тосып қалмасын деп осындай демалыс күнінде саяжайдан келіп отырмын»,– деді. Бас хатшы өз жұмыс столында отырып, көп әңгіме айтты. Ол кезде Брежнев темекі тартатын, қолындағы алтын жалатқан папирос салғышын «капитализмнің кереметі» деп мысалға келтіріп: «Былай бассаң темекі шығады, былай бассаң от береді, ал сырт жағына қарасаң сағаты бар», – деп жас балаша тамсанып отырды. Сәлден соң бастық біздер отырған ұзын столға келді. Столда дайындап қойған біздің жеке басымызды сипаттайтын папкіде  іс қағаздары бар еді. Бас хатшы әңгімесін жалғап, темекісін будақтатып отырып, алдындағы қағаздарды шатастырып алыпты. Сөйтіп, ол кісінің алдына алдымен менің іс қағаздарым ілігіпті. Кідірместен оқи бастады: «О, дұрыс, кен мастерінен бастап, Жезқазған сияқты түсті металлургияның Магниткасында қаланы басқарған кадрды бірінші хатшылыққа ұсынғандарың жақсы екен, біздің Димаш ақылды кісі-ау, өте дұрыс», – деп мені тұрғызып көрді. Қалың қара шашымның маң­дайымнан тараған бір бума ағы болатын. «Жас та болсаң шашың ағара бастапты,  ол ақылдан ағарып отыр», – деді. Бәріміз аузымызға су толтырғандай үнсіз қалдық. Бізді ертіп кірген Орталық Комитеттің хатшысы Иван Васильевич Капитонов пен Қазақстан Орталық Комите­тінің со кездегі екінші хатшысы Валентин Карпович Месяц болатын. Капитонов еппен ғана тұрып: «Ғафу етіңіз, Леонид Ильич, мен қағаздарды шатастырып қойыппын, бірінші хатшы­лыққа мына кісіні ұсынып отырмыз», – деп К.С.Лосевті көр­сетті. «Сен, Капитонов, үнемі шатастырып жүресің, бірақ, мен шатаспаймын, бұл кісіні де көрейік», – деп Ло­сев­тің қағазын оқи бастады. «О, колхоз, совхоздарға қала­дан апарып, «отыз мыңдық» деп Хрущевтің тудырған жа­сан­ды кадры ғой. Совхоздың директоры, халық бақылау­шысы тағы .., — деп, Лосевқа қарап: «Қалай келісім бердің, бұл саған астық дайындайтын Солтүстік Қазақстан емес, басқа жер, түсті металл ғой», — деп, ұнатпаған сыңай таныт­ты.

Константин Семенович Лосев жалпы ақылды, зиялы азамат болса да көзге қораштау көрінетін. «Жоқ, бұл дұрыс емес, әлгі жігітті ұсынған дұрыс», – деп Брежнев қайта қи­қайды. Сол кезде өжет те, өткірлеу В.К.Месяц тұрып: «Леонид Ильич, кешірім етіңіз, К.С.Лосев жолдас бірнеше жыл екінші хатшы болған мол тәжірибесі бар кісі, ал Салықов жолдас әзірше екінші хатшы болып көмектесер деп едік. Біз Қазақстан Компартиясының Орталық Коми­тетінің бюросында қарадық, Димаш Ахметович сізге көп- көп сәлем айтты, қолдауыңызды сұрайды», – деді.

Л.И.Брежнев бір ыңыранып: «О, сен Саяси бюроның мүшесінің шешімі бар деп мені қорқытпақшысың ғой, өйтіп, күшке салма, менде де келесі съезге дейін біраз күш барын ұмытпа», – деді. Сонда В.К.Месяц: «Леонид Ильич, Салықов бір-екі жыл көмектессін, содан кейін бұл кісіні де жоғарылатамыз, республика үлкен ғой», – деді. Бас хатшы сол кезде ептеп сынықсып, райынан қайта бастап, орнынан тұрып, менің қасыма келіп, арқамнан құшақта­ғандай болып: «Не де болса осыларға сенейікші, екі жылдан кейін өсірмесе, «ВЧ» деген телефоның болады, соны ал да өзіме хабарла, келісім осы», – деп тоқтады. Әрине, Капи­тонов өзіне түртіп алып жатты. Осы жағдайдың да маған себі болды-ау деймін.

Мәскеуге аттанардың алдында бір облыста іссапарда жүрген Д.А.Қонаев тауып алып сөйлесті. «Сізді Орталық Комитет шақырып жатыр, М.А.Суслов маған айтты, түбі жаман болмас, беттерін қайтарма», – деді. Мен рахмет айттым. Солай Орталық Комитеттің инспекторы қызметіне айналдым. Сөйтіп, мәскеулік болып кете бердім.

– Мәскеуде ұзақ отырып қалдыңыз. Оған әлдеқандай жағдайлар себеп болды ма?

– Есепсіз себеп жоқ қой. Тоғыз жылдан астам отыр­ғаным рас. Бірақ, мен төрт жылдан кейін Алматыға тойға келгенімде, ол кезде Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты болатынмын. Димекеңе сәлем беріп, тойдан кейін кездесуге сұрандым. Ол кісі өте сыпайы қарсы алып, ақыры той өткен күннің ертеңіне қабылдады. Елден кеткелі төрт жылдан асып кетті, қырық үш жасымда барып едім, міне, елу де таяп қалды, елге оралайын Димеке, – деп өтініш айттым. Димекең төмен қарап: «Ия, төрт жыл, төрт жыл… – деп отырды да: «Сізді Жезқазғанның найманы деп жүрсем, Көкшетаудың қарауылы екенсіз ғой», – деп, жай ғана сұраған сыңай білдірді. Мен: «Димеке, өзіңіз бітірген институтты тәмәмдағаннан кейін Жезқазғанға келдім, табаны күректей жиырма жыл қызмет  еттім. «Ақ ауыл», «Қара ауыл» дедіңіз, содан бері мен туған жерімнің бір жиын-тойына қатыса алмаппын, тек асырап баққан ата-анамның қазасына ғана бардым», – деп толқыдым. Себебі, үлкен ағамыздан тап осындай сауалды күтпеп едім. Сонда ол: «Жоқ, жәй айтамын, атығай, қарауыл деген елдер барымташыл, қарымташыл келеді екен», – деп бір қойды. Со кезде менің: «Димеке, тап осы сөз сіздің көкейіңізден шыққан жоқ, не біреу айтты, не кітаптан оқыдыңыз ғой», – демесім бар ма. Ағамыз кеңкілдеп бір күлді де, орнынан тұрып: «Дәл тауып айттыңыз. Сәкен Жүнісовтің «Ақан Серісін» журналдан оқып едім», – дегенді айтты. Бірақ, Димекең тез ширақталды да: «Жарайды, елге қайтаруды қолға аламын», – деген сөзін берді. Екі жылдан кейін тағы сондай бір тойдан кейін жолықтым. «Өте дұрыс, енді созбаймын», – деді. Бірақ, ол сөздер орындалмады. Тоғыз жылдың ішінде Мәскеудегі бастықтарым да еліңе оралатын болдың деп, бір-екі облысты атаған болатын. Үшінші рет сөйлескенде И.В.Капитоновқа: «Қашан Политбюроға апарғанша маған айтпаңызшы, мен қызмет сұрап жүрген жоқпын ғой, егер керексіз болсам Жезқазғанға барып, баяғы шахтамды басқарамын», – деп реніш білдірдім. Ол кісі: «Оныңыз рас, ұсыныстар да болды, білесіз, Димаш Ахмедович осы арада келісім береді де, артынан еліне барғанда «ойбай бюродан өткізе алмадым» деп хабарлайды, тап осы жолы өтесіз», – деді. Ол жолы да «бюрода өткізе алмапты». Содан кейін көңілім суыды да, Қарақалпақ­станды, енді Капитонов емес, К.Лигачев ұсынғанда келісім бердім. Соның алдында бір тапсырмамен Өзбекстанға – Қарақалпақстанға  жіберіп алған болатын. Үштің бірі қазақ, бірі өзбек, бірі қарақалпақ болған соң мен қарсы бола қойған жоқпын.

 

«Өлеңім мен жүрегім елде жүрді»

– Орталық Комитет аппаратындағы көп жылғы қызметтен қандай тағылым-сабақ алдым деп ойлайсыз? Ондай үлкен қаланың сізге рухани ықпалы да болған шығар?

– Орталық Комитеттің инспекторлары төрт-бестен аспайтын, оларды тек Орталық Комитеттің хатшысы басқаратын. Маған өндіріс және транспорт мәселелері мен үлкен кадрларға түсетін арыздарды тексеру және елдегі тәртіп мәселелері жүктелді. Сондықтан мен елдің жағдайы, ішкі іркілістер мен дағдарыстар туралы мұқият біліп отырдым. Ресей Федерациясының «Қаратопырақсыз» аймағын игеру деген мәселе көтерілгенде, бұл текке кететін шығын, одан да Қазақстанның және басқа жерлердің қойшыларының ортағасырлық деңгейдегі күйлерін жақсарту керектігін И.В.Капитоновқа барынша түсіндір­дім. Экономикалық реформалардың жөнсіз екенін айтып, нақтылы ұсыныс та енгіздім. Ол ұсынысымды сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгин мақұлдап, үлкен жұмыс жүргізіп, Л.И.Брежневтің қабылдауында болсақ та, оның қолдауын таппадық. Одан кейін көп зерттеп, елдің қиналған кезінде партконференция өткізілу­ші еді, оны да ұсындым. Тікелей бастығым И.В.Капитонов бұл ойымды да жөн деп, қолдағанымен ол тағы да Л.И.Брежневтің алдынан қайтты.

М.С.Горбачевтің кезінде Бүкілодақтық ХІХ кон­ферен­цияның алдында Е.К.Лигачев Қарақалпақстанға телефон соғып: «Ертеректе осы мәселе жөнінде ұсыныс енгізіпсіз ғой, рас па?» – деді. Капитонов айтса керек, мен шындықты жасырмадым. Ол кісі дайындаған қағаздарды сұрады. Мен Мәскеуде бір қағаз да қалдырмай алып кеткен едім. Лига­чев: «Усманходжаевпен өзім сөйлесемін, бар қағаз­дарды алып, Мәскеуге тез жет», – деді. Аздан соң Өзбекстан Орта­лық Комитетінің бірінші хатшысы Иномжан Бұз­рықұлы Усманходжаев телефон соғып: «Сізді шақырып жатыр, неге екенін білмеймін, егер басқа қызмет ұсынса ақыл­да­сатын болыңыз, сәт тілеймін», – дегенді айтты. ХІХ парт­конференцияның кезінде басқа қызметте жүрген И.В.Ка­питонов кездесіп: «Кәкімбек Салықұлы, еңбегіміз зая кеткен жоқ, ақыры конференция өтіп жатыр ғой», – деп ортақ қуаныш білдірді.

Орталық Комитетте істеп жүргенде қай жағынан болса да, жеке басымның дайындығы ешкімнен кем болған жоқ. Күрделі істердің кейде арасында, кейде басында жүрдім. Инспекторлық жұмыс адалдыққа, тазалыққа, туралыққа үйретті. Жалпы, қызметтес болған жігіттердің бәрімен де достасып кеттім, әлі де байланысып тұрамыз. Ізеттілік пен сыйластықты үйренген шығармын. Бірақ, елді қатты сағынып жүргенде, әйтеуір, өлең жарықтық серік болды, өлеңнен қол үзген жоқпын, жинақтарым да жарық көріп тұрды. Газет-журналдарда өлеңдерім жиі басылып жүрді.

Тағдырдың өлең үшін берген ол да бір бұйрығы шығар. Мәскеудің маған берген үлкен сабағы – елге деген сағыныш болса керек. Қазақтың ақиық ақыны Сырбай Мәуленов ағамыз: «Кәкімбек-ау, осы сағыныштарың жақсы дүние, «Жезкиігің» ел ішінде жортып жүр, оны айтпайтын қазақ кемде-кем, өмірге өкінбе, елге де жетерсің, өлеңді бұрқыратып жаза бер», – дейтін де:

Құрбылардың буындары балқысын,

Ән салайық, қазақ жыры шалқысын.

Мәриям-ау, қазы, қарта асып қой,

Мәскеуіңде елдің исі аңқысын, –

деген өлеңімді жатқа айтатын. Дарабоз ағамыздың осы ағалық сезімдері де тегін емес. Мәскеуде қазақтар көп болды, қазақ диаспорасының хал-жағдайын да білуге себеп туды. Аспиранттар, студенттер кездесуге жиі шақы­ратын. Олардың алдында өлең оқу да, ел жайлы әңгіме қозғау да қызық өтетін. Мәскеудің тағы бір бергені ол кезде қазақ газет-журналдарының бәрін алдырып тұрдым. Жас ақын-жазушылардың, суретші, сәулетшілер­дің Мәскеуге келгендері, аға буын алыптар да кездесуге құмар болатын. Соның бәрі-бәрі елге деген сағынышыма шипа болды.

Алматыда шыққан жаңа кітаптардың бәрін алдырып отырушы едім. Евней Букетов, Тұманбай Молдағалиев, Әбділдә Тәжібаев, Ілияс Есенберлин, Хакімжан Наурыз­баев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шота Уәлиханов, Сәкен Жүнісов, Төлеген Досмағамбетовтар келген сайын дәмдес болмай, сырласпай кетпейтін. Бұл да зор сабақ емес пе! Өмірі жүздеспей өтсек те, Ахмет Жұбанов ағамыз түсіме кіріп, «Күй атасы арымсың» деген үлкен өлеңім туған, ол да бір сағыныштың бергені шығар. Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазын» Мәскеуге әкелгенде аттас поэмам туды. Қадыр Мырзалиев ізденімпаз, интеллектуал, зерделі ақын. Кезінде сирек кездесетін кітаптардың артығын сыйласып жүретінбіз. Мәскеуге келген бір сапарында «Алдаспанның» цензурадан өтпеген нұсқасын сыйлады. Сол кітап біздің үйде ең сыйлы жерде сақтаулы және оны жиі оқып, қайталап жүремін. Үкілі Ыбырай, Ақан Сері, Балуан Шолақ, Біржан Сал бабаларымның өлеңдерін жасымда көп үйренгенім бар еді. Оларды да Қайрат Байбосынов сияқты інілерімізге үйретуге құштар болдым. Алыста жүрсем де жүрегімнің ең ыстық лүпілі туған ел деп соғып жүрді. Сабақтың ең үлкені де осы шығар.

Ой толғанысы ақылмен астасып жатады, әсіресе, осындай шындыққа жүгінсек осының бәрі  рухани азық. Мәскеудің де азаматтық, әлеуметтік, әсіресе, мәдениет сала­сына бергені аз емес. Әсіресе, театрлары мен мұра­жайлары көп әсер еткені анық. Пушкинді, Маяковскийді көп оқыдым, ол бұл заңғайыр ақындардың өлеңдерін қазақшаға тәржімелеуіме керек болды. Мәскеу – тоқсан өнердің тоғысқан жері еді ғой, қолдың тиюіне қарай барын базарлауға тырыстым. Жалпы, мәскеуліктердің қазақстан­дықтарға деген ықыласы сүйсінерліктей еді. Менің институтта бірге оқыған бір жылдық төлдер болған достарымның елуден артығы Мәскеуде тұрды, олардың да қайғысы мен қызығына ортақтас болдым.

Мәскеуде тұрған кезде ұлым Ерлан институт бітірді, үйленді. Жезқазғанға кенші болып келіп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Қызым Майра да институтты Мәскеуде бітіріп, тұрмысқа шығып, мәскеулік Марат Бекеновпен көңіл қосты. Үлкен немерлерім Мәскеуде туды. Баяғыда институтты бітіріп, дипломды қорғағаннан кейін бір жұмадан аспай өзім де Мәскеуде үйленген болатынмын. Ол кездегі той да ресторанда емес, үйде өтетін. Бәйбішем Мәриямның бірге оқыған досжар қызының кең үйіне жиналып, достарымызбен елден келген туыстар сол тойға куә болған. Ал сол үйдің қасынан жылына бір өтіп, балаларыма, немерелеріме көрсетіп қоятынмын. Оқуды, қызметті қоса есептегенде Мәскеуде он сегіз жыл өмірім өтіпті. Сондықтан бұл ғажайып қаланың берген рухани да, азаматтық та, ақындық та сабақтарын әрқашан сыйлап өтемін.

Туған елім Қазақстанның тәуелсіздігін шын тілесем, Мәскеумен әрқашан көршілік тату-тәтті қарым-қатынаста болуымызды қалаймын. Ата-бабамыз сан жылдар аңсаған егемендікке жеттік, ал шын тәуелсіздікке жету үшін орыс сияқты ұлы халықпен достықты үзбеспіз деп сенемін. Мәскеу тек қана үлкен қала емес, ол – тарихи тамырымыз жалғасып жатқан ұлы елдің астанасы, оның өсіп, өнуіне, өркендеуіне Қазақстан да өз үлесін  қосқан. Бүкіл әлемді фашизмнен қорғауда да қазақстандықтардың, әсіресе, Мәскеу түбіндегі ерлігін бүкіл адамзат қалай ұмытпақ. Сон­дық­тан Мәскеу бізге жақын, тағдырлас қала, оған айтар алғысым да аз емес, өркендей берсін. Мәскеу сапарымда ақындық шабытым да ашыла түсті, ал өлеңім мен жүрегім елде жүрді.

– Орталық Комиеттің инспекторы болып жүрген кезіңізде партияның жергілікті респуб­лика, облыс көлеміндегі басшылары тарапынан жасалған заңсыздықтар, үлкен қылмысты істерді тексеруге қатыстыңыз ба?

– Әрине, инспектордың бар жұмысының бір үлкен тармағы да осы мәселе. Қазір оларды тізбектеп жатудың қажеті болмас. Қазақстан­дағы осындай істерді тексеруден  мұқият бас тарттым. Бір жақсылығы, біздің ел бұл жөнінде өзгелерден тазалау болды, ал Колбиннің кезіндегі кейбір асыра сілтеулер әділ бағасын алды ғой. Басқа аймақтарда, көбінесе Ресей жерінде өлкелер мен облыстардағы заңсыздық­тарды текеруге қатысақаным рас. Нақтылы фактілер болмаса, бүркеншік атпен жазылған сырттай ғайбаттауларды тексере бермейтінбіз.

Ал ашық, ашына жазылған арыз-шағым­дар­дың жөні бөлек. Әлі күнге дейін есімде: Мәскеудегі біраз қиянатты қатты шеккен арыз иелерінің шындыққа жеткенде айтқан алғыстарын да алдым. Аппаратта істейтін Алаев деген қызмет­керді арызы бойынша Орталық Комитеттің бұрынғы Іс басқармасының басты­ғы Еңбек Ері  атанған Павловтың сұрқия әрекет­терін ашу бізге де оңайға түскен жоқ. Әйгілі «Краснодар ісі» – Медунов мәселесі ел-жұртқа белгілі оқиға. Ол жер парақорлықтың жүйелі түрдегі астанасы болып кеткен екен, соған көзім жетті. Әділдік пен таза­лыққа жүр­генім мені қиянаттап, жазықсыз қаралаудан аулақ етті, қатты жаным ашыған, аяушылық білдірген кез­дерім де аз болған жоқ, ол – жалпы жүйенің кей кемші­ліктерін түсінгенім шығар. Қандай тексеріске қатынассам да әділ болуға, адал болуға тырыстым.

– Колбиннен бұрын Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына сіздің де кандидатураңыз ұсынылған екен деген сөз бар.

– Бұл «сөз» кейбіреулердің ойдан шығар­ған долбары шығар. Тап осындай мәселені маған айтқан ешкім жоқ. Тек қана лауазымды бір жолдасым: «Сен туралы бір үлкен сөз болған екен, «ол үлкен ақын, ел басқаруға қол тимей кетер», – депті дейді. М. С. Горбачевті Ташкентке бір келген­де қарсы алдық, Өзбек­стан КП Орталық Комитетінің де мүшесі едім. Жұрттың көзінше құлағыма сыбырлап: «Өлең қалай?» деді. «Михаил Сергеевич, өлеңге қолым тимей жүр, пенсияға шыққанда жазба­сам», – дедім. Ол кісі: «Жоқ, жаза беріңіз, Мәс­кеу­ден шыққан жинағыңызды оқыдым, жақсы екен», – деді. Әлгі жолдасымның айтқаны сонда есіме түсті. Бір білгенім осы. Сол күні елден телефон соғушылар көп бол­ды. Олардың қай-қайсысы да не теледидардан көргендер: «Горбачев құлағыңа не деп сыбырлады?» – деп сұрап жатты.

– Қарақалпақ автономиялы республикасына бірінші басшы болып қалай барып жүрсіз? Оған тікелей кім себеп болды деп ойлайсыз? Әлде Кремль­дегілер біздің туыстас халық екенімізді ескерді ме?

– Бұл сұраққа жоғарыда жауап беріп өткен секілдімін. Сонда да болса бір-екі деректі айта кетейін. Орталық Комитетте қырық жыл істеген Павел Васильевич Симонов дейтін кісі болды. Осы қарттың менен жиырма астай үлкен­дігі де бар еді. Онымен ара қатынасы­мыздың жақсы екенін қызметтес жігіттер білетін. Ол Орал облыстарының секторын бас­қарды. Бір күні есік алдындағы Филев пар­кіне немеремді ертіп шықсам П. В.  Симонов кездесе кетті. Немерем Арман ол кісіні «Симонов-ата» дейтін. Өзі де балажан адам еді. Арманға қарап: «Сенің Кәкімбек атаң жуырда Мәскеуден көшіп кетеді, сен де бірге кетесің бе?» – деді. Немерем: «Мамам мен папамды тастамаса мен де бірге кетемін», – деп жауап берді. Мен сол арада жас балаға нені айтып отыр­сыз, басқа әңгімеңіз жоқ па, Павел Ва­сильевич, – деп реніш білдіріп едім, ол: «Кете­тінің анық, бастықтар сенен ұялып жүр, Қазақстан жолатар емес, сіздің кадр болсын, Орынборға жіберейік», – деді. «Мен бұл ақын­жанды өжет жігіт ертең бұрынғы астанасын Қазақстанға қосып алып жүрмесін», – деге­німде бәрі қатты күлді де, сен туралы көп сұра­ды. Жолдассың ғой, білгенімді айтып отыр­мын», – деп тоқтады. Аздан соң: «Саған бір ұсыныс болады, қорықпай бара бер, мен де Еврей автоно­миясын басқарғанмын. Татар­станда, Башқұртсанда обкомның хатшысы  болғанмын», – деп, өзінің Мәскеуге төртінші рет көшіп келіп тұрғанын айтты.

Мен ол кісінің сөзіне сендім. Аздан соң ұсы­ныс та болды. Кімнің ұсынысымен болған шаруа екенін білмей­мін, тек М. С. Горбачев қабылдағанда «К. У. Черненко сырқаттанып жатыр, сізбен сөйлесуді ол кісімен келістім, жуырда Өзбектстанда іссапарда болған екенсіз, И. Б. Усманходжаев Қарақалпақстанға сұрап отыр», – деді. Оған қоса, өзімді ертіп кірген тікелей бастығым Е. К. Ли­гачев та: «Қазақтары көп, қарақалпақ тілін де біледі екені­сіз, бәрін ойластырдық», – деп қосып қойды. Содан соң екеу­леп Усманходжаевты мақтады. Ақыры Горбачев: «Барып, көмектесіп қайтыңыз, сізді осындағылар жақсы айтады, өзімізге де керексіз, қайтып оралам десеңіз есігіміз ашық», – деп сөзін шегеледі.  Мен тәуекелге бел байлап, келі­сімімді бердім. «Елге де бір табан жақын ғой, қайтып Мәскеуге келмеспін, жігіттер бірдеңе берер»,  деп те ойладым.

– Ол жерге барғанда жұмысты неден бастадыңыз? Ең алдымен қандай мәселелердің қолға алдыңыз?

– Елдегі қызметтен де, Орталық Комитет­тен де алған біраз тәжірибем бар ғой, ең алды­мен жалпы жағдаймен етене танысуды жөн көрдім. Ол кезде «қосып жазу», «мақта ісі» деген мәселелермен Одақтық прокуратура айна­лысып жатыр екен. Олар көптеген облыс­тарға қырғидай тиді, біраз үлкен бастықтарды тұтқындап та жатыр деп естідім. Сон­дықтан алдымен істің мән-жайын біліп алайын деп, бұрынғы әріптесімнің шоферлеріне дейін қозғағам жоқ. Кімнің кім екенін өмір көрсетер деп, істі Арал жайынан бастадым, зардап шеккен елдердің ауыр тұрмысын көзіммен көріп, дұрыстап біліп алғым келді. Істің насыр­ға шауып бара жатқанын көрдім. Теңіз жаға­лаудан көп алыс кетіп қалыпты, балықшылар жұмыссыз қалған, бұрынғы көк теңізде шал­қып жүрген ақ кемелер адам шошыр­лықтай күйге еніп, қаңқалары ырсиып, құмда қалыпты.

Электр қуаты жетіспейді екен, жолдар нашар, көптеген совхоздарда минводхоз аяқта­май кеткен жұмыстар ұлан­ғайыр. ТЭЦ-ті ұлғайтуды қолға алып, жол салу жұмысын төрт есе көбейтуді Ташкентпен келістік. Жол мәселесімен айналысатын министрді талай жерге ертіп барып, жұмыс­тың нақтылы мерзімдерін белгіледік, бұл шаруаны алғашқы бюроға қойдық. Бұл шешім үлкен қолдау тапты. Екі жылда барлық дұрыс жолы жоқ совхоздарға дейін асфальт төселді. ТЭЦ-тің жыл сайынғы қуатын көбейтіп, көптеген жыл­дарға жетердей энергия қорын жасадық. Тағы бір үлкен шаруа – сиыр фермаларын ретке келтіру қолға алынды. Онда «қосып жазу», жоқ сүтті «бар» деп көрсету етек алып­ты. Кей аудандарда үкіметке өткізілген сүттің отыз проценті ғана нақтылы сүттей тапсы­рылып, қалғаны «қағаздан сауған» сүт  болып тіркелген.  Оған қоса, жалпы бұл елде жыл­қы малы аз, көбіне сиыр етін қадір тұтады, бала көп, сүт те, сиыр еті же жетіспейді. Бастапқы жұмыс осындай аса «асқынған жараларды» емдеуден басталды. Ақиқат пен өтіріктің арасын айыру көп күшке түсті.

Одақтың кезінде қай жерде де қосып жазу үлкен етек алған еді. Кей салаларда тіпті, үкімет ие бола алмастай көлемде еді. Ал автокөлік саласындағы былық-шылық та жетерліктей болды.

Үшінші топтағы мәселелердің үлкені – ауыз суының тапшылығы, ел тұрмысының мүшкіл халі. Мың екі жүзден астам елді мекен­дердің маңында монша жоқ. Елде жұқ­палы аурулар кеңінен етек алған, жас балалар мен аналар­дың өлім-жітімі көп. Күйзелістің үлкені – жалпы медици­налық жәрдемнің аздығы, тазалықтың кемдігі. Оған қоса Аралдың суының тартылуына байланысты зардап шегудің өз жүйелері бар. Ел тұрмысы, әсіресе, ауылды жерде нашар екен. Нүкістің өзіне жылу беру мәселесі жөндеп қолға алынбаған қа­лыпта. Тұруға болмайтын тар лашықтар астананың айналасында көптен де көп. Осы жағдайларды Арал мәселесіне байланыс­тырып, Орталық Комитет пен Ми­нистрер Кеңесінің қаулыларын екі рет қабылдатуға себім тиді. Бірінші қаулы тек қана Қарақалпақ­станға көмекке (1986), екінші қаулы бүкіл Арал өңіріне (1988) арналды. Нақтылы жәрдем жасалды. Бірінші қаулы шығарда үлкен үкімет комиссиясы жұмыс істеді. Осы екі қаулының шапағатын ел көрді.

Ауыз суының тапшылығы сондай, Нүкіс­тің өзінде таза су тазартқыштың мүмкіндігі аз ғана екен, ол қала халқының жиырма процентін ғана қамтыды. Бір жылдың ішінде қаланы толық қамтамасыз етіп және қаланың қасындағы Халқабад дейтін шағын қалашыққа таза су жеткізілді. Тахияташ және Түйемойын су тазартқыш­тарының қуаттары бүкіл елге жетердей болды. Ол су тазартқыштардан бар­лық аудандарда су құбырлары, үлкен су жүйелері салынды. Тындырған істің бір үлкені – табиғи газбен қамтамасыз етуді он екі проценттен сексен беске жеткізгеніміз шығар. Бұл сол кезде ешбір жерде жоқ жетістік еді. Газдандыруға ақша тапсақ та, жобасын жасату қиынға соқты, сол үшін арнайы Ленинградқа кісі жібе­ріп,басшыларымен сөйлесіп, жоба мәселесін жеделдеттік, міне, біздің жұмысы­мыздың сыры да осында еді. Отын, көмір жоқ ел үшін газ дегенің жұмақ орнатқандай болды.

Бұдан басқа да көптеген жұмыстар істелін­ді. Арал аймағындағы аудандар және Нүкістің қызметкерлері мен жұмысшыларына үстеме еңбекақыға қол жеткізу қуаныштың үлкені болатын. Аралды сақтап қалу, адамды сақтап қалу арпалысы қызу түрде жүрді. Біз ең әуелі адамды сақтауға күш жұмсадық. Арал теңізінің маңында Судочье, Машанкөл, Қос алқаның арасындағы көл, Жалтырбас, Тоғыз төре көлшіктерін маржандай қатар тізбектеудің арқасында Хорезм ойпатын көшпелі құмның басуын азайттық. Бүкіл тұрғындарды тексер­тіп, кімнің нендей кеселге ұшырағанын анық­тадық. Оған бүкіл елді жұмылдырған  Мәскеу­дің көмегі зор болды. Жаз айларында үш мыңнан астам дәрігерлер келсе, бәрі де өз қал­та­сымен күн көрді, ал біз оларды дұрыстап жай­ғастырып, кетерінде сый-сияпатын көрсетіп, алғысымызды айттық. Диагноз дұрыс қойылғаннан кейін емделу мәселелері де те шешіле бастады.

БҰҰ экологиялық бөлімшесі ЮНЕП-ті іске қосып, Арал қасіретін бүкіл әлемге таныт­тық. Американың қазіргі вице-президенті Альберт Гор да келіп, танысып кетті, ол кісі бұл үлкен қызметінен бұрын да әлемге әйгілі экологтардың қатарында болатын. Соның арқасында Арал мәселесіне АҚШ үкіметі айтарлықтай жәрдем етті. Сондай қызу жұмыстар жүріп жатқан кезде менің қасыма келіп, қызмет етуге тілек білдірген қазақ пен орыс аз болған жоқ. Мен олардың ешқайсы­сына да мақұл демедім. Бар істі аз, кем болса да сол елдің өз азаматтарымен тындырдық. Әсіресе, ел зиялылары академик Марат Нұр­мұ­хамедов, Сабыр Камалов, Дамир Салихұлы Ядгаров, Тұрсын Ешімбетова, Әменбай Тә­жиев, Сағындық Ниетуллаев, Тимур Камалов, Үбенияз Әшірбеков, Мәлік Сәрсенов, Құдай­берген Жұмабеков, Қожанияз Реже­пов,Дәулетбай Шәмшетов, Сапарбай Нұрқо­жаев, Чарджоу Әбдіров, Қоңыратбек Дошым­баевтарға алғысым мол. Тағы да басқа да азаматтарға үлкен міндеттер жүктелді. Өзімнің бес жылда көмекшім болды, олардың бәрі де қазір үлкен лауазымды жұмыстарда.  1996 жылы Арал мәселесі бойынша жол түсіп, қазақстандық біраз азаматтармен барып қайттым, сонда елдің алғысын естідік, соның бәрі бойыма рухани азық, күш-қуат берді. Арал мәселесімен әлі де қол үзбей айналысып жүргенім де қарақалпақтың ауыр ауыр жағ­дайын білгендігімнен шығар. Ол елге жаным қатты ашиды. Ел – еңбекқор ел, кішіпейіл, бауырмал халық. Соның бәрін «Қарақалпақ» дейтін поэмада жаздым. Басталған келелі істер аз емес, лайым солар тоқырап қалмаса екен, – деп алыстан тілеулестігімді білдіремін.

– Л. И. Брежневке қандай баға бересіз? «Оның кезінде мамыржай тіршілік кешіп едік. Коммунизм сол кезде өтіп кетіпті» дейтіндер табылады.

– Л. И. Брежневті басында жұрт Н. С. Хрущев­тай «даңғаза-дақпырты» жоқ деп және бұрынғы Сталиннің кезіндегі министрлік ескі жүйені қайта әкелгені үшін жақсы көріп кетті. Артынан ескі жүйені қанша жөндесе де тозған шекпен жыртыла бастады. Ертеректе темір жол қатынасының еліміздегі беделі күшті еді, кейін қай жерден қалай алып, жыртығымызды жамаймыз деген әрекет  осы «мемлекет ішіндегі мемлекетті» құлдыратып жіберді.  Өндіріс технологиясы жаңармады, ауыл шаруашылығында да жабдық шамалы болды. Тек соғыс құрал-жабдығы күшейді. Л. И. Брежнев төсіндегі жұлдыздарды көбейтуге тым әуес болып,  олардың санын Хрущевтан асырып жіберді. Меніңше, соншалық үлкен мемлекеттің басшысына қарапайымдылық жарасар еді.  Ақырғы жылдарында денсаулығы қанша төмендеп, жасы жетсе де, жағым түспей, тағымнан айырылмаймын деген сыңай білдіріп, отыра берді. Оның осы мінезін айналасындағы жағымпаздар мен жандайшаптар өте қатты пайдаланды. Елді ойлаудан гөрі өзінің жылы орнын қымтай түсу белең алды.  «Мамыржай тіршілік»  жоспардың орындалуы жөнінде жалған ақпарға жол ашты. Партияның  ХХVІ- съезіне дайындалғанымызда барлық көрсеткіштерін айқын орындап, атауға тұратын біздің Қарағанды облысы мен Белоруссияның Минск облысы ғана болды. Экономикалық жағдай құлдырай түсті. Өзі қартайып, қалай шаршаса, елдің жағдайы да солай ауыр күйзеліске ұшырап, кері кете берді.  Кейбір ұрпақ, мысалға отызыншы жылғы туғандар ел басының элитарлық  құрамына кірмей қалды. 1980 жылғы Қазақстанның алпыс жылдық тойында жақын көріп, бірге жүргенім бар, сол кездің өзінде әрең жүретін. Мәскеудегі көптеген Пленумдарда мінбеге әрең жетіп, әрең кетіп жүрді. «Мамыржай»  дегенің де сол шығар, елді басқаруға шамасы келмесе де, «сендер тимесеңдер мен тимеймінді» үндемей ғана орындап жүрді. «Жақсы кісі» деген қызмет-лауазым жоқ, кісілігін сөз етпеймін,  догматизмнің жанұясы да осы «мамыржайлық» болды-ау деймін. Одақтың күйреуінің иісі де Л. И. Брежневтің кезінде басталды.

«Жалғыздық» деген кітаптың авторы – ағылшынның атақты адмиралы Берг: «Мақсатсыз өмір қашанда ірі тұлғаны кері кетуге соқтырады» депті. Осы сөздерді Л. И. Брежневке де қатысты айтуға болады деп ойлаймын. Елді алдыға бастыра алмады. Берер бағам осы.

– Сіздің ойыңызша Д. А. Қонаев қандай тұлға? Ол кісінің жетістігі және кемшілігі неде?

– Біздің Димекең –саяси тұлға. Жаратылсынан тұлға­сына мінезі сай кеңдік бар еді. Ол кісінің бір жақсы қасиеті – кездескенде өте жылы ұшырай сөйлейтін. Жезқазған қаласына бірінші хатшылыққа ұсынылуыма байланысты қабылдауының соңында қолымды қысып тұрып: «Жолы­ңыз болсын, сәттілік тілеймін!» – деді. Жылы сөзіне дән риза болып, көпке дейін көңілімді бір қуанышты сезім билеп жүрді.

Бір жиналыста жарыссөзде сөйлеп тұрып Жезқазғанға жер жеткізбей, байлығына да жеткізбей мақтанғанымда Президиумда отырған ағамыз: «Алтай қайда?» – деді. Мен: «Алтайлықтар өздері айтар, Димеке, мен жәй мақтанып тұрғаным жоқ, сол жердің қажетті істері атағына сай шешілмей жатыр. Мысалға шошқаның семіз етінен басқа етті ала алмаймыз, ал, біздің аймақ тапсыратын қой еті қандай, жылқы еті де ғажап қой, солар кеншілердің, метал­лургтердің аузына тимей жатыр», – дедім. Сонда Димекең мені тоқтатып, ет-сүт министрін тұрғызып: «Ендігәрі мұн­дай сынды естімейтін болайық, Жезқазғанмен, Қараған­дымен, Теміртаумен ойнамаңыз», – деді. Құдай оңдап, беделіміз өсіп шықты. Біз елге жеткенше ет комбинатына мол ет те жетті. Сол жылы Қонаевтың қамқорлығын қала­мызға мақтанышпен жеткіздім.

Қарақалпақстанда қызмет істеп жүргенде ылғи сәлем беріп жүрдім. Ал, екінші, үшінші жұлдыз алғанда Орталық Комитетте қызмет істеуші едім, тойларынан тастамады. Үш дүркін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болдым, ол құрмет те Димекеңнің мақұлдауымен болды деп ойлаймын, әйтпесе олай болмас еді. Сондықтан мен ол кісіге ешқашан өкпелеген емеспін. Ол кісі ылғи «Хаке, қарақалпақтың жағдайы қалай, не көмек керек, айтып қой», – дейтін. «Димеке, неге Хаке дейсіз, Кәкімбек дей бермейсіз бе» деге­німде: «Жоқ, сен бір мемлекеттің басында жүрген адамсың, ол өзіңе де, сол елге де құрметім ғой», – деп әдемі жауап беретін.

Димекеңді Орталық Комитеттің құрамынан шығаратын Пленумға үлкен дайындық болды. Мені курорттан семьям­мен жатқан жерімнен екі күн бұрын шақыртып алып, ұйымдастыру бөліміндегі басшылар: «Дайындал, қарсы сөйле, соған бола ерте шақырдық», – деді. Мен үзілді-кесілді бас тарттым. Сондағы айтатындары бір рет емес, үш рет баратын облысыңды атап, осы жерде келісім беріп, Алма­тыға барған соң айнып қалып жүрді дегенді көлденең тартатыны. Мен оған да бүкпесіз тікелей жауап бердім. Айтқан сөздеріңізді орындата алмасаңыздар өздерің кінәлісіздер, мен ешкімнен қызмет сұраған жоқпын, оған қоса қазақтың ақынымын, біз үлкенді сыйлап өскен елміз», – дедім.

Ертең Орталық Комитеттің Пленумы болады деген күні кешкілік мені Өзбекстанның бірінші хатшысы И. Б. Усмон­ходжаев өзінің резденциясында кешкі дәмге шақыр­ды. Иномжан Бұзырықұлы мінезі жұмсақ, иманжүзді, жылы шырайлы, мол денелі, байыпты, салмақты кісі. Сөз төркінін әріден бастап: «Кәкімбек Салықович, мен сізді көрмей тұрып, сыртыңыздан қанық болдым да, Қарақал­пақстанға сұрап алдым, әлі де көп жылдар қызметтес болармыз. Мен сіздің еліңізге оралып, үлкен қызметтер атқаруыңызға шын тілеулес адаммын, бір жанашырлық ақылымды қабыл алыңыз», – деді. Одан әрі сөзбұйдаға көп бармай: «Сізге ертең  Д. А. Қонаевты Орталық Комитеттің мүшеліген шығарарда сөйлеңіз деген көрінеді, сіз үзідлі-кесілді бас тартыптсыз, осы жөн болар ма екен, өзбек те, қазақ та «қайтып кірер есігіңді қатты жаппа» демеуші ме еді, болашағыңызды ойласаңыз, сөйлегеніңіз жөн болар. Ренжитін себептеріңіз де бар көрінеді», – деді.

Мен жарыссөзге шықпайтынымды тағы да дәлелдей бастадым. Ең басты уәжім Д. А. Қонаевқа ешбір реніштің жоқтығы, екіншіден, қазақта «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын», «дауға қсиа да жауға қимайтын» ата-бабамның дәстүрін айттым, үшіншіден мен ақынмын, сондықтан да ешбір «айдап салуға» бармаймын, ақындық, азаматтық арыма нұсқан келеді,  Қарақалпақстаннан еліме жаяу қайтсам да ертеңгі дауға қатыспаймын», – дедім. Бастығымның түсі өзгеріп кетті, ыстық шайдан бір ұрттап, «кешіріңіз, қойдым», – деді. Сағат түнгі онның кезі еді, кенет оның бөлмесіндегі телефон шыр етті. Мен темекі тартқан болып, келесі бөлмеге шығып кеттім. Алыстан естігенім: «Мен сөйлестім, көнбеді. Шынында да ол елінде белгілі ақын, өзбекше шыққан жинағын да оқығанмын, ақынды көндіру қолымнан келмеді, мұндайға қызмет жүрмейді», – деп жатты. Кейіннен сол сөзімде берік тұрдым да, Пленумда сөйлеуден бас тарттым. Бұл мінезім басшы­ларға ұнамаған да шығар,бірақ, Димекеңді жамандауға еш арым бармады.

Елден келген жігіттер бірінен-бірі асырып, соққылап жатты, ыңғайсыз бір жағдай, өзгені қойшы, кеше ғана Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Меңдібаев мырза жамандап жатқанда қатты ұялдым.  «Құдай-ау, сені жек көрсе сол қызметке қояр ма еді» деген ой-сезім көкейіме қыстығып тұрды. Үзілісте Димекең қасыма келіп: «Қарағым, әлгілердің сөздерін қойшы, мен сын-өкпені сізден күтіп едім, талай рет елге алдыртамын деп, реті келмеп еді, ренжіп жүр ме деп ойладым», – деп көңілі босағандай болды. «Димеке, ол не дегеніңіз, сіздің маған деген жақсылығыңыз аз болған жоқ. Орталық Комитетке Қазақстаннан келіп, инспектор болға­ным да бір басқа жетер қамқорлық қой. Сізге ешқандай өкпем жоқ», – дедім. Қасымызда тұрған В. П. Демиденкоға (ол кезде Қостанайдың бірінші хатшысы): «Вася, сен неге мені қорғамадың, Кәкімбек Салықовичтің сөйлемегені – қорғағаны», – деді. Демиденко: «Димаш Ахметович, сіз білесіз ғой, бәрі белгілі сценариймен жүріп жатқан науқан емес пе, менің сөзім не беретін еді, ренжімеңіз», – деді.

Димекеңнің жетістігін ел біледі, оны тізбектеп жатпай­мын, газеттерге де, өзінің орысша, қазақша кітаптарында да жазылды ғой. Ал кемістігі ол бүкіл Советтік тотали­тарлық жүйенің кемістігі еді. Одан қалды қасындағы кей жандайшаптар  мен жағымпаздардың ықпалы. Батыр адам аңғал келеді, кемеңгер кісі сенімпаздыққа бой алдырады. Бүкіл жүйенің кемшілігін бір кісінің басына үйіп-төгуден аулақпын.

Бірде атақты жазушы Ілияс Есенберлин Мәскеуге кел­генде бір әңгіме айтып еді. Димекеңнің қабылдауын күтіп отырғанда ол кісінің алдында бір үлкен идеолог шығыпты. Ол кеткен соң Ілекең кірсе, Димекең толқып отыр екен, орамалын алып, көзін де сүртіпті. «О, Димеке, неге сонша толқып отырсыз?» – дегенде: «Әлгі идеолог келіп, Мәскеу­дегі  бір ініміз туралы біраз сөздер айтып кетті және «Прав­да» газетіне шыққан өлеңді берді, сөйтті  де осындай сағыншақ өлең жазғыштарды ЦК-да неге ұстаймыз демесі бар ма, сол өлеңді оқып, толқып отырмын. Мені Пельшенің орнына Леонид Ильич қызметке шақырып еді, есейген шақта елден неге кетейін, дұрыс істеппін, мына ініміздің өлеңі маған үлкен ой салды»,– депті. Міне, осының өзі қандай ақынжындылық, мейірбандылық десеңізші.

Ілекең мен Димекең достар болатын, ал Димекең Олжасты да жақсы көрді. Өлеңімді оқып, толқығаны да менің поэзияма берген батасы ғой. Сөзінің соңында: «Әу, «Правдаға» қазақ ақынының өлеңі басылды деп мақтану керек қой, қуану керек қой, өй, алла-ай-ә?» – депті. Ілекең байсалды, байыпты сөйлеп, күліп қана отырып, осы әңгімені маған әдемі жеткізді. Ақындығымды сыйлағаны үшін де Димекеңді жақсы көре түстім. Ағаларымыздың кемшілігін тергіштеу кісілік емес, осындай тамаша қасиеттерін кейінгі ұрпаққа жеткізу парыз ғой, сондықтан да әдейі тоқталып отырмын.

– Орыстың кейбір тарихшы, журналист-жазушылары Кремль төңірегіндегі  лауазымды басшыларға қатысты әр қилы оқиғалар мен фактілерді жазып жатады. Жазылмай, айтылмай жүрген сондай оқиғалар есіңізге түспей ме?

– Өзім көрген Кремль төңірегіндегі лауазымды басшылардың ішінен Одақтық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болған Семен Кузьмич Цвигунмен бірер уақыт қызметтес болдым. Ол кісі қарапайым, кішіпейіл, ақынжанды азамат болатын. Өзі жақсы жазушы еді. Қаламгер інім Тоқтасын Беркімбаевтың ол кісімен танысуына да себепкер болып едім, ақыры, Тоқтасын С. К. Цвигунның біраз еңбектерін қазақшаға ауда­­рып, кітап етіп шығарды. «Құпия майдан» деген кітабын өз қолтаңбасымен автордың өзі маған сыйға тарт­қан болатын, ол кітап әлі үйде сақтаулы. Менің ойымша осы кісінің кенеттен өмірден кетуінде үлкен бір сыр бар сияқты.

Кеңес үкіметі әлемдегі идеологиялық екі майданның бірінің кезінде «мызғымас»  қорғаны болса, сол үлкен елдің үнемі соғыс қару-жарағын күшейту әрекеті де сол ел тұрмысына кері әсерін тигізетіні анық. Үнемі болашақ соғысқа дайындық қалай қатаң жүріп жатса, атомдық соғыстан қорғану әрекеттері де сондай күшті болды. «Гражданская оборона» деп аталатын үлкен қорғаныстық жүйе болды. Оған қаншама қаржы шығындалып, ақыры босқа кетті.

Сол дайындықтың бір түрі «Бейбіт жағдайдан соғыс жағдайына өтпелі дайындық» деген үлкен құпия іс жүріп жатты. Біз осы істің басы-қасында жүріп, үлкен империя­ның талай қалаларында, әскери орындарында болып, партияның бағдарламасын дайындадық. Аудандық, облыстық, республикалық партия ұйымдарында бұл жұ­мысқа басқару ісінің көлемді жоспарын жасап, партияның басшы қызметкерлерін оқыту бағдарламаларын, нақтылы құжаттарын әзірледік.  Ең аяғы Орталық Комитеттің өз басшылары арасында да сабақтар жүргізілді. Осы істің аяқталу кезеңінде Саяси Бюрода мәселе талқыланбақшы болды. Ол бойынша негізгі баяндаманы С. К. Цвигун жасап, мен толықтырушы ретінде белгілендім. Күні-түні жұмыс істеп, бәрін бітіріп, ертең таңертеңгі сағат он бірде «үлкен төрде» кездесетін болғанбыз. С. К. Цвигун батыр тұлға­лы, ірі денелі, қызыл шырайлы келісті кісі еді. Денсаулығында да ешқандай кінәрат жоқ сияқты-тын. Дәл сол күні кеште ол кенет дүниеден өтті. Осы жұмбақ өлім еш есімнен кетпейді, оған кезінде ешқандай анықтама берілген жоқ. Жазар кісі болса соған аз ғана көмегім тиер ме еді.

Кремль төңірегіндегі өзім көрген ақылды да айбарлы, білікте де жүректі, адуынды да бір лауазымды кісі бар, ол – Егор Кузьмич Лигачев.Осы кісінің сол кездегі, одан бұрынғы да өмірінде өзекті мәселелер көп-ақ. Өзінің жазған бірді-екілі кітапшаларын оқыдым, бұл еңбектерінде Е. К. Лигачев көптеген фактілерді келтіреді. Жұрт, әсіресе, әсіреқызылшыл журналистер оған «араққа қарсы күрестің қолбасшысы» деп айдар тақты. Ал шын мәнісінде ішімдікке қары күрес жалғыз оның ұсынысынан туған шаруа емес еді, Саяси Бюроны өткізіп, негізгі қаулыға қол қойған Бас хатшы М. С. Горбачев болатын. Өкініштісі, сол Горбачев өзінің екінші хатшы дәрежесіндегі досын қорғап, «бұл іске бәріміз де ортақпыз» дей алмады. Қайта ол кісінің беделін түсіріп, досқа күлкі, дұшпанға таба етті.

Менде кейде осы бір адал адамның адалдығы ашылмай қалды деген ой туады. Кезінде Олжастың көптеген кітаптарын менен алып оқып, пікірлескенде менің оған: «О. Сүлейменов ешқандай ұлтшыл емес, ол сирек талантты, тамаша ақын, қорғай көріңіз» дегенім бар. Кейін каби­нетінде бір шаруамен жолыққанда: «Какимбек Салыкович, вы правы, Олжас Сулейменов великий поэт» , – деген пікір білдірді. Сол арада мен ол кісіден: «О. Сүлейменов жайлы әңгіме біткен жоқ па? Неге қайта кірістіңіз?» – деп сұрағанымда: «Дұрыстап жазаланбады дейтіндер бас көтеріп жүр. Оның бәрін тоқтатамыз», – деді. Мен оның мұндай адалдығына қуанып қалдым. Тектілігі де, тентектігі де бар адам, кейде алған беттен қайтпайтын қайсарлығы да болатын. Оның әйгілі  «Ты, Борис, не прав!» деген сөзін кейбіреулер күлкіге айналдырып жүрді ғой.  Өз басым, көрген істі айтсам, Қарақалпақстанға келіп, Арал төңірегін ерінбей, жалықпай, мұқият аралап, ақыры Саяси Бюроның Аралды қорғауға арналған қаулысын шығарып бергені  үшін Е. К. Лигачевке алғыс айтар едім. Жабулы қазанның бетін ашып, сол кезде көрсеткен көмегі зор болды. Саяси Бюро­ның бұл қаулысынан кейін Қарақалпақстанда арнайы «Аралводстрой» тресі ашылды. Үкімет те оң көзімен қарай бастады. Мұндай жақсылықты ұмытпау керек. Ал, Лигачевтің басқа мәселелерінде шаруам жоқ. Қазір де мемлекет қайраткерлерінің ішінен Аралды қорғауға бел шешіп, білек түріп кірісетін сондай бір кісі табылса құба-құп болар еді.

Мәскеуде ұзақ тұрып, ескерілмей жүрген айтулы отандастарымыз да баршылық, оның бірі – Нұртас Оңдасынов ағамыз.

— Осыны істей алмадым-ау, деп өкінген жеріңіз болды ма? Қандай нәрсеге қуанасыз?

— Атам қазақ: «Өткен іске өкінбе» деген. Бұл филосо­фиялық пайым-түсінік. Өткенге өкінгеннен пайда жоқ. Бірақ өткеннен сабақ алу парыз. Кеш те болса бізге жаратқан ие бізге бостандық, тәуелсіздік берді. Мен соған қуанамын. Ертеңге үмітпен қарайтын елім, қойнауы қазынаға толы жерім, көреген көшбасшым бар. Сондықтан келшектен үмітім зор.Біз әлі-ақ, әлемдік өркениет  көшіне еріп, теңесіп кетеміз.

Әңгімелескен Әшірбек Амангелді

1999 жыл, қаңтар.

"Алматы ақшамы" газеті